Соңғы жылдары еліміздің нарығындағы бірнеше банктің жұмысы тоқтатылды. Жалпы, банктер 2 жолмен жабылатынын айта кетейік. Біріншісі, қаржы институтының акционерлері осындай шешім шығара алады. Әрине, бұл үшін алдымен тиісті органдардың рұқсатын алуға тиіс. Екінші жағдайда Ұлттық банк сот шешімімен оларды лицензиясынан айыра алады. Қазақстандағы банктер көп жағдайда осы екінші жолмен жабылуда.
Бұған дейінгі бірнеше мысалды тілге тиек етейік. 2016 жылдың соңында Ұлттық банк «Қазинвестбанкті» лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды. Арада бір жыл өтпей жатып қараша айында сот шешімі бойынша Delta Bank-тің жұмысы тоқтатылды. Бұл екі банктің салымшыларына өтемақы төлеу жұмыстары Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ) жүктелді. Биыл жазда ҚДКБҚ баспасөз қызметі «Қазинвестбанк» салымшыларына өтемақы беру аяқталғанын хабарлаған-ды. Ал Delta Bank салымшыларының ағымдағы есепшоттағы және төлем карточкаларындағы салымдарын қайтарып алу қазір жалғасып жатыр. Теңгемен салым жасағандар – 10 миллион теңгеге дейін, ал шетелдік валютамен салым жасағандар – 5 миллион теңгеге дейінгі қаржысына қол жеткізуде.
Биыл мамыр айында Ұлттық банктің қаулысымен тағы бір банктің лицензиясы тоқтатылды, Астана банкінің депозит қабылдауына және банктен есепшот ашуына тыйым салынды. Миллиондаған қаражатын қайтара алмаған салымшылардың дау-дамайы содан бері толастаған емес.
Тамыз айының соңында Qazaq Banki мен Эксимбанк бағалы қағаздар нарығында қандай да бір операция жүргізуіне мүмкіндік беретін лицензиядан айырылды. Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл екі қаржы ұйымының ірі акционерлері қосымша капиталдандыру туралы талаптарды орындамағандықтан және нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде бұзғандықтан сотқа жүгінуге тура келген.
Ұлттық банктің хабарлауынша, отандық банк секторындағы Qazaq Banki мен Эксимбанктің жалпы активтер мен міндеттемелерінің көлемі 0,8 және 0,2 процентті құрайды екен. Яғни басқа қаржы ұйымдары үшін бұл екеуінің лицензиядан айырылғаны қандай да бір қауіп төндірмеуге тиіс. Екеуі де міндетті кепілдендірілген депозиттер жүйесінің мүшесі болғандықтан, салымшылардың кепілді сомалары қайтарылуға тиіс.
Белгілі экономист Жанкелді Шымшықовтың пайымдауынша, бірқатар шағын банктердің жабылып жатқаны – нарықтық экономиканың заңдылықтарына сәйкес жүріп жатқан қалыпты табиғи процесс. Банк экономиканы қаржымен қанағаттандыруға қабілетті болуға тиіс. Кәсіпорындар барлық қаражатын банкте ұстайтыны белгілі, банк оны қаражатқа зәру екінші бір кәсіпорынға ұсынуы керек.
– Банктердің отандық өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын қаржыландыру деңгейі өте төмен. Қаржы ұйымдары көп жағдайда шынайы экономиканы дамытуға әрекет жасамайды, түрлі делдалдық жұмыстармен пайда табуға тырысады. Мысалы, коммуналдық төлемдер, басқа да төлем түрлерінен, тұтынушы несиелерден ғана табыс түсіруді жөн көреді. Активін ұлғайтуды көздеген банктер төлем қабілеті төмен адамдарға біле тұра қаражат береді. Қалай болғанда да активін ұлғайта беруді көздеген банктердің ешқандай кепілдіксіз, төмен талаппен несие ұсынған жарнамаларын күнде көріп жүрміз. Біздегі жабылып қалған банктердің біразы осындай жолмен активтерін көбейтіп, тамаша жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырған-ды. Алайда проблемалық несиелері көбейген сайын олардың біразының жағдайы нашарлай берді. Айналып келгенде, несие алушыларының 30 процентіне дейін төлем қабілетінен айырылып, бірталай қаржы ұйымының жағдайы мүшкіл болуға айналды. Qazaq Banki мен Эксимбанктің жағдайын осылай түсіндіруге болады, – дейді Ж.Шымшықов.
Экономика ғылымдарының кандидаты айтқандай, мұндай банктер ауылшаруашылық секторына да, өнеркәсіпке де жарытып қаражат салған емес. Негізінен тұрғындардың тұтынушылық сұранысын өтеуді ғана мақсат тұтты. Яғни халықтың төлем қабілеті төмендеген кезде олардың басына қара бұлт үйірілгеніне таңғалатын түк те жоқ.
Жанкелді Шымшықов шынайы экономикаға жұмыс істейтін банктердің басына қара бұлт үйірілсе, онда қобалжуға болатындығын айтады. Ал тұтынушылық несиеге ғана сенетін, түрлі төлемдерден ғана табыс алуды көздейтін банктер біртіндеп азаюға тиіс. Банктердің арасындағы бәсекелестік кезінде өміршең ірі жобалармен тиімді айналысқан ұйымдар ғана жеңіске жетеді, қалғандарының жұмысы ерте ме, кеш пе тоқтайтыны түсінікті. «Бұған дейін еліміздегі ең ірі деген банктерді дағдарыс кезінде сауықтыру үшін Үкімет тарапынан қаражат аударылғанын білесіздер. Соның салдарынан банктер «Үкімет далада тастамайды» деп санайтын болды. Қаржы секторы құлдыраса, тұтас елдің қаржылық жүйесіне нұқсан келеді. Ал экономика қаржы секторымен тығыз байланыста дамиды. Әлеуметтік ахуалдың ушықпауын ойлаған мемлекет банктерге әрдайым көмектесетіні осыған байланысты. Әсіресе Қазақстандағы ең ірі төрт банктің жағдайын мемлекет тікелей бақылайды. Ал Qazaq Banki, Эксимбанк сияқтыларына мемлекет көмектесе бермейді. Ондай қаржы ұйымдарының жабылу процесі алда әлі де жалғасады деп ойлаймын. Жалпы, 18 миллион халқы бар ел үшін 30 банк тым көп. Шынайы экономикаға жұмыс істейтін 10 банк сұранысты толық қанағаттандырады деп ойлаймын. Әлсіз қаржы ұйымдары жабылып, экономика үшін тиімді жұмыс істейтін банктер қалып, айналып келгенде біртіндеп банк секторы ұтымды деңгейге келеді деп санаймын, – дейді қаржыгер.
Биыл жаз айында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев банктердің тым көбейіп кетуіне жол беруге болмайтынын айтқаны белгілі. Кейбір банктердің акционерлері әлеуетсіз клиенттерге біле тұра несие беретінін айтқан Президент «Банктер дегеніміз – қаржы, қаржы – экономика, ал экономика – халықтың әл-ауқаты» екенін айта келіп, банк секторында жауапсыздыққа жол беруге болмайтынын ескерткен.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»