Ет пен сүйектен жаралған соң сырқаттанбай тұрмайтының белгілі. Мұндайда емхана жақын болса бағыңның жанғаны, керісінше қақпаңнан қашықтау болса әлсіреген ағзаңды әуреге салуың әбден мүмкін. Шыбын жанын шырқыратқан сырқаттың есіне ең бірінші жедел жәрдем түсіп, телефоннан «103» нөмірін тереді...
Қазіргі уақытта Қазақстанның медициналық әлеуеті әжептәуір дамып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде жедел жәрдем қызметі жеделдей түскенін аңғару қиын емес. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жуырда Үкімет отырысында жедел жәрдем қызметін реформалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Ең алдымен емханаларға шұғыл емес қоңырауларды беру жүргізілді, кезең-кезеңімен қызметкерлерді халықаралық стандарттар бойынша оқыту іске асырылуда. Еліміздің 9 өңірінде бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылды. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жедел жәрдем көлігінің жол жүруінің орташа уақыты 7 минутқа қысқарды, сәтті реанимация көрсеткіші 14%-ке өсті», деді Е.Біртанов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жедел медициналық жәрдем қызметі 2018 жылғы 4 ай ішінде 2,5 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Бұл 2017 жылғы шақырту санының салыстырмалы кезеңінен 5 процентке артық. Халықтың жедел медициналық көмекке жасаған өтінімдерінің негізгі себептері тыныс алу органдарының аурулары – 24%, жүрек-қан тамырлары аурулары – 21%, неврологиялық аурулар – 7%, улану мен жарақаттар, оның ішінде ЖКО-да – 6%, инфекциялық аурулар – 5%, акушерлік және гинекологиялық аурулар – 5%, асқазан-ішек жолдарының аурулары – 4%, құрсақ қуысының жіті хирургиялық аурулары – 4%, зәр шығару жолдарының аурулары – 3% және 19%-і басқа да аурулар болды.
Ал 2018 жылғы бірінші тоқсандағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республикада өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кешігіп қызмет көрсетілген шақырулар саны 0,7 процентке азайған. Жедел жәрдем қызметінің кешігуіне әсер ететін факторларды айта кетейік. Бұл санитариялық автокөліктердің тозуының үлкен проценті, жолдардағы мәселелер, пациенттердің мекен жайын қате беру сияқты көлденең кедергілер. Осындай олқылықтардың орнын толтырып, жедел жәрдем жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында 5, 7 қыркүйек аралығында елордада Қазақстанның барлық өңірінің және Литва командаларының қатысуымен жедел медициналық жәрдем бригадаларының III республикалық жарысы ұйымдастырылған болатын. Жарыстың жеңімпаздарын құттықтаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, жедел медициналық жәрдем бригадаларының жарысын өткізу төтенше жағдайлар туындаған кезде алғашқы көмек көрсетудің дағдыларын оқытуға, Қазақстанда симуляциялық білім беру саласында, медицинадағы шұғыл жағдайлар кезінде ең үздік тәжірибені енгізуге, жедел медициналық жәрдем қызметін ұйымдастыруға, командада тиімді жұмыс істеуді үйренуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
«Дәрігер, соның ішінде жедел жәрдем дәрігері қоғамдағы ең қажетті мамандық. Бұл өте күрделі, жанқиярлықты кейде адам өмірін құтқаруда шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Медицина қызметкерлерінің тәжірибесі, оларға тән адам өмірі мен денсаулығына деген жоғары жауапкершілігі реформалардың сәтті жүзеге асырылуының және қоғамның тұрақты дамуының кепілі», деді министр. Ал Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Уәлихан Ахметов алғашқы жедел медициналық жәрдем бригадаларының жарысы 2016 жылдың маусым айында Алматы қаласында ұйымдастырылғанын, мұндай жарыстар медициналық мамандарды кәсіби даярлаудағы кемшіліктерді анықтау жолы арқылы үйлесімді жұмыс істеуге, ұжымдық рух және қатысушыларға ұмытылмас тәжірибе беретіндігін, сондай-ақ тәжірибе алмасуға қажеттігін тілге тиек етті. Сайыс қорытындысы бойынша еліміздің ең үздік жедел медициналық жәрдем бригадасы Ақмола облысының командасы болды. Екінші орынды Жамбыл облысының командасы иеленсе, Астана қаласының командасы үшінші орынға жайғасты.
Жедел жәрдем қызметіндегі жаңашыл бастамалар, әлемдік дәрежедегі әртүрлі тәжірибелерді қолдану тың серпілістерге жеткізуде. Мамыр айының басынан бастап көліктердің түсі мен жолда жүру тәртібіне өзгерістер енгізілгені есімізде. Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының» бас дәрігері Тимур Мұратұлы қазіргі уақытта қалалық стансадағы 86 көліктің 21-і сары түске боялғанын, қалғандары жылдың соңына дейін жаңа стандарттарға сәйкестендірілетінін атап өтті.
«Тұрғындар көліктің түсі неге сары деп түсініспеушілік танытулары мүмкін. Біздің мақсат – науқастанған адамның мекен жайына жедел жету және оған медициналық көмек көрсету. Ал осы сары түс көліктің анық көрінуіне, тез танылуына септігін тигізеді. Оның медициналық көлік екенін байқаған көлік жүргізушілері кептелекке тұрғызбай, бірден жол береді. Жедел-жәрдем көліктерін осындай стандарттарға енгізу үшін Денсаулық сақтау министрлігі көп уақыт бойы дамыған шетелдердің тәжірибесін зерттеген болатын. Айта кететін тағы бір жайт, енді жедел жәрдем көліктеріне дабыл белгісін қосып жүру міндеттелді. Әлеуметтік желілерде осы жағдай біраз талқыланып, тұрғындар ішінен дабылдың дауысын ұнатпағандары да кездесті. Жедел жәрдем көлігінің дауысын қосып жүру шақырған жерге жедел әрі жылдам жетуімізге көп көмегін тигізгенін айта кетуіміз керек. Біздің «Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасына» күніне 2 жарым мыңдай қоңырау келіп түседі. Осындай жаңа стандарттарды енгізу медицина саласының қызметін жақсартып, тұрғындардың наразылығын азайтып, дертке шалдыққан науқастарға дер кезінде қолұшын беруге көмектеседі», деді ол.
Бас дәрігердің баяндауынша, ақ түсті жедел жәрдем көліктері қолданыстан алынбайды.
«Себебі жедел жәрдем жұмысы екі шақырту негізінде қызмет атқарады. Бұл – шұғыл немесе шұғыл емес. Осы шұғыл емес шақыртуларға біздің ақ түсті көліктеріміз аттанатын болады», дейді Тимур Мұратұлы.
Аталған мекеменің көлік жүргізушісі, 11 жылдық еңбек өтілі бар Сәлімжан Мұқанов та сары түске боялған жедел жәрдем көліктері діттеген жеріне жедел жетуіне үлкен септігін тигізіп отырғанын айтады.
«Ел халқының саны көп, сапасы мықты болуы үшін ең бірінші денсаулық сақтау саласына мән берген абзал. Осы ретте атқарылып жатқан шаруаларға көз жұма қарауға болмас. Соның бірі жедел жәрдем көліктерінің ақ түстен сары түске ауыстырылып жатқаны. Бұл біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетті деуге болады. Себебі көлігімізді алыстан қарағанда бірден жедел жәрдем машинасы екенін аңғаруға болады. Соны байқаған тұрғындар, көлік тізгіндеген жүргізушілер бірден жол беріп, шұғыл шақыртуларға жедел жетіп, бір адамның болса да өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді», дейді ол.
Ал «Kazmediaconsult» директоры Кевин Фрик көптеген адамның автомобильді ақ түстен сары түске айналдыру мақсатсыз ақша жұмсау деп ойлайтынын айтады.
«Бірақ қазір халық түрлі қиындықтарға кезіккенде, бұл машинаны оңай танып, оған жол береді. Бұл жаңашылдықты Денсаулық сақтау министрлігі Америка мен Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып жасады», дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, жедел жәрдем бригадаларының жұмысына АҚШ 1960 жылдары, Канада 1980 жылдары, Аустралия 1990 жылдары және Еуропалық Одақ елдері 2000 жылдары реформа жасаған.
«Біз де бұл тәжірибені пайдаланғымыз келеді. Реформадағы тек бірнеше құрамдас бөлікті байқап көруге болады. Ең маңыздысы – ақпараттық қоғам. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін екі ірі модель – ағылшын-америкалық және еуропалық үлгілер қолданылады. Бүгінгі таңда көбінесе, ағылшын-америкалық модельдің үрдісі пайдаланылуда. Бұл науқасты ауруханаға «алтын сағатта» жеткізу деген сөз. Қазақстанның «алғашқы көмек» қызметі денсаулық сақтаудың барлық жүйесінің ішіндегі ең маңыздысы, әрі ең күрделісі болып отыр», дейді К.Фрик.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»