Көшпенділер ойындарының мәдени іс-шаралары өтіп жатқан Қыршын жайлауындағы этноқалашықтың «Ыстықкөл облысының ордасында» қырғыздың ұлттық киімдерін киіп, шаштарын салалап өріп алған оқушы қыздарды суретке түсіргелі жандарына барғанымда, менің қазақ газетінен екенімді білген соң, олар жарысып: «Бәйке (аға дегендері), біз домбыра тартқанды білеміз!», деп жаныма үйіріле қалысты.
Өзін Жазгүл Бұлалова деп таныстырған қарындас: «Біз, осы Ыстықкөл облысы Ақсу ауданының Керегеташ ауылындағы Жумағұл Алышпаев атындағы орта мектептің оқушыларымыз. Мектебіміздің 120 өнерпазынан құралған қомызшылар ансамблі бар. Олардың отызы домбыра тартуды үйренген», деп мақтана сөйледі. Содан әңгімеге Аделина Шаршембаева деген оқушы араласып: «Біз «Адай», «Балбырауын» және «Келіншек» күйлерін шертеміз, «Еркем-ай» және басқа әндерді домбыраға қосылып айтамыз. Бізге домбыра тартуды музыкадан сабақ беретін Айганыш Мамыралиева апайымыз үйретті», деді ол жымиып.
Бауырлас халықтың балауса таланттарының ізгі ниетіне біз де ілтипатымызды білдірдік.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
Қырғыз Республикасы,
Шолпан-Ата қаласы