Аламанға ат қосқан ат төбеліндей малсақ қауымның көңілі күпті еді. Үкілеген жүйріктерінің қарым-қауметінің қаншалықты екендігін білгендіктен бе, дәмелісі аз да, дүрмекке дырду қосқандары басым.
Жанары отты, ауыздығын шайнап, жер танабын қуырғалы тұрған шын тұлпардың қарасы саусақпен санарлық. Есесіне, қарындары қампайып, шеңбірек атқан можантопайлары мол. Алғашқы айналым басталғанда-ақ сауыры, омырауы ақ көбікке малынған, тапырақтаған жеті-сегізі жарыс жолынан шығып қалды. Екінші айналымда да барлыққандарының қарамы едәуір. Соңғы үшінші айналымда ерен жүйріктер ғана шоқтай екшеліп қалды. Шабыстан гөрі тепеңдеген жортаққа таяу, қара желістің аз-ақ алдындағы екпінмен тоңқаңдаған талай жылқы көрерменге күлкі болды. Негізінде, күлкі болған қайран да қайран қасиетті жылқы емес, жаратусыз, бапсыз, қолтығы сөгіліп шаба алмайтын тұқымы азған тұғырды бәйгеге қосқан ат иелері еді.
Иә, шынында ат жарату өзгеше өнер. Ілкі заманда жалпақ жонның қабырғасын қайыстырған үйір-үйір жылқының ішінен болашақ жүйрік шығар тұлпарды құлын кезінен-ақ қапысыз танып, баптаған. Әрине кез келген құлыннан жүйрік шықпайтындығы белгілі. Әуелі тұқымына қарап бағаласа керек. Содан соң тұқымы тәуір құлынды мәпелеп күткен. Үйірге көп қоспаған, себебі жылқы үйездеп тұрған кезде ірілері ұсағын теуіп мертіктіруі де мүмкін. Тай күнінде бәйгеге қосып сынаған. Құнан шыққанда қолтығын жаздырып, құнан бәйгеге қосқан. Жылқы жайын жақсы білетін кәнігі атбегілер мұны жер таныту деп атаса керек. Дөненін де піштіріп, жайлауға бос қоя берген. Бесті шыққанда қолға ұстап, қара жарыстарға қосқан. Бұл талапты бұрынғылар шаң көрсету деп атаған.
Ат жалын тартып мінгелі жылқы баққан, жылқы жайын жақсы білетін Жетпіс Бектеміров ақсақал былай дейді:
– Көнекөз қариялардан естуімізге қарағанда, әрі өзіміздің азды-көпті тәжірибемізге сүйеніп айтатын болсақ, жүйрік баптау жыл бойы жалғасып отыратын, орта жолда үзіп тастауға болмайтын өнер. Кешегі кеңес заманында ел назары техникаға ауып кетті де, жылқыға ешкім көңіл бөлген жоқ. Содан соң сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ата дәстүрі ұмыт болды. Шынымен жүйрігіңді жыл он екі ай бойы көзіңнен таса қылуға болмайды. Бір рет бабын бұзып алсаң, қайтадан бабына келтіру қиынның қиыны.
Асылында тері алынған ат пен тері алынбаған аттың екеуі екі түрлі болмақ. Тері алынған жүйріктің денесі құрғақ, көңілді, таза тұрады. Тіпті жылқы жайын жақсы білетін жамағат қылқұйрықтының «мен бәйгеге дайынмын» деген ишарасын ұққандай болады. Демалысы қалыпты, тынысы да кең. Ал, жаратылмаған ат құдды ұйқысы қанбаған адамдай маужырап, әлдене жетпей тұрады.
Атты күшіне қарап суыту керек. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, алыс қашықтыққа, жақынға шабатын ат бар. Бәйге жолының қашықтығына орай ат бапталмақ. Ал баптау әдісі әртүрлі. Егер тілін түсініп баптай алмасаң, жүйріктің бағы таяды. Бәйгеге қосатын атты дұрыс жемдеген ләзім. Бидай ауыр, арпа да жеңіл емес. Ең дұрысы, сұлы. Шөптің ішінде жоңышқа. Атбегілердің бұрынғы тәжірибесін сүзсек, жоңышқа мен сұлы жылқыға таптырмайтын тамақ. Жемнің қысқы мөлшері мен жазғы мөлшері бірдей емес. Қақаған қыста бес кило жем берсең, жаздың қара қарғаның миы қайнайтын ыстығында үш кило молынан жетіп жатыр. Одан асып кетсе, ат ауырлайды. Қазір жасыратыны жоқ, бәйге атын бидаймен жемдеп қосатындар да бар. Бұл жүйрікті құрту. Бидаймен жемдеген соң аяғына жем түсіп, түкке жарамай қалады.
Ат жайын білемін дейтіндердің айтуынша, жыл сайын бәйгеге қосылып дағдыланған есті жануар жаз шығысымен өзін-өзі жаратады екен. Көкті талдап жеп, суды талғап ішеді. Үйірдегі жараған жүйріктің бір белгісі маңдайын күнге қаратып, күнді бағумен болатындығы. Жітікөз жараған жүйріктің таңсәріде шығысқа, тал түсте оңтүстікке, күн ұясына батарда батысқа қарап маңдайын күнге сүйгізіп тұратынын аңғарар еді. Ат баптаудың тағы бір құпиясы жылқының мінезіне байланысты. Сабырлы аттарды бабына келтіру қиын. Есесіне мінезі жеңіл жылқылардың терін алу да, бабын табу да оңайырақ. Ат баптау, жүйрік жарату – жас сәбиді баққандай ересен ептілікті, айрықша нәзіктікті талап ететін бейнеті бесбатпан жұмыс. Сол бейнетке төзу үшін атжанды, былайша айтқанда, темірдей төзімді болуың керек.
Қазіргі күні жылқының ең жақсысы ағылшын тұқымдас жылқылар деген пікір қалыптасқан. Ағылшын жылқысының жақсы екендігін ешкім де жоққа шығармайды. Расында да, мықты жылқы. Түрікпеннің ақалтекесі де жақын қашықтыққа атқан оқтай зулайды. Ал қазақ жылқысының мінезі, бабы оларға қарағанда мүлде бөлек. Олай болатындығы, қазақ жылқысы үнемі табиғат аясында, кең далада жүргендіктен.
Аламанда ат бағының жануы шабандозға да байланысты. Бәйге жолында жүйріктің күшін үнемдеп, тілдесе білу өзгеше өнер. Құстай ұшып бара жатқан жүйріктің шабысын реттеу тек тәжірибемен ғана қалыптасатын машық. Кейбір балалар ат үстінде еркін отыра алмайды, қорқады. Аттың шабысына шыдамайды. Ал енді бір шабандоздар астындағы аттың шаршағанына, шалдыққанына қарамай, далақтап шаба береді. Ақыр соңында бәйгеге қосқан атты түкке жаратпай тастайды. Сондықтан көп жай бәйге атына мінген балаға байланысты. Атпен бірге шабандозды да дайындаған ләзім.
– Жүйрік жылқының жаратылысын талай даналар сипаттап жазып кеткен. Сол мұраны екшеп қарасаң, бәріне ортақ бір сипат бар, – дейді Балуан Шолақ атындағы Көкшетау балалар мен жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің әдіскері Оралбек Қайсанов, – жүйріктің басы қу бас, етсіз болу керек. Қамыс құлақ, бота көз, денесінің мейлінше төртпақ болғаны жөн. Құйрық-жалы сұйық келсе тіпті жақсы. Қабырғалы, кеуделі, шоқтығының биік болуы жүйріктің мінсіз сипаты. Ертеректе ат сырын білетіндер осындай тұрқы бар ат қашса жеткізбейді, қуса құтқармайды деп бағалаған. Негізінде жүйрік аттың бақайы өте ұзын болмауы абзал. Бақайы деп ақ сүйегін айтамыз ғой. Ақ сүйегі ұзын аттар аяқтан тез қалады. Ал бақайы шымыр, қысқа жүйріктер шабысқа шыдамды келеді. Ат қарынды, қабырғалы болса, тіпті жақсы. Қазіргі күні кейбіреулер қамау терін аламыз деп моншаға да салып жүр. Біздіңше, ол дұрыс емес. Негізі жүйрік атты бір қалыпты ұстаған жөн. Жілік майын үзбесе әлді болады.
Ілкі заманнан бері қазақ пен жылқы егіз ұғымға айналып кеткен. Осы орайдағы дәстүр сабақтастығы – халықтың асыл мұрасы. Көне ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес қазына түптеп келгенде, ұлт пен ұрпақтың рухани жады десе де боларлық. Ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді танып, әдет-ғұрпымызды ұлықтау біз үшін міндет.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы