Жетісу өңірінде соңғы 3 жылда ірі қара малы 86 мың басқа көбейген. Бұл – «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламаларының тиянақты жүзеге асуының арқасында қол жеткен көрсеткіш. Ірі қараның көбеюі облыс бойынша тауарлы-сүт фермаларының да көптеп ашылуына мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі күні Алматы облысы бойынша 13,8 мың бас сиыр сауылатын 68 тауарлы-сүт фермасы қалыпты жұмыс істеуде. Мал шаруашылығын дамытудағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Әсіресе, тауарлы-сүт фермаларының қатарын көбейту мықтап қолға алынған. «Аграрлық несие корпорациясының» қаржыландыруымен 50-200 бас сауын сиыр ұстауға арналған фермалар ашу жұмысы қызу жүріп жатыр. 2021 жылға дейін облыстағы тауарлы-сүт фермаларының саны 100 бірліктен асып, сауылатын сиырдың басы 23 мыңға жетеді.
Өңірдегі тауарлы-сүт фермаларының табысты жұмысы Талғар, Еңбекшіқазақ, Көксу, Қаратал аудандарында жеміс беріп отыр. Мысалға, Көксу ауданындағы «Каримов» жеке шаруа қожалығы ауданда бірінші болып жаңа технологиямен сүт өндіруді бастапты. Мемлекет –жекешелік әріптестігі негізінде ашылған тауарлы-сүт фермасында 400 бас сауын сиыр бар. Малдың барлығы асыл тұқымды, шетелден әкелінген. Фермадағы жұмыс та толықтай цифрлы жүйеде басқарылады. Сауын сиырлардың жем-шөбін уақтылы беру мен астын тазалап, суаруға дейінгі әрекет арнайы жүйеде бақыланады. Ал сиырды 4 робот сауып, сүтінің құрамын анықтап, тұтынуға жіберуге дайындайды. Қазір сауылып тұрған 309 сиырдан тәулігіне 10 мың тоннаға дейін сүт жиналады екен.
Қаратал ауданындағы «Тастөбе Агрофуд» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасындағы жұмыс та жаңаша ұйымдастырылуымен ерекшеленеді. Фермадағы жұмыстың дені автоматтандырылған, бір жүйеде атқарылады. Сиырлар неміс технологиясымен, бір мезетте арнайы құрылғымен сауылады. Қорадағы 24 сиырдың сүтін төкпей-шашпай сауатын аппарат пен малды күтіп-баптау процесі «Dairy plan» жүйесінде жұмыс істейді. Өндірісті тұтастай автоматтандыру өнімділікке жол ашқан.
Еңбекшіқазақ ауданындағы «Адал» компаниясының сүт зауытында да тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін 2 цех бар. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, қаймақ, айран, сүзбе, сары май сияқты сүт өнімдерінің 56 түрі шығарылады. Төрт бағытта жұмыс істейтін компания тауарлы-сүт фермаларын дамытуға барынша мүдделі.
Ал Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» серіктестігі туралы кеңінен айтуға болады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов басқаратын шаруашылықта ғылым мен еңбек ұштастырыла өрбіп, өндірістің дамуы жаңаша бағытта жолға қойылған. Бір ғана мал басын көбейту мен сүт өндіруге қатысты айтар болсақ, биыл облыс бойынша ірі қара санын арттыру бойынша топ бастады. Бұл шаруашылықта мүйізді ірі қараның қазақстандық «Ақбас» және «Әулиекөл» тұқымы өсірілді. Осы екі тұқымнан төл алуда рекорд жасалды деуге болады. Ал бір сауғанда 70 литрге дейін сүт беретін асыл тұқымды «Ангус» және «Герефорд» сиырлары Канададан әкелінген болатын. Сүт фермасындағы жұмыс толық цифрлы технологияда атқарылады.
Бұл мысалдардың барлығынан аймақтағы сүт өнімдерінің өндірісі артып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жасалған нақты қадамды байқауға болады. Ал өнімнің пайдасы экономикаға қосылған үлес. Бұл жөнінен де жетісулық малсақ ағайын мақтана алады. Мысалға, өңірде былтырғы жылы сүт дайындау мен сүт өнімдерін шығару 103,8 процентке жетіп, 719 мың тонна өнім дайындалған екен. Биылғы тіршілік одан қызу. Демек, ел іші ағарғансыз қалмайтыны анық.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы