Сенатта «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңды іске асыру мәселелері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен кездесу өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Шараны Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова ашты. Сенатор Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтар жәрдемақы алумен қатар, өздерін қоғам мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінуі үшін оларды белсенді өмірге тарту міндетін қойғанын атап өтті.
Б.Әйтімова осы салада шешілуі тиіс негізгі мәселелерді айқындады. Атап айтқанда, мүгедектердің өмір сүруінің төменгі деңгейін, олардың қоғамдық және саяси өмірге қатысуы, білім алуы, әлеуметтік-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасалмағанын атады. Сондай-ақ сенатор инфрақұрылымның қолжетімсіз екеніне назар аударды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту күрделі мәселелердің бірі болып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің қызметі туралы депутаттарға ақпарат берді. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес қазіргі уақытта Қазақстанда 670 мың мүгедек бар, оның ішінде 61,9% – еңбекке қабілетті жаста, 25,4% – зейнеткерлік жастағы адамдар, 12,7% – 18 жасқа дейінгі балалар.
М.Әбілқасымова 2012 жылы қабылданған мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету және олардың өмір сапасын жақсарту бойынша жоспарды іске асыру туралы айтып өтті. Атап айтқанда, осы жоспарды іске асыру үшін қаржыландыру көлемі 2014 жылдан бастап 7,6 есеге артып, 2017 жылы 5,4 млрд теңгені құрады, 2018 жылы 6,0 млрд теңге қарастырылған. Бірақ бейінді саланың мәліметтері бойынша жергілікті бюджет есебінен мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау төменгі деңгейде қалып отыр.
М.Әбілқасымова мүгедектерді жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпарат берді. Сондай-ақ министр әлеуметтік қызмет көрсету жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстардың негізгі бағыттары туралы хабарлады.
«ШАНС» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Василий Шиманский өз баяндамасында әртүрлі деңгейде мүгедектігі бар адамдардың техникалық және кәсіби бағдардағы ортақ бағдарламаларға тиімді қол жеткізу құқықтарын іске асыру мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні мүгедек жандарды жұмыспен қамту және оларды қайта даярлау бойынша қойылған міндеттерді шешу тетігі жоқ, олардың кез келген кәсіби жұмысқа психологиялық бейімделуі мәселелері шешілмеген. В.Шиманскийдің пікірі бойынша, мәселені шешу үшін зағип жандарға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуды, экономикалық дербестікті, сондай-ақ қоғамға толықтай енуді қамтамасыз ететін кәсіби даярлық орталықтарын ашу қажет.
Кездесу нәтижесінде туындаған ұсынымдар Парламент және тиісті мемлекеттік органдардың жұмысында пайдаланылатын болады.