Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов тұрғын үйлердің біріндегі оқыс жағдайда 7 жастағы баланы құтқарып қалған елорда тұрғыны Артем Каревті арнайы марапаттап, 500 мың теңге көлемінде сыйақы табыстады. Үйінде жалғыз қалып, есікті аша алмаған соң 10-шы қабаттағы пәтердің терезесінен шықпақ болған баланы 9-шы қабаттан қағып алған астаналықтың ерлігі бүгінде әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында кеңінен таралып, ол жұртшылықтың құрмет-қошеметіне бөленуде.
Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, оқиға қыркүйектің 24-і күні болған. Сол күні таңертең Астана қаласының №2 арнайы мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің 10-шы қабатынан кішкентай баланың құлағалы тұрғаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер келіп жеткенше, құлап бара жатқан баланы төменгі қабатта тұратын А.Карев атты тұрғын құтқарып қалады. «Біреу сыртқа қарай жетелегендей көрінді. Артынша жұрттың айғайын естідім. Балконға атып шығып, төменге қарасам, қаптаған адам жоғарыға қарап, айғайлап тұр екен. Сол кезде үстіңгі үйдің балконынан салбырап тұрған баланы көрдім. Ол анасын шақырып, «құтқарыңдар» деп айғайлап тұр екен», дейді ол. Әл-дәрмені таусылған бала осы кезде қолын босатып жібереді. Сәтін салғанда, оңтайланып үлгерген А.Карев оны қағып алады. Үлкен ерлік жасаған азаматқа Б.Сұлтанов сый-сияпат тапсырып тұрып, елордалықтардың, барша ел тұрғындарының атынан алғыс білдірді. «Сіздің кешегі ерлігіңізге жұртшылық шексіз риза. Сіз өз өміріңізді қатерге тігіп, баланы құтқарып қалдыңыз. Бұл кімге де болсын үлгі етуге тұрарлық әрекет» деді елорда әкімі. Тиісті органдардың бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмағанына және барша жұртшылықтың қолдауына ризашылығын білдірген А.Карев ақшаға зәру еместігін айтып, жалпы, мұндай қолдау ең дұрысы есік-терезесін қосымша құрылғылармен бекітуге жағдайы жоқтарға жасалса деген тілегін білдірді.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ