Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанда туризмді дамытуға ерекше маңыз беріп, осы бағытта Үкіметке нақты міндеттер жүктегені белгілі. Бұл орайда, Қазақстанның туристік орталық ретіндегі халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру, ұлттық туристік брендті қалыптастыру және басқару, осы салаға инвестиция тарту арқылы отандық туризмді дамыту сынды маңызды миссияны табысты жүзеге асырып келе жатқан ұйым – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ.
Жалпы, «Kazakh Tourism» атқарып отырған жұмыстар сан-салалы. Ыңғайлы туристік инфрақұрылым қалыптастыру, инвестиция тарту, өңірлердің туристік әлеуетін таныту, ірі жобаларды жүзеге асыру, саланы цифрландыру сынды қыруар жұмыстың бәрі түптеп келгенде еліміздің тұтастай туристік әлеуетін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз.
Туризм саласы кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық саласына зор ықпал ететін сала. Оның қаншалықты маңызды екенін мына бір деректерден анық аңғаруға болатындай: Туризмнің дүниежүзілік ІЖӨ-дегі үлесі – 10 %-ті, әлемдік инвестициядағы үлесі – 7 %-ті, дүниежүзілік қызмет түрлері экспортындағы үлесі – 30 %-ті, барлық салық түсімдеріндегі үлесі 5%-ті құрайды. Әлем бойынша әрбір 10 жұмыс орнының біреуі осы салаға тиесілі. Олай болса, Қазақстан да осы ауқымды салада өз әлеуетін арттыруға тиіс.
Жыл өткен сайын осы бағытта атқарылған жұмыстар өз жемісін беруде. 2017 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның туризмге бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық рейтингінде Қазақстан 81-орынды иеленді. Өткен жылы елімізге кірмелік туризм, ішкі туризм және көшпелі туризм бойынша 7,7 млн, 5,5 млн және 10,2 млн адам аяқ басыпты.
Бүгінгі таңда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі аталған сектордың үлесі 1 %-ті құрайды, 427 мың адамды жұмыспен қамтып отырғаны тағы бар. Республика бойынша 2175 туристік оператор мен агенттік жұмыс істейтінін де айта кетейік. Өткен жылы туризм саласында 108 млрд теңге немесе 333 млн теңгенің қызметі көрсетілген.
2017 жыл еліміздің туристік секторы үшін біршама табысты болды десек артық айтпаймыз. Мемлекеттің тапсырмасы аясында «Kazakh Tourism» 14 шара өткізсе, өз бастамасы бойынша тағы 10 ауқымды шараны өткізуге мұрындық болды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдармен арада – 7 меморандумға, жеке ұйымдармен – 9 меморандумға, шетелдік ұйымдармен 10 меморандумға қол қойылды. «Kazakh Tourism» компаниясы мемлекеттің тапсырмасы бойынша 13 маркетингтік және аналитикалық зерттеулер жүргізді.
Компанияның жұмысын насихаттау жағы да назардан тыс қалған жоқ. Бір жыл ішінде интернет-ресурстарда 632 материал, отандық және шетелдік телеарналарда 70 бейнесюжет пен репортаж жарық көрді. Аталған материалдар Қазақстанда 3 млн-нан астам адамды, шет мемлекеттерде 100 млн-нан астам адамды қамтыған.
Компания ұсынған мәліметтер бойынша, эко және этнотуризм қазақстандық туристік өнімдердің негізі болып табылады, ол еліміздің тұмса табиғаты мен төлтума мәдениетін көрсетуге зор мүмкіндік береді. Бұған қоса халықаралық фестивальдардың, іскерлік шаралардың, ойын-сауық шараларының, қызықты турлардың, этностық құрамдастары бар бағдарламалардың да алатын орны ерекше.
2017 жылдың желтоқсан айында «Kazakh Tourism» компаниясы жұртшылыққа таныстырылып, «Қазақстандағы туристік өнім: қалыптастыру мен ілгерілету мәселелері» атты конференция өткен болатын. Оған туристік қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың және бизнестің 200-ден астам өкілі қатысты. Trip Advisor, McKinsey&Company, Kazakhstan Project Preperation Fond компанияларының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері спикер болды. Бұл конференция туралы отандық және шетелдік БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде көптеген материалдар жарияланды.
Құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, «Kazakh Tourism» компаниясы көптеген ірі компаниялармен, мемлекеттік органдармен арада берік байланыс орнатқанын атап өткен ләзім. Мәселен, Сыртқы істер министрлігімен, «Атамекен» ҰКП, Алматы облысы әкімдігімен, Алматы өңірінің «Алма-Тау» туристік кластер қауымдастығымен, отандық «Қазақстан темір жолы», «Kazakh Invest», «ҚазАвтоЖол» компанияларымен және басқаларымен арада әріптестік туралы меморандумдарға қол жеткізілді.
Аз уақыт ішінде Астана мен Алматы қалаларына «Көшбасшы жолы» мектеп турлары, Nomads Kamp киіз үй лагерьлері, Қазақстан-Өзбекстан туристік форумы сынды көптеген шаралар өткізілді. Биылғы жылдың мамыр айында Берлинде өткен ITB халықаралық көрмесіне 186 елдің қатарында Қазақстан да қатысты. 170 мыңнан астам адам келген көрмеге біздің еліміздің делегациясы жалпы аумағы 60 шаршы метрді құраған қалқан қойды. Осы шара аясында біздің елдің делегациясы 350-ге тарта түрлі кездесу өткізіп, 260-тан астам келісімге қол жеткізді.
Мыңдаған жылдық тарихы бар көшпелілердің мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық ойындары әлем халықтарының қызығушылығына ие екені белгілі. 2017 жылы «Асық ату» ойыны UNESCO адамзаттың материалдық емес құндылықтарының тізіміне қосылғаны тегін емес. Осы орайда, «Kazakh Tourism» бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Қазақстан бойынша асық жинау акциясын өткізгені құптарлық қадам екені сөзсіз. Асықтар Берлиндегі ITB көрмесінде, Мәскеудегі MITT халықаралық көрмесінде кәдесый ретінде таратылды. Ұлттық ойынымыз Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Польша және басқа да қалаларда өткен халықаралық көрмелерде кеңінен насихатталғаны көңіл қуантады.
Бүгінгі таңда интернет, әлеуметтік желілер қандай да бір тауарды насихаттаудың, өнім өткізудің басты құралына айналғаны белгілі. Осы орайда, «Kazakh Tourism» танымал отандық және шетелдік блогерлерді де Қазақстанның туристер үшін тартымдылығын арттыруға тарта білді. Мәселен, ағымдағы жылы 18-26 наурызда 160 миллионнан астам жазылушылары бар 4 қытайлық блогер Астанадағы, Шортанды-Бурабай туристік аймағындағы, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы туристік нысандарды аралады. Олардың осы сапар туралы материалдары Қытайдың sohu.com, weibo.com, ctrip.com, blog.sina.com, bbs.qyep.com сынды интернет платформаларында жарияланды. Соның арқасында Қазақстанның көрікті жерлері, ірі қалалары туралы материалдарға 45 миллионнан астам қытайлық оқырмандар қызығушылық танытты.
Осыған ұқсас шара тамыз айында тағы өткізілді. Бұл жолы жалпы оқырмандарының саны 110 миллионнан асатын шетелдік блогерлердің назарына Шығыс Қазақстанның, Түркістан облысының көрікті жерлері ұсынылды. Нәтижесінде #kazakhtourism хештегімен жарияланған жарияланымдарды 43 миллионнан астам шетелдік оқып, Қазақстанның көрікті жерлері туралы қызықты ақпараттарға қанықты.
Жабайы аңдардың түр-түрі кездесетін табиғаты бар Қазақстан үшін аңшылық туризмді дамыту да оң жамбасқа келеді. Осы орайда, биылғы жылы Лас-Вегаста Халықаралық SCIF Сафари клубының президенті Уоррен Сакманмен, АҚШ-тағы WSF Арқарлар қорының президенті Грей Торнтонмен келіссөздер жүргізілген. Осылайша, 2018-2023 жылдарға арналған аңшылық турларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандум жасалды. Америкалық аңшылардың Қазақстанда арқар аулауы үшін 5 дербес сапар ұйымдастыру есебінен бағдарламаның бірінші кезеңін (2018-2019 жылдар) 165 миллион теңгеге қаржыландыру туралы келісімге қол жеткізілді. Қазіргі таңда елімізде аңшылық туризмді дамытуға қатысты заңнамалық кедергілерді жою, сондай-ақ аулаған олжасын алып кету жолдарын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Әрине Қазақстан туристік әлеуеті енді ғана көтеріліп келе жатқан ел екенін ескерсек, шешімін табуға тиіс мәселелер де кездеседі. Мәселен, инженерлік және көлік инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, ірі нысандарға жетудің қиындығы, авиатасымалдаушылар санының, тікелей рейстердің аздығы, бюджеттік әуе компанияларының жоқтығы, туристік нысандар туралы ақпаратпен қамтудың аздығы. Осы тектес ахуалдардың орайын келтіру үшін «Kazakh Tourism» компаниясында қолға алынған жұмыстар аз емес. Мысалы, «ҚТЖ» компаниясымен арада жасалған меморандум еліміздегі темір жол вокзалдарында, әуежайларда, «Talgo» пойыздарының телебағдарларында Қазақстанның туристік әлеуеті туралы ақпараттарды тұрақты түрде насихаттауға жол ашты. Аталған компаниямен арада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында балалардың туристік пойыздарын іске қосу жобасы қолға алынды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ нысандарындағы қызмет түрлерінің сапасын арттыруға бағытталған жоба іске қосылды. Басқа да компаниялармен, туристік операторлармен арадағы бірлескен құжаттардың әрқайсысы бойынша осы тектес маңызды жұмыстар жүзеге асырылуда.
«Kazakh Tourism» компаниясы биылғы жылы 23 қарашада елордада Astana KTI Forum 2018 атты ауқымды шара өткізуді жоспарлап отыр. Аталған алқалы жиын барысында туризм саласына инвестиция тарту шаралары және мемлекеттік қолдау шаралары тақырыбында панельдік сессиялар ұйымдастырылмақ. Форум аясында зәкірлік инвестициялық жобалар жұртшылыққа таныстырылуға тиіс. Туризм секторын дамытуға қатысты өзекті мәселелер дөңгелек үстелдерде сарапқа салынады деп жоспарланып отыр. Туризм саласына қатысты алғаш рет өтетін мұндай ауқымды инвестициялық шара инвестициялық жобалардың қатарын көбейтіп, отандық туризм саласының тасын өрге домалатуға ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»