Астанада Ұлттық экономика министрлігінің Дүниежүзілік сауда ұйымындағы (ДСҰ) Инвестицияларды қолдау бойынша Достар тобымен бірлесіп ұйымдастырған «Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас» жоғары деңгейлі форумы болып өтті.
Форумға Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, ДСҰ бас директоры Роберту Азеведу қатысып сөз сөйледі. Бұл басқосуға ДСҰ-ға мүше 40 елдің (ТМД, Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс елдері) және ұйымға бақылаушы елдердің министрлері мен делегация басшыларынан тұратын әлемдік деңгейдегі сарапшылар қатысты. Мұның алдында Астанада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі жетінші дөңгелек үстел өткен болатын.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев форумның ашылу рәсіміндегі сөзінде ДСҰ Хатшылығы мен инвестицияларды қолдау бойынша Достар тобына мүше елдерге осы маңызды іс-шараны бірлесіп ұйымдастырғандары үшін ризашылығын білдірді. Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымының инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа бастамасын толық қолдайтындығын жеткізді. Еліміздің инвестициялық ахуалды жақсартуға басымдық беріп отырғандығын айтып берді. «Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстан экономикасының түрлі секторларына 250 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Тек 2017 жыл ішінде елімізге келген тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 21 млрд долларды құраса, мұның төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиді. Жалпы, шикізаттық емес секторларға барлық шетелдік инвестициялардың 50%-ке жуығы бағытталды. Биыл да бұл оң серпін сақталып қалып отыр. 2018 жылдың жарты жылы ішінде ірі инвесторлармен 69 жаңа жобаны іске асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді, оның ішінде Қытай, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания және ЕО елдерінен 10 трансұлттық компания бар», деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторында қазірдің өзінде Toyota, Heidelberg, General Electric, Danone, Alstom тәрізді 30-ға жуық трансұлттық корпорация жұмыс істейді. Орталық Азия елдеріне келген инвестициялардың 70%-тен астамы нақ осы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
«Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында біздің мемлекет жүйелі реформалар жүргізуде. Инвесторлармен ашық диалог және өзара іс-қимыл орнатылған, сонымен қатар инвестициялар тарту үшін инфрақұрылым жетілдірілуде. Тек бір мысал келтірейін. Соңғы төрт жыл ішінде салық және кеден саласы, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тәрізді және тағы да басқа бағыттарда барлығы 52 реформа жүргізілген. Олардың қатарында бизнесті реттеусіздендіру және оған әкімшілік қысымдарды шектеу жөнінде жүргізілген реформалар бар» деген Б.Сағынтаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 24 мамыр күні бизнес-ахуалды жақсарту жөніндегі заңдар топтамасына қол қойғандығын, ол 14 кодекс пен 109 заңға мыңнан астам түзету енгізуді қарастыратындығын атап көрсетті. Сөйтіп мемлекеттік органдар тарапынан болатын бақылау-қадағалау функциялары 30%-ке, ал рұқсат беруде қойылатын талаптарының саны 56%-ке қысқарды. Тексеруші органдардың мыңға жуық штаттық бірлігі таратылды. Озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа салық және кедендік режімдер енгізілді. Салық кодексінде салық жүктемесі оңтайландырылды, жеңілдіктер пысықталды.
Жаңа кеден кодексі рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді және тауарларды автоматты түрде өткізуге мүмкіндік беретін электронды декларациялауды енгізеді.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі саласында жобаларды жоспарлау рәсімдері жеңілдетілген және ниет білдірген барлық инвесторлар үшін табысты іске асырылған МЖӘ жобаларының бірыңғай базасы қолжетімді болды.
Көші-қон және еңбек заңнамасы жақсартылды, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдері жеңілдетілді.
Осылайша қазіргі кезде еліміздегі жалпы инвестициялық және іскерлік ахуал институционалдық тұрғыда нығайтылды. Инвесторлар пайдалана алатын жаңа мүмкіндіктер мен артықшылықтар заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Қазақстанның экономикалық интеграциясының арқасында, инвесторлар ірі өткізу нарықтарына шығуда басымдықтарға ие болды.
«Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мүшесі. ЕАЭО-ның артықшылығы, ол көлемі $4 трлн жуық, 180 миллионнан астам адамды қамтитын кедендік шекарасыз бірыңғай нарық болып табылады. Ресей, Қытай және Орта Азия елдерімен көршілес болуының, ұтымды географиялық орналасуының арқасында, Қазақстан жалпы көлемі 1,6 млрд астам адамды қамтитын, күннен-күнге өсіп жатқан нарыққа шығуға мүмкіндік беретін қолайлы орталық алаңға айналып отыр», деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.
Дүниежүзілік сауда ұйымы мен ЕАЭО аясында Қазақстан лицензиялық рәсімдеудің және қызмет көрсету секторындағы талаптардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдаған болатын. Қазіргі күні еліміздің ішкі жалпы өнімінің жартысынан астамын нақ осы қызмет көрсету саласы қамтиды. Бұл ретте Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында Қазақстан шетелдік компанияларға қызмет көрсету саласы нарығына кіруде кемсітпейтін жағдайлар тудыруға кепілдік беріп қана қоймай, сонымен қатар шетел инвесторларының көлік, құрылыс, сауда, энергетика секторы сынды барлық маңызды салаларға келуіне қолайлы жағдай жасап отыр.
Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Үкіметінің көпжақты деңгейде, атап айтқанда, ДСҰ алаңында инвестицияларды қолдау мәселелері бойынша пікірталастарды одан әрі жалғастыруды маңызды деп санайтындығын атап өтті. Сөзінің соңында ДСҰ-ға мүше барлық мемлекеттерге және Азеведу мырзаға Қазақстанға деген зор сенімі және 2020 жылдың маусым айында Астанада ДСҰ-ның XII Министрлер конференциясын өткізуге Қазақстанның берген өтініміне қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Еліміздің Министрлер конференцияның нәтижелерін қамтамасыз ету мақсатында ДСҰ-ның күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша талқылауларға сындарлы үлесін қосуға әзір екендігін мәлімдеді.
Мұнан кейін сөз алған Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведу Қазақстанның инвестициялық климатын жоғары бағалайтындығын жеткізді. «Инвестиция мен сауданың ашықтығы саясатын қабылдау арқылы Қазақстан және басқа да еуразиялық экономика соңғы 20 жылда үлкен табысқа қол жеткізді. Инфляция төмендеп, айтарлықтай экономикалық өсім байқалды, кедейшілік азайды. Көпжақты сауда жүйесі осының бәріне жағымды әсер еткені түсінікті. Сондықтан Қазақстанның жылдан-жылға қанатын кеңге жайған осынау әлемдік үдеріске қолдау білдіруі біз үшін маңызды», деді Роберту Азеведу.
ДСҰ бас директоры сауданың жаһандық өсімі болжамын қайта қарағандарын хабарлады.
«ДСҰ жаһандық сауда өсімі болжамын қайта қарады. 3,9% өсім болады деп болжап отырмыз. Мұны жақсы өсім деп санаймыз. Жаһандық сауда соғысын қоса алғанда, бірқатар жағдайды болжап көрдік. Егер барлық мемлекеттер әріптестіктің дұрыс өрбімеуінен өз тарифтерін орнататын болса, бұл жаһандық сауда нарығын 17%-ке, ал ІЖӨ өсімін 7,5%-ке қысқартуы мүмкін» деп хабарлаған Р.Азеведу осыған орай жағдайды жақсартуға бірлесіп күш жұмсау қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, жоғарыдағыдай келеңсіз жағдайларға байланысты 2017 жылы шетелдік инвестициялар ағынының жалпы көлемі 20% қысқарған.
«2018 жылға болжамымыз бұдан анағұрлым жақсырақ. Әйтсе де, экономика мен сауда өсімі әлі анықталмай отыр. Шикізат бағасының артуынан жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар көбейетін шығар. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту бойынша елеулі табыстарға қол жеткізді. Біз ДСҰ мүшелері ретінде не істей аламыз? Мұнда жаһандық деңгейде жәрдемдесу маңызды рөл атқарады. ДСҰ-ның кейбір мүшелері ұйымның инвестицияларға қайда және қалай жәрдемдесе алатыны туралы құрылымдық талқылаулар өткізуде. Мұндай талқылаулар халықаралық сауда жүйесі мен бизнестегілердің, кәсіпкерлердің алдындағы сын-тегеуріндерді болжауға көмектеседі», деп мәлімдеді Роберту Азеведу.
Форумның ашылу рәсімінен кейін оның жұмысы төрт тақырыптық секциялар бойынша жалғасты. Сессияларда талқыланған мәселелер мен тақырыптарға байланысты жан-жақты әрі сындарлы пікір алмасулар өтті. Шара қорытындысы бойынша «Астана мәлімдемесі» қаралып, қабылданады.
Форум ДСҰ мүшелерін Қазақстанның инвестициялар тарту саласындағы табысты тәжірибесімен және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру бағытында өтті. Осы тұрғыдан алғанда ол еліміздегі инвестициялық қызметті кеңейтуге жол ашып, ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты қарым-қатынасын одан әрі дамытуға жаңа серпін беруі мүмкін.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»