• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Теннис 01 Қазан, 2018

Балалар теннисіне қолдау көрсетуге арналған турнир тартысты өтті

612 рет
көрсетілді

Өткен демалыс күндері Алматы теннис клубының Gorky Tennis Park корттарында әуесқой және балалар теннисін дамытуға бағытталған дәстүрлі жарыс өтті. Спорттық шараны ForteBank және Gorky Tennis Park ұйымдастырды.

Биылғы бұл турнирге қатысушылар қатары көп болды. Турнир екі санатта өтті: ерлер жеке разряды және жұптық разряд (Pro-Am mix). Алғашқысына 29 теннисші қатысса, келесісінде әуесқой ерлер мен кәсіпқой қыздардың он екі жұбы бақ сынасты.

Теннис бәсекесінің жұлдызды қатысушысы ретінде Сергей Шахворостовты айтуға болды. Кәсіби спортшы шөптегі хоккейден үлкен жетістіктерге жеткен. Алматылық «Динамомен» бірге сегіз рет КСРО чемпионатын жеңіп, екі рет КСРО Кубогының иегері атанды, одақ құрамасымен бірге 1988 жылғы Олимпиадаға қатысты. Сол тұста ол тенниспен әуестенеді, нәтижесінде хоккейші Шахворостов мансабын аяқтағаннан кейін әуесқой теннис турнирлерінде өнер көрсете бастады. Қазір Сергей Константинович – Алматының ең атақты ойыншыларының бірі. «Әрине, мен ForteOpen-де жеңуге ниеттімін, жеңе алмасам да өкінбеймін. Мен үшін ең бастысы – уақытты жақсы өткізу, бір аптаға қуат алып, сергу және достарымен кездесу», деді Шахворостов жарыс алдында.

Жарыстағы кәсіби теннисшілер арасындағы ең танымал қатысушы қырғызстандық 28 жасар Ксения Палкина болды. Ол осыдан бір апта бұрын Шымкент қаласында ITF сериясында жеңіске жетіп, 36 дүркін «фьючерстің» чемпионы атанған. «Мен үшін ForteOpen – беделді турнир, сондықтан мен осымен үшінші жыл қатарынан өнер көрсетіп жатырмын. Әуесқойлармен де, кәсіпқойлармен де ойнау өте қызықты. Мұнда тамаша атмосфера қалыптасқан, жақсы адамдар бар», деп ағынан жарылды К.Палкина. Ол ForteOpen-нен кейін Үндістандағы WTA сериясының турнирінде өнер көрсетеді, содан кейін оны Франция күтуде, онда бірнеше «фьючерстер» өтеді.

Жарыстан түскен барлық қаражат балалар теннисін дамытуға жұмсалады. Қыста үлкен тенниспен кәсіби айналысатын балаларға арналған республикалық турнир өтпек. «Біздің қызметіміздің маңызды құрамдас бөлігі әлеуметтік жобаларды, соның ішінде балалар спортын дамытуға бағытталған жобаларды қолдау болып табылады. Теннис турнирлерін өткізу біз үшін жақсы дәстүрге айналды: ForteBank Open 3 турнирі – бізге көптеген жағымды эмоциялар сыйлаған жарқын спорттық оқиға», дейді ForteBank басқарма төрағасы Гурам Андроникашвили.

Тартысты өткен теннис ойынының нәтижесіне келсек, кәсіби шеберлер арасында бірінші орынды Дмитрий Дмитриев иеленді. Екінші орынды Мұхтар Жансейітов еншілесе, Мирсаид Мирджалиев үшінші тұғырдан көрінді. Ал әуесқойлар арасында Ахмет Умаров топ жарса, Жан Бениатинов пен Василий Попов екінші, үшінші орындарды өзіара бөлісті.

Кәсіби шеберлер арасындағы жұптық сайыста Юй Константин мен Дарья Бережная бірінші орынға қол жеткізсе, Гурам Андроникашвили мен Ксения Палкина екінші орынды еншіледі. Үшінші орын Антон Коменко мен Яна Сизиковаға бұйырды. Әуесқойлар арасындағы жұптық жарыста Денис Валетов пен Лариса Бекметова үздік деп танылды. Ислам Джексенов пен Асель Тузельбекова екінші орынды, Рустем Бектуров пен Екатерина Дмитриченко үшінші орынды иеленді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»