Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің шеңберінде кейбір заңнамалық актілерге тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасының таныстырылымы болды.
Таныстырылымда осы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов кіріспе сөз сөйлеп, еліміздің мәдени мұрасын құру, жаңғырту, сақтау, дамыту, насихаттау және пайдалану, сонымен бірге құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерді анықтау мақсатында жүргізіліп отырған тарихи-мәдени мұра саласындағы мемлекеттік саясат, ең алдымен заңнамалық базаны жетілдіруді талап ететінін айтты. «Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы» қолданыстағы Заң 1992 жылы қабылданғанымен, оған бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Сондықтан заңның жаңа редакциясын әзірлеу туралы шешім қабылданды, деді ол.
Жиналғандарды жаңа заң жобасымен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырып, ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындау мақсатымен министрліктің заң жобалар әзірлеуі төңірегінде атқарып жатқан шаралары туралы баяндады. Ол қазір тарихи және мәдени ескерткіштер түсінігін кеңейтудің қажеттілігі туындап отырғанын айтты. Бүгінгі таңда архитектуралық және қала құрылысы ескерткіштерінің қатарына енетін қасиетті деп танылған ескерткіштерді, сондай-ақ монументалды өнердің өнімдеріне ресми мәртебе беру керектігін атады. Тарихи-мәдени мұраларды толық есепке алып, оларды жүйелеу міндеті де заң жобасында қамтылғаны белгілі болды. Кейбір археологиялық ескерткіштер бүгін бірден тарихи және мәдени мұралар қатарына енгізіледі, алайда оның мәртебесі ресми түрде берілмейді. Осындай құқылық коллизиялар нысанды Тарихи және мәдени ескерткіштердің тізіміне енгізуге кедергі келтіреді, деді ол.
Бүгінгі таңда жаңадан анықталып, тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген нысандардың сақталуына көптеген жағдайда жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейді. Осы орайда ұсынылған заң жобасында тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, сондай-ақ тарихи-мәдени сараптама жүргізу, объектілерді паспорттау мәселелеріне ерекше мән берілген. Заң жобасында тарихи-мәдени мұралардың археологиялық және сәулет объектілерінің сақталуы жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені: зерттеу, қазбалар жүргізу, реставрациялау, консервациялау, жөндеу, музейлендіру және қазіргі заманға сай пайдалану үшін бейімдеудің мазмұны толық ашылып көрсетілген. Заң жобасы қабылданған жағдайда еліміздің тарихи-мәдени мұрасын одан әрі сақтау, тиімді пайдалану және насихаттау бойынша қажетті жағдайлар жасалатын болады. Осыған байланысты, Жер кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізу көзделген. Келешекте осы заң жобалары аясында туындаған мәселелер жұмыс тобының отырыстарында қаралады.
Таныстырылымға Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және спорт, Қаржы, Әділет, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің, облыс әкімдіктерінің мамандары, еліміздің тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы сарапшылар, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»