Бүгінде жұмысын Түркістанда жалғастырып жатқан мемлекеттік мекемелер қатары өсе түскен.
Түркістан облысының болашағына сенімі нық мемлекеттік қызметтегілердің жұмыс тәртібі қажетті қалыпқа түсіп, өз міндеттерін орындауда. Солардың қатарында Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісі, Түркістан облыстық соты және мамандандырылған соттар да бар. Қазіргі таңда сот жүйесі ғимаратпен және қызметкерлері тұрғын жаймен толық қамтамасыз етілген.
Облыстық сот жүйесінің 33 судьясы, 128 сот қызметкері және келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген 15 азамат Шымкенттен Түркістанға, Кентауға қоныс аударды. Жұмыстың сапасын жоғалтпас үшін көшті ұтымды ұйымдастырып, судьялар мен сот қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Осы маңызды мәселені бірігіп шешу үшін Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісі мен облыс әкімдігінің, сондай-ақ Түркістан, Кентау қалалары әкімдіктерінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Меморандумға сәйкес, тараптар Түркістан облысы сот жүйесінің жаңа орталыққа көшуіне, орналастырылуына қатысты іс-шараларды жүзеге асыруда өзара ықпалдастықта жұмыс атқара бастады. Әрине сотқа келушілерге барынша қолайлы жағдай жасалуы үшін қажетті ғимарат заманауи талаптарға сай келуі тиіс. Сот залдарын аудио-бейнетіркеу және бейнебайланыс жүйелерімен жабдықтаудан бөлек, ғимаратта күту залы, прокурорлар мен адвокаттарға арналған кабинеттер, кеңесу бөлмелері, медиация және мұрағат, істермен танысуға арналған кеңселер болуы да шарт. Осындай талаптарға сай ғимараттарды таңдау барысында Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов Түркістанға арнайы келген. Н.Шәріпов арнайы сапарының барысында жалға берілетін нысандарды аралап, иелерімен кездесті және ғимараттарды анықтап берді. Осының нәтижесінде, таңдалынып алынған ғимараттар қысқа мерзімде заман талабына сәйкестендірілген болатын.
Облыс әкімдігі Түркістан қаласында орналасқан соңғы үлгідегі жатақханалардың бірінен бірқатар судьяларға және барлық сот қызметкерлеріне тегін тұратын тұрғылықты жай бөлді. Кейбір сот мамандары Кентау қаласындағы биыл күрделі жөндеуден өткізілген жатақханада тұрғын жаймен қамтамасыз етілді. Түркістан мен Кентау қаласы арасындағы жолда жүру мәселесі де өз шешімін тапты, яғни Кентау қаласының әкімдігі тарапынан арнайы бөлінген автобус сот қызметкерлерін жатақханадан жұмыс орнына және кері тегін тасымалдауда. Облыс және Түркістан, Кентау қалаларының әкімдеріне көрсетіп отырған қолдаулары үшін үлкен алғыс білдіреміз», дейді Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісі Орынбасар Лештаев.
Иә, көшке көмектескен сауапты іс болып саналады. Көпшілік жайғасып, жайланып алған сот қызметкерлері өз міндеттерін жаңа орталықта сапалы да мінсіз атқарады деген үмітте.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы