Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына сапары барысында жаңа әкімшілік орталықты дамыту жобасымен танысты. Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап көрді және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Елбасы Түркістанның жаңа әкімшілік орталығының аумағын аралап көру барысында мемориалды тас қалау рәсіміне қатысты және облыс әкімі Ж.Түймебаевтың Түркістан қаласының даму перспективалары жөніндегі баяндамасын тыңдады.
Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған Елбасына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды. Жоспарға сәйкес, танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Осыған орай, әрбір турист музей аумағында орналасқан тарихи және айтулы орындарды аралап көре алады. Бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылатын болады. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысан толық қайта қалпына келтіріледі.
Бұдан кейін Президенттің төрағалығымен өткен жиын барысында шаһарды дамытуға, қаланың болашағына қатысты бірқатар мәселе талқыға түсті. Мемлекет басшысы Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуы ел тарихында аса маңызды оқиға болғанына тоқталды.
Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин және Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасады.
А.Мамин өз сөзінде қаланы дамыту жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, «Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты ұйымдастырылған xалықаралық конкурста таңдап алынған үздік жоба талаптарға толығымен сәйкес келеді. Жобада Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, шаһарды көркейте түсу, Қожа Аxмет Ясауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі кезде қаланың аумағы 9 700 гектарды құрайды, ал тұрғандардың саны – 162 000 адам. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағы 22 000 гектарға дейін кеңеймек. Халықтың саны 2035 жылы 350 мың, ал 2050 жылға қарай жарты миллионға дейін жетеді деп болжанып отыр. «Ең әуелі 25 гектар аумаққа инженерлік коммуникация тартылады. Ол жерде облыс әкімдігі мен мекемелер, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, конгресс орталығы және «Түркістан бас жоспары» мекемесі орналасады. Келтірілген деректерге сүйенсек, түгел түркінің мәдени және руxани орталығының жалпы ауданы 2 211 гектарды құрамақ. Осы аумақта құрылыс салуды реттеу, тариxи көшелер мен тариxи орамдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа саябақ аймағы құрылады. Сонымен қатар алдағы үш жыл көлемінде 10 000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Шаһар тұрғындарының көбеюіне байланысты «Кентау – Түркістан» су магистралінің екінші желісі салынады. Бұдан бөлек, xалықаралық әуежай мен автовокзал тұрғызылады. Алдағы уақытта жаңа темір жол вокзалының құрылысы да қаралады.
Бұдан кейін облыс әкімі Ж.Түймебаев облысты көшіру жұмыстары жөнінде
баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда екі мыңнан астам әкімшілік қызметкері Түркістан қаласында жұмыс істеп жатыр.
Халықтың көбеюі тұрғын үй салуды қажет ететіні белгілі. Облыста бұл тұрғыда да атқарылып жатқан шаруалар жетерлік екен. Ж.Түймебаев Түркістан және Кентау қалаларында 33 тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткенін жеткізді.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында әзірленген «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске асыру мақсатында Түркістанда 336 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 42 тұрғын үй және 29 жаңа әлеуметтік-мәдени нысанның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу басталды», деді Ж.Түймебаев.
Баяндамаларды тыңдаған соң Н.Назарбаев қабылданған Жол картасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ облыстық органдар тарапынан барлық мемлекеттік қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты және өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәселелерге тоқталды.
«Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құрамынан шығуына байланысты аймақтың экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу», деген Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуды, қосымша мамандық алуға жағдай жасауды тапсырды.
«Оңтүстік халқының бәрі еңбекқор. Экономикалық тұрғыда белсенді азаматтардың саны 43 процентті құрайды. Жергілікті халықты жаппай кәсіпкерлікке үйрету керек», деді Елбасы.
Президент халықты жұмыспен қамтудың, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. «Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Бұл Түркістан облысымен қатар жалпы республика экономикасының да өркендеуіне тың серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруға әлеуетіміз жетеді. Осыған байланысты Үкіметке Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен Халықаралық сауда аймағын және жаңа «Түркістан» халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырамын», деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфрақұрылым дайындау мәселелеріне тоқталды. Бұдан кейін облысты дамыту және құрылыс жүргізу ісіне жергілікті бизнес өкілдерін, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшыларын белсенді атсалысуға шақырды.
Жиын барысында Н.Назарбаев Үкімет пен аймақ басшылығына инвестиция тарту арқылы қала ішіндегі жолдарды жөндеу, сондай-ақ Шымкент және Қызылорда бағыттарына арналған автовокзал салу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Шаһар тұрғындары санының өсуіне және туристердің көптеп келуіне байланысты, әкімдікке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының темір жол вокзалын реконструкциялау, оның өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ аэропорт салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын», деді Президент.
Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде газбен және жылумен қамтамасыз ету салаларын ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін қарастырып, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту, жаңа қонақүйлер, мейрамханалар мен дәмханалар, сауда ойын-сауық орталықтары құрылысын бастау қажеттігін айтты.
Н.Назарбаев Түркістанда туризм, құрылыс және өндіріс салаларындағы бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыратын арнайы экономикалық аймақ құрудың өзектілігін атап өтті.
«Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімдігіне халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланың бас жоспарын дайындауды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
Осыдан кейін Н.Назарбаев ірі кәсіпкерлер мен ұлттық компанияларға бір-бір нысаннан салып беруді тапсырды. Елбасы жиынға қатысып отырғандарға жеке-жеке тоқталып, Түркі әлемінің темірқазығы саналатын Түркістанды көркейтуге үлес қосуға шақырды. Мәселен, «Базис-А» компаниясының басшысы Александр Беловичке Түркістанда әмбебап театр салуды тапсырды. Сонымен қатар түрлі компанияларға Түркі мұражайын, Қазақ батырларының орталығын, жаңа тұрғын үй ауданын, ауруxана, жаңа стадион, жастар сарайын, Қожа Аxмет Ясауидің шағын музейін бөліп берді. «Қазпошта» АҚ почта бөлімшесі мен цифрлы кеңсе салуға уәде етсе, Қазақтелеком – Smart теxнологияларды, кәсіпкер Данияр Абылғазин бассейні бар жабық спорт кешенінің құрылысын салуды міндетіне алды.
Елбасы, сондай-ақ Түркістанды дамыту қорын құрудың қажеттілігіне тоқталды.
«Кім қолдау жасауға дайын, сол ақшаны аударсын. Осымен бәрін келісіп алдық. Енді, тапсырылған жұмыстың бәрін бір-екі жылда бітірсек, Түркістан жайнап шыға келеді. Тәуелсіздігіміздің тірегі нық болса, әлі де талай-талай қалаларды саламыз», деді Н.Назарбаев.
Жиын соңында Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.
Бұдан кейін Президент облыс жұртшылығымен және Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысы қала тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде жаңа Түркістан облысын құрудың және өңір орталығын Түркістан қаласына көшірудің тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәнін атап көрсетті.
«Түркістанның халқымыз үшін айрықша маңызы бар. Бұл – Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік», деген Н.Назарбаев.
Орталық Азия аумағына ислам дінін тарату үдерісіндегі Түркістанның рөлі жөнінде әңгімелеп, осы қасиетті топырақта қазақ халқының ұлы тұлғалары мен игі жақсылары жерленгенін, тарихымыздың қилы кезеңдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданғанын айтты.
Елбасы Түркістанның күллі түркі халықтарының өмірінде де ерекше орын алатынын атап өтті. Қабылданған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қала келбеті тез арада айтарлықтай өзгеретініне, шаһар өзінің өркендеу жолындағы жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды түлетуге атсалысатын барлық тұрғындарға табыс тіледі.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы