Президенттік клиниканың шақыруымен, тұңғыш рет Қазақстанға дүние жүзіне әйгілі ядролық медицина дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор Джун Хатазава келді. Президенттің іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың дәрігерлеріне профессор «Ядролық медицина онкология, неврология және кардиологияда» деген тақырыпта шеберлік сабақтарын өткізді.
Атом энергиясының қуатымен ғасыр індеті аталған рак ауруларын өте ерте кезінде анықтап диагнозын қою және радиоизотоптар көмегімен жалмап түсер тажал дертті емдеу әдістерін пайдалану ғылымдағы аса бір перспективалы бағыт болып саналады. Бұл ретте, рак ауруын жаңа басталып келе жатқанында анықтаудың мәні ерекше. Өйткені жайылып кеткен өртті өшіргеннен, енді басталып келе жатқан оттың ошағын күш алмай тұрып сөндірудің тиімділігі қандай болса, ракты да неғұрлым ерте анықтау соғұрлым пациентке де, дәрігерге де жеңіл, әрі жұмсалар күш пен қаражатты азырақ талап етеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 150 мыңнан астам адам «онкология» диагнозымен есепте тұрса, жыл сайын 30 мыңдай қазақстандықтың бойында онкологиялық ауру барлығы расталып отырады екен.
Президенттік клиника онкологиялық ауруларды емдеудің мүмкіндігін кеңейтуді көздеп, аурухананың өзінде радиоизотоптық фармакологиялық препараттарды дайындауға қам жасауда. Ал профессор Джун Хатазава болса осы ядролық медицина саласында аса зор тәжірибелі дәрігер саналады. Азия және Тынық мұхиты бассейні мемлекеттері бойынша озық маман Джун Хатазаваның жетістіктері әсіресе нейрорадиологияда ерекше.
Шеберлік сабақ өткізу барысында профессордың слайдтар көмегімен радиоизотопты препараттарды қан тамыры арқылы жіберіп, метастазаның бетін қайтарып қана қоймай, обыр жасушалар көзінің толық жойылғанын көру және оның бас аяғы бірнеше айдың жүзінде мүмкін болуына көз жеткізу шынында да таңданарлықтай. Әдетте метастаза басталып кетсе үміттің үзілгені, дерттің бойға дендегені дейтін ұғымға өзгерістің енуі қаншалықты қымбат десеңізші!
«Дүние жүзіндегі ядролық медицинаның озық клиникалары, оның ішінде Жапония қолданатын бұл тәрізді препараттарды Қазақстанда жасауға әбден болады. Оған ядролық физика, химия саласы бойынша мамандар, зерттеуді клиникада жүзеге асыруға пейілді білікті дәрігерлер және ниет бар, сондықтан Қазақстандағы ядролық медицинаның дамуының, радиоизотопты преапараттар даярлаудың келешегі зор», дейді профессор Джун Хатазава.
Жапондық ғалым-дәрігердің ендігі бір назар аударар жұмысы мидың дегенеративтік ақаулары, яғни Альцгеймер, Паркинсон және эпилепсия сырқаттарына қатысты жұмыстары. Мұнда да Хатазава мырза аурудың енді басталып келе жатқан сатысында науқас дертін атом қуатымен анықтап диагноз қоюдың әдістерін кеңінен пайдалануды ұсынады. Маманның айтуынша, магнитті резонансты зерттеумен де біраз дүниені білуге болады, дегенмен радиологиялық сұйықтықты тамыр арқылы жіберіп, ауру ошағының дәл қай жерде, қандай табиғаты бар екенін біліп, дәлдікпен көмекке келер ядролық медицина мүмкіндігі өлшеусіз.
Бүгінде Президенттік клиника дәрігерлеріне радиоизотоптық диагностиканың заманауи әдістері туралы дәріс оқыған доктор Джун Хатазава «Osaka University» университеттік клиникасы ядролық медицина және радионуклидтік кинетика бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Иммунологиялық зерттеу орталығының бас зерттеушісі, cонымен қатар «Азия-Тынық мұхит ядролық медицина және биология» қоғамының басшысы, Жапония ядролық медицина қоғамының президенті.
Журналистерге профессордың сөзін аударып беріп, екі арада көпір болған дәрігер Екатерина Люгай да осы күндер ішінде радиологиялық әдістермен пациенттерге диагноз қоюда Джун Хатазавамен бірге тәжірибе алмасып, біршама кеңестер алған. «Бұл кісінің клиникамызда болған әр минутын пайдаланып шеберлік сыныбынан тыс практикалық көмегіне де сүйеніп жатырмыз. Профессор жаңа тәжірибе алмасудың маңыздылығын айтып жатыр, жалпы ол кісіден біздің аларымыз әлі де көп», дейді Е.Люгай.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»