Торғайда дүрілдеп той өтті. Ол Жангелдин ауданының құрылғанына 90 жыл, Торғайдың қала мәртебесін алуына 150, батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібектің туғанына 325 жыл толуына арналды. Бұл біраздан бері осы өңірде болмаған басқосу еді. Ұлы дала төсінде жатқан Торғайдың басты байлығы – тағылымды тарихы, текті тұлғалары. Өйткені осы даланы шиырлаған тарих жолдарының барлығы да еліміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың бостандығына алып келген. «Торғай елі – тұлғалар мекені» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда бұл жан-жақты айтылды.
– Ауданның тарихы 90 жылмен шектелмейді. Осы өңірде одан бұрын да ұлы оқиғалар болған, ұлы тұлғалар өткен. Қалмақтарды қазақ даласынан қуу шайқастарын Шақшақ Жәнібек өзінің сарбаздарымен Торғай қақпасынан бастаған еді. Халқымыздың сауаттылығы үшін болған алғашқы қадам да осы өңірден басталды – Ыбырай Алтынсарин бабамыз алғашқы білім ұясын осы Торғайдан ашты. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің батырлары мінген тұлпарлар тұяғының дүрсілі алдымен Торғай даласында дүбірледі. Ал Жангелдин ауданы құрылған 1928 жылдан бергі тоқсан жылда халқымыз аштықты, қуғын-сүргінді, соғыс зардабын көрді. 90 жылдың жақсылығы да болды. Ең басты жетістігі – елге білім, ғылым келді. Осы жерде туып-өскен Фазыл Бәйімбетов секілді әлемге танылған ғалымдар, Бақытжан Байқадамовтай композиторлар, Сырбай, Ғафу секілді дүлдүл ақындар, шұбалаң тізім болар тұлғалар өсіп шықты. Осылардың барлығы да Торғайдың ғана емес, ұлтымыздың бетке ұстарлары еді, – деді академик, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев.
Туған жердің тойына Торғайда туып, бүгінде бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған академиктер Сайлау және Сәбит Байзақовтар, мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев, қаржыгер, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік, белгілі меценат, жиһангер Сапар Ысқақов, ақтаңгер ақындар Серік Тұрғынбеков, Қонысбай Әбіл, Серікбай Оспанов, кәсіпкерлер, өзге де түлектер келіп қатысты.
Кенжеғали Сағадиев айтқандай, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсара бастағаны жерлестердің жадыраған жүзінен байқалады. Соңғы бес жыл ішінде 25 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасымен 1400 бас мал алып өсіруде. Соның бірі Талап Елеуітовтің осыдан 4 жыл бұрын алған 56 бас ірі қарасы бүгінде жүздің сыртына шығып кетті.
– Ауылда мал өсірсең кем болмайсың. Қазір жайлауымыз да, қыстауымыз да бар. Қора-қопсыны да, техниканы да дұрыстап алдым. Қазақтың ет бағытындағы ақбас сиырын өсіріп жатырмыз, биыл абердин-ангус тұқымынан бір бұқа сатып алдық, – дейді тойда жүрген Талап. Енді шамалы күнде Арқалық қаласынан заманауи ет комбинаты ашылмақ. Бұл Торғай өңірінде мал шаруашылығының дами түсуіне ықпал ететін болады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұртшылықты мерекемен құттықтап, Жангелдин ауданында әлеуметтік мәселелердің шешімін тауып жатқанын айтып өтті.
– Биыл бюждеттен осы ауданның дамуына 150 миллион теңге қаржы бөлінді. Торғай кенті мен Ақшығанақ ауылына ауызсу тарту үшін 681 миллион теңге бөлінді. Алдағы жылы Ақкөл мен Көлқамыс ауылдарына ауызсу құбыры тартылады, оның құжаттары дайындалып жатыр. Амангелді мен Жангелдин аудандары арасындағы жолды жөндеу жұмыстары басталды, оған бюджеттен 3 миллиард теңге жұмсалады, – деді Архимед Бегежанұлы. Рас, нарықтың қиын жылдары ауданнан сыртқа кету басым болды. Бірақ ешкім туған жерді ұмытпапты. Мектептердің әр жылғы түлектері, осы өңірден түлеп ұшып, әр қиырда жүрген азаматтар той қарсаңында 75 миллион теңге тұратын 22 жобаны жүзеге асырыпты. Торғайдағы ипподром, спорт алаңы, концерт сахнасы секілді әлеуметтік орындардың барлығы да түлектер күшімен жаңаланды. Аудан орталығына кіре берістегі түлектер жасаған «Торғай қақпасы» кенттің сән-салтанатын келтіріп-ақ тұр. Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, түлектердің мұндай бастамасы жалғаса береді. Айтпақшы, осы тойда меценат Сапар Ысқақов жерлестеріне Торғай жерінен мұнай барлауға рұқсат алынғаны, оның алдағы жылы басталатыны туралы сүйінші хабарын да жеткізді.
Той құрметіне мазмұнды «Торғай энциклопедиясы» дайындалды. Асылы, торғайлықтар тұлғаларды еске алуды тағылым деп біледі. Осыған дейін белгілі білімпаз Қайнекей Жармағамбетовтің 100 жылдығын атап өтті. Ал бұл жолғы той халық ақыны Нұрқан Ахметбековтің туғанына 115 жыл толуын атаудан басталуы да осыған дәлел. КСРО мәдениет саласының үздігі Рысты Ерденова сахналаған Серік Тұрғынбековтың «Нұрқан» пьесасының қойылымы жұртшылықты бір серпілтті.
– Елдің тағдырына ықпал еткен, елдің тағдырын өзгерткен ұлы адамдар Торғайдан көп шықты. Басқасын былай қойғанда, әдебиет пен өнердегі бір-ақ адамды айтайын. Ол – Нұрқан Ахметбеков.Ол кісіде соншалық білім де жоқ, құдай берген тума талант еді. Оның «Ұры қарға» поэмасы қазақ әдебиетіндегі ең таңдаулылар қатарында тұрады. Шығарма қиын заманда, ұры заманда махаббатты да ұрлауға мәжбүр болған адамның күресін көрсетеді, – деді жазушы Төлен Әбдік.
Спектакльге торғайлықтар кәсіби актерлер шақырған жоқ, барлық кейіпкерлерді жергілікті жастар өздері ойнап шықты.
– Торғайдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің, Торғай драма театрының негізін Нұрқан атамыз салған. Торғайдың театры 1972 жылы «халық театры» атағын алды. Кейін кәсіби театрлардың белді актерлері болған Өзбек Мұқашев, Сейітбек Ордабаев, Бөлтірік Молдашев, Ықылас Ғұбайдуллиндер өнердегі тұсауын осы театрда кескен еді. «Ел іші – өнер кеніші» емес пе, талантты-талапты жастар бар. Оларға баяғы өзімізді баулыған Болат Хамзин секілді өнер тарландары, мамандар керек. Олар қазір мұндай шалғайға келмейді ғой, – дейді бүгінде жетпістің желкесіне мініп отырған мәдениет саласының ардагері Рысты апа. Туған жерге деген сүйіспеншілік оны да үйде жатқызбады, таяғына сүйеніп жүріп, спектакльді де қойды, Торғайдың бүкіл тарихын көз алдыңнан өткерер театрландырылған шеруді де дайындады.
Тойға ешқандай «жұлдыз» шақырылған жоқ, сірә, оны іздеген де ешкім бола қоймаған шығар. «Торғай әуендері» атты аймақтық ән байқауына облыс өңірі мен көршілес өңірлерден жас әншілер қатысты. Онда орындалған Торғай топырағының перзенттері, композиторлар Бақытжан Байқадамовтың, Болат Хамзиннің, Қалибек Дербсалдиннің, Бақытжан Сәуекеновтің, Алтынбек Серғазиевтің әндерін көрермендер де ыңылдап қосылып айтып отырды, туған жерге деген сағынышын осылай әнмен басты. Ән жарысының бас жүлдесін жергілікті өнерпаз Тасқын Әжібай алды. «Бабалар сазы» дәстүрлі ән байқауының бас жүлдесі облыстық филармонияның әншісі Айжан Саматқа берілді. Балуан күрестірмей, бәйгеге ат қоспай тойдың қызығы бола ма?! Ерәділов Азамат түйе палуан атады. Аламан бәйгеде Торғайдың «Адал» деген тұлпары мәрені алдымен қиды. Атбегі Балғабай Қабжанов бас жүлдеге тігілген машинаны мінді. Торғай осылай рухани түледі, бір жасап жаңарды, жаңғырды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы, Жангелдин ауданы