Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Жақсылар, дастан айтайын...» атты ІІ аймақтық жас жыршылар байқауы өтті.
«Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған байқауға қатысқан Шымкент қаласындағы №100 «Тоғжан» балабақшасының тәрбиеленушілері төрт жасар Қыдырәлі Әбдісабыр мен бес жасар Шынар Тойымбетова (тәлімгері – Жолдыкүл Төребекова) «Алпамыс батыр» анимациялық фильміне дубляж жасап, жырды жатқа оқыды. Байқауға қатысқан 33 үміткердің өнерін құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, Халық әртісі, әнші Қажыбек Бекбосынов, Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы №19 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнаш Жұматаева, А.Пушкин атындағы №1 мектеп-лицейінің оқытушысы Әсел Темірбаева және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан бар қазылар алқасы саралады. Үміткерлердің 20-сы екінші кезеңге өтіп, билет бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал жырдағы көнерген сөздердің мәнін түсіндіретін үшінші ақтық кезеңге 10 оқушы өтті.
Сонымен бас жүлдені (200 000 теңге) отырарлық Олжас Бакира жеңіп алса, ұстазы Айнұр Әлшеріге автокөлік кілті табыс етілді. Шардаралық Әсел Төлеп 1-орынды иеленсе, екі бірдей 2-орын отырарлық Қазына Бакира мен арыстық Ұлсана Мұқанға бұйырды. Үш бірдей 3-орынды созақтық Рәбия Шалтай мен Несібелі Сайлау және арыстық Әлжаппар Жорабеков еншіледі. Тағы 5 оқушы мен ұстаздарына ынталандыру сыйлығы берілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы