• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2018

Роботтандырылған жүйе мен инновацияларды енгізген тиімді

602 рет
көрсетілді

Елбасының Жолдаулары еліміздің кемелділігі мен азаматтарының игілігі үшін қызмет ететініне көз жеткізіп те келеміз. Күні кешегі Жолдауды ұжым болып тыңдадық. Жолдауда айтылған барлық мәселе – елдің көкейінде жүр­ген, шешімі мен іске асыру жолдары нақтыланған мәселелер. Әсіресе өзімізге етене таныс кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілерді қолдауға қатысты айтылған бастамалар мен жүктелген міндеттер біз үшін өте маңызды.

Мемлекет басшысы алқалы жиында мысал ретінде келтірген «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасы бүгінде қанатын кеңге жайып, сапалы өнімдері сұранысқа ие болуда. Осы сүт өнімдерін өңдеу кешенін Елбасының 2015 жылғы Жолдауынан кейін ашқан болатынбыз. Сол Жолдауда көтерілген бастамаларға сүйеніп, айқын мақсаттарды негізге ала отырып іске кірістік. Міне, арада үш жыл өтті, бүгінде жемісін халық көріп жатыр. Біздің кешенді ферма Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылып жатқанын білдіретін нәтижелі бір ғана мысалы дер едім. Елбасының Ақ­ордада отырып, ауылдағы біздің жағдайымызды, жұмысымыздың нәтижесін жақсы білетіні халыққа етене жақын екендігін тағы бір дәлелдеп отыр. Телеарна алдында Жолдауды тыңдап отырған ұжымымыздың қуанышында шек жоқ. Бізге бұл жайт қосымша күш-қуат берді. Бүгінде сүт өңдеу бойынша көрсеткіштеріміз де, сапа да жоғары. Соған сәйкес жұмысшылардың айлығы да көбейген. Серіктестікте 70 адам жұмыс істейді, орташа айлық 100-200 мың теңге аралығында. Өнім көлемінің, сапасының артуы соңғы технология­лармен жабдықталуға тікелей байланысты. Ақылды технологияларды өндіріске енгізудің нәтижесінде сиырларды сауыншы емес, робот сауады. Мамандарымызға жаңа технологияларды меңгерту, Елбасы Жолдауында айтылған роботтандырылған жүйелер мен өзге де инновацияларды енгізу арқылы сүт өндірісін 2 есеге көбейттік. Екі жыл бұрын голштин тұқымдас 400-ден астам Зеңгі баба төлін сатып алған болатынбыз. Қазір мал басы 900-ден асты. Қайта терең өңделген өнім еліміздің түкпір-түкпіріне тасымалдануда. 

Елбасы Жолдауында 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін ұлғайтып, өңдел­ген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арт­тыру керектігі айтылды. Біз өнім­дерімізді экспортқа шығаруға бір­тіндеп жақындап келеміз. Қазір алдымен өз тұтынушыларымыздың сұ­ранысын толық қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеудеміз. Еш­қандай қоспасыз таза табиғи болған­дықтан, өнімдеріміздің сақталу мер­зімі – 7 күн. Сұраныстың болуы осы­ған да байланысты шығар. Алдағы уа­қытта да серіктестік жаңа жобаларды жүзеге асырып, тұтынушыларды отандық өніммен қамтамасыз етуге қомақты үлесін қосатын болады.

Нұралы ӘБІШЕВ,

«Бөрте-Милка» ЖШС құрылтайшысы, директоры 

Түркістан облысы