Қазақтың сүйінші дейтін жақсы бір сөзінің талантты актриса Самал Еслямова есімімен қатар жүретініне өнерсүйер қауым әбден үйреніп алған. Көктемде ғана Францияның Канн қаласынан жеткен «Самал – үздік актриса» деген ақжолтай хабар төрткүл дүние назарын қазақ еліне бұрғызса, енді, міне күні кеше талғампаз ару шеберлігі кино өндірістің отаны саналатын түрік елін де талантына табындырды.
Өткен аптада Түркияның Анталия қаласында өткен 55-ші халықаралық кинофестивальде әлемдік киноөндірістің үздіктері анықталды. 10 аталым бойынша сарапқа түскен таланттар тағдыры кәсіби кино мамандарының таңдауымен анықталып, жаһанға жария етілді. Қазылар алқасының шешімімен, режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі рөлі үшін қазақстандық Самал Еслямова үздік актриса атанды.
«Айка» кинотуындысында баласын өмірге әкеле салып, одан бас тартқан жас қыздың бейнесін кейіптедім. Оңай болды демеймін. Үлкен ізденісті талап етті. Бірақ соның нәтижесінде кино өнеріне басқа, байыпты көзқараспен, жауапкершілікпен қарап үйрендім. Бүгінгі жеңісім сол ізденісімнің жемісі деп ойлаймын», – деп түсіндіреді актриса Канн және Түркия кинофестивальдеріндегі жеңісінің сырын.
Ал фильм режиссері Сергей Дворцевой болса, кинотуындысына таңдаған актриса, яғни Самал жөнінде былайша пікір білдіреді: «Жалпы, актерге туабітті таланттан бөлек, мінез де керек. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Ол – шынайы сезімнің актрисасы».
Айта кетейік, Анталия қаласын думанға бөлеп, қазақ қызына теңдессіз абырой сыйлаған айтулы өнер байқауында, сондай-ақ ирандық режиссер Джафар Панахидің «Үш бейне» (Three Faces) картинасы «Үздік фильм» деп танылса, жапон режиссері Хирокадзу Корээда «Дүкен ұрылары» (Shoplifters) картинасы үшін «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды. Ал ливандық Надин Лабакидің «Капернаум» (Capharnaüm) фильміндегі ізденісі үшін Заин әл-Рафеа «Жылдың үздік актері» атанды. Бұдан өзге аталымдағы жүлделер де сарапшылар алқасының шешімімен лайықты иелеріне салтанатты жағдайда табыс етілді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»