Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.
6 міндет, 100 шара
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Жалпыұлттық жоспарда еліміздің дамуы үшін қолға алынатын негізгі алты міндет бойынша 100 іс-шара қамтылған.
Мемлекет басшысы Жолдаудағы бірінші тапсырма – «Халық табысының өсуі» міндеті бойынша қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне ерекше назар аударды. Бұл мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 24 іс-шара қарастырылып отыр.
«Қазақстандықтар үшін аса маңызды шаралардың бірі – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп 1,5 есе арттыру. Халықтың кірісін қорғау үшін заңнамаға тариф белгілеу тетігінің, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізілетін болады. Бизнесті тиімді қолдау мақсатында 2025 жылға дейінгі Бизнестің жол картасы бағдарламасы жалғастырылады», деді Т.Сүлейменов.
«Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші міндеттің аясында екі маңызды сала – білім беру және денсаулық сақтауды қамтитын 24 іс-шара көзделген. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, оқушылар орнының тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мақсатында осы жылдың соңында өңірлерде мектептердің құрылысы басталатын болады.
Денсаулық сақтау саласында медицина қызметтерінің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлы түрде жүргізуге көшеді.
«Биыл Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Ол қазіргі заман талабына жауап беретін құрылғылармен жабдықталады. Халықты сапасыз және денсаулыққа қауіпті тауарлар мен қызметтерден қорғау мақсатында Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады», деді Т.Сүлейменов осы мәселелерге орай.
Бұған қоса, республиканың жері мен халқын тиімді аумақтық ұйымдастыру мақсатында «елімізді аумақтық-кеңістіктік дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасы» қабылданатын болады, бұл еліміздің басқарылатын кенттенуінің жаңа картасына айналады. Министрдің айтуынша, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы нақты іс-шараларын, жобалары мен қаржыландыру көлемін көрсете отырып келесі жылы қабылданбақ. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын, коммуналдық және тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүргізілу мерзімі ұзартылатын болады.
Т.Сүлейменовтің айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі жақсарту және азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматын енгізуді, қоғамдық қауіпсіздікті мониторингілеу жүйелерімен қамтамасыз етуді көздейтін ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасы қабылданбақ. «Соттардың жұмыс істеуінің заманауи форматын және озық электрондық сервистерді енгізу, артық сот рәсімдерін қысқарту арқылы сот жүйесі одан әрі жаңғыртылатын болады», деді министр сот қызметін жақсарту жөнінде.
Жалпыұлттық жоспарда «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» атты төртінші міндет аясында 19 іс-шара көзделген. Мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін адамдарға түсіндіруді көздейтін «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасы әзірленетін болады.
Ал «Тиімді сыртқы саясат» бесінші міндеті аясында сыртқы саясатты қазіргі жағдайларға бейімдеу және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарында ілгерілету бойынша шаралар әзірленбек.
Алтыншы, «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» міндетінің шеңберінде 6 іс-шара көзделген.
«Жалпыұлттық жоспарды уақытылы орындау Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз болады», деп түйіндеді сөзін Ұлттық экономика министрі.
Жалпыұлттық жоспар жобасы қабылданғаннан кейін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әкімдіктер мен министрліктер, барлық мүдделі мемлекеттік органдар жоспардың барлық шараларын орындауды қамтамасыз етуі қажеттігін атап көрсетті.
Педагогтер мәртебесі заңмен айқындалады
Мұнан кейін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің «Білім берудің өзекті мәселелері» атты баяндамасы тыңдалды. Елбасы жаңа Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып белгіленіп, мұғалімдердің мәртебесі мен қоғамдағы рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, білім беру жүйесін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге пәрмен бермек.
Министр өз баяндамасында алдағы проблемаларды шешу міндетін сала-салаға бөле отырып, жүйелеп баяндады.
Бірінші. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту. Қазіргі уақытта 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 95%-ті құрайды. Бұл іске заманауи сипат беру үшін балабақшаларға жолдама берудің электронды жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта оның орташа көрсеткіші – 70%. «Бұл көрсеткіш 8 өңірде 100% болса (Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола, Маңғыстау облыстарына), ең төменгі көрсеткіштер Қарағанды (44%), Түркістан (35%) және Алматы (30%) облыстарында орын алып отыр», деді министр. Ал Жамбыл және Қостанай облыстарында электронды жүйе іске қосылмаған.
Сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мектепке дейінгі ұйымдардың басты міндеттерінің бірі болып табылады.
«Қазіргі уақытта балабақшалардың 58%-інде (3 589) ғана бейнекамера (37 373) орнатылған. Ең жоғары 100% көрсеткіш Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарына, Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі», деген министр бұл іске әлі бел шешіп кіріспеген өңірлерді де атап көрсете кетті.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес балабақшалар мен мектептерді бейнекамерамен қамтамасыз етуге үш жыл беріліп отыр. Осы жұмысты бүгіннен бастап қолға алуды сұраймыз. Министрлік өзінің тарапынан ай сайын мониторинг жасап, ақпаратты жариялап отырады», деді Е.Сағадиев. Білім саласындағы тағы бір үлкен жаңалық Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленбек. Заңда педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, оқу жүктемесін қысқарту, қажетсіз тексерулерден қорғау үшін нормалар қарастырылады. Заңды бекіту 2019 жылға жоспарланған. Биыл осы заң дайындалып, қоғамдық талқылау үдерісінен өтетін болады.
Мектеп инфрақұрылымына мән беріледі
«Ағымдағы жылы біздің база арқылы 680 мектепте күрделі жөндеу жүргізу қажет болған, бірақ жөндеу олардың 50%-інде ғана жүргізілді. Ең жоғары 100% көрсеткіш 8 өңірде байқалады (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облыстары, Алматы және Шымкент қалалары). Ал ең төменгі көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Жамбыл облыстарында. «Бүгінгі таңда республика бойынша 45 апаттық мектеп бар. Оның ішінде заң бойынша республикалық бюджеттен салынатын тек қана бір апаттық мектепке қаражат қарастырылған. 29 мектептің құрылысы жергілікті бюджет арқылы салынып отыр. Қалған 15 апаттық мектептерді салу мәселелері шешілмеген. Олардың көбі Батыс Қазақстанда, Қостанай және Жамбыл облыстарында», деген Е.Сағадиев осы мәселе бойынша министрлікке облыстардан ұсыныстар жиі түсіп жатқандығын, бірақ заң бойынша және Есеп комитетінің қорытындысы бойынша мұндай мектептер жергілікті бюджеттен салынуы қажеттігін айтып өтті.
Осы мәселеге байланысты облыстар әкімдерінің есептері тыңдалды. Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев елімізде 127 мектепте оқытудың үш ауысымда жүргізілетінін, 321 мектепте тамақтандырудың ұйымдастырылмағанын, басқа да бірқатар проблемаларды атап көрсете келе, білім беру проблемаларын шешуге бұрыннан жоспарланған 47 млрд теңгеге қоса енді Елбасының Жолдаудан туатын тапсырмаларын орындауға қосымша 50 млрд теңге қарастырылатындығын атап көрсетті. Осы қаражатты тиімді пайдалануды тиісті орындарға міндеттеді. Әкімдерге білім саласында жан басына шығатын шығындарды кемітпеу жөнінде тапсырма берді.
Үкімет отырысында мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөнінде мәселе қаралды. Бұл мәселе жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың баяндамасы тыңдалды. Ол өз баяндамасында Қазақстанда 674,2 мың мүгедектігі бар адам тұратынын, оның 62%-і еңбекке қабілетті жаста, 25,4%-і зейнеткерлік жаста, 12,6%-і әлі 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер екенін айтып өтті.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс шамасының өзгеруіне байланысты мүгедектерге берілетін жәрдемақы 16%-ке дейін арттырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәмелет жасқа толған бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім көрсетіп отырған адамдарға 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа жәрдемақы енгізілді. Бүгінгі күні жәрдемақы 10 мың отбасына тағайындалды, оның мөлшері 29 699 теңгені құрайды.
Аталған мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің өз салалары бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы қосымша баяндамалары тыңдалды.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халықтың әлсіз топтарын қорғау мен мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі адамдар проблемасы Елбасының назарында тұрғандығын, жаңа Жолдауда бұл мәселенің де атап көрсетілгендігін еске сала келе оларға жайлы орта қалыптастыру өркениетті қоғам белгісі екендігін айтып өтті. Премьер-Министр осы мәселе жөнінде жаңа бағдарлама әзірлеуді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»