Құндылық кілті – келісім мен татулық
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айындағы Жолдауы – қазақ көшбасшысының көрегендігін кезекті рет көрсетті. Бұрынғы Жолдауларында ол елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, енді Қазақстан азаматтарының тұрмыс-ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттарды белгілеп отыр. Осының өзімен Қазақстанның көшбасшысы мемлекеттік саясаттағы ең басты капитал – адам екендігіне көзі жеткен экономикалық және саяси жетілудің шыңынан көрінеді. Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген – білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетулердің жақсаруы – міне, адам капиталын инвестициялауға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз. Осылардың бәрі менің қандастарым, Қазақстанда тұратын немістерге де қатысты болатыны мені қуантады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Жолдауының орындалуы экономикалық тетіктермен бекітілгені, нақты жоспарлардың белгіленгені және орындалуын қадағалайтын қажетті бақылау жүйесімен астасқанын атап өтуге тиіспін. Қазақстан халқы Ассамблеясының Германиядағы елшісі болғандықтан мені Жолдаудың орындалуының шарты елдегі басты құндылық ретінде бағаланатын бейбітшілік пен келісім екендігі де қуантады. Мұны біз, германиялықтар жақсы түсінеміз. Президенттің Жолдауда көрсеткен барлық мақсаты орындалып, Қазақстан халқының табыспен өркендей беруіне тілектеспін.
Генрих ЦЕРТИК,
Германияның саяси қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының елшісі
Қарапайым халық әлеуеті басты назарда
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының басымдықтарымен үлкен қызығушылықпен танысып шықтым. Осы орайда, ең алдымен назар аудартқаны – Жолдаудың азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне, өмірлік маңызды мәселелерге және әлеуметтік қорғалуына бағдарлануы болды. Менің ойымша, Жолдаудың кейбір тұстары өзге елдерде де көрініс тауып жатса құба-құп. Сонымен қатар Үкімет қызметінің адамды дамытуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы назар аударуға тұрарлық әрі құптарлық іс.
Расим МУСАБЕКОВ,
саясаттанушы, Әзербайжан парламентінің депутаты
Өзекті әлеуметтік сауалдарға нақты жауап
Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық этностың мүддесін тоғыстырған, ұлтына қарамастан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын барынша сақтауды көздейтін Қазақстан саяси жүйесінің маңызды элементіне айналғанын көріп отырмыз. ҚХА қызметі республикадағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан ҚХА-ның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына қатысты үндеуі – қисынды қадам және оның ұлттық саясатты іске асыруға белсенді қатысуының көрінісі. Жолдауда отбасы мен жастар мәселесі, табыс табу деңгейі, жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы мен экология сияқты өзекті мәселелер қозғалған. Осының бәрі көрсетілген Жолдау қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырудың жаһандық стратегиясын білдіреді деп нық сеніммен айтуға болады. Өз кезегінде ҚХА мәлімдемесі сан алуандылыққа қарамастан тұрғындардың қолда бар мүмкіндікті пайдалануына және елді дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін шоғырландыруға дайын екенін білдіреді. ҚХА Кеңесінің 6 қазандағы үндеуінде атап өтілгендей Қазақстан Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы қоғамның өзекті әлеуметтік сауалдарына нақты жауап болды. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа Жолдаудың міндеттерін толық қолдау және оларды іске асыру мен түсіндіруге белсенді қатысу, сондай-ақ барлық қазақстандықтарды ұлттық әл-ауқатты мемлекет құрылысының мақсаттарына қол жеткізу үшін жұмылуға шақыруы ерекше маңызға ие. Бауырлас Қазақстан халқының алға қойылған міндеттерді табысты іске асыруына тілектеспін. Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ашылуында біздің көшбасшымыз Шавкат Мирзиёев атап өткендей, «Бүгін берекелі және жомарт Қазақстан жерінде біз өзімізді туған үйде, арманы мен мақсаты ортақ тату отбасының мүшелері ретінде сезінеміз».
Комил КАЛАНОВ,
Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры
Туысқан Қазақ елінің игіліктері бізді қуантады
Қазақстан егемендігін жариялағаннан бері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларымен экономика және басқа салаларда іргелі шараларды жүзеге асырды. Соның арқасында елдің тұрмысы оңалып, бақуаттылыққа қол жеткізді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолғы Жолдауында мезгіл тамырының бүлкілін дөп басып, жұрттың қызығушылығын тудырған, өңірдің ілгері басуына ықпал ететін мәселелерді көтеріпті. Қазақстанның экономикасы жоғарыға сатылай көтеріліп, ретімен дамып келеді. 2050 жылы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мақсаты – экономиканың жоспарға сай жүзеге асып жатқанының айғағы. Мұнда Елбасының экономиканың қыр-сырын терең білгендігі басты рөл ойнап отыр. Қазақстан енді экономиканы экстенсивті дамытудан интенсивті дамытуға көшті. Таратып айтқанда, бұрынғыдай жаратылыс байлықтарын, шикізатты экспортқа шығаруға басымдық бермей, жаңа технологияларды пайдалануға, керекті өнімдерді елдің өзінде өндіруге, сыртқа дайын заттарды шығаруға ден қойды. Жолдауда осы жағдайлар да айтылған. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қаржы қарастыру тапсырылған. Ал енді ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті жүктелген. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің импортын 2,5 есе азайту дегенді білдіреді. Жолдаудағы менің көкейіме қонған жайттардың бірі – «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының екінші тынысының ашылғаны. Біріншісі – көлік инфрақұрылымын дамыту, екіншісі – коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы құрылысын кеңейту елге ең қажетті өзекті жұмыстар екені айтпаса да түсінікті. Қырғызда «Коңшуну тандабайт, Кудай кошот» деген мақал бар, Құдай қосқан көрші әрі туысқан қазақ елінің игіліктері бізді қуантады.
Айылчы САРЫБАЕВ,
Бішкек Экономика және қаржы институтының ректоры,
экономика ғылымдарының докторы, профессор