Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының актив жиналысы болып, онда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
Жолдауда отандық өнімді арттырып, экспортқа көңіл бөлу тапсырылды. Өткен жылы ет экспорты бойынша республикалық көрсеткіштің 40 процентін, яғни жартысына жуығын Ақжайық өңірі атқарған. 1300 тонна сиыр еті шетелге, атап айтқанда Ресей, Армения, Иран және Ауғанстан мемлекеттеріне шығарылды. Қой етін экспорттау жоспары 2,5 есеге артық орындалып, 500 тоннаға жуық ет шетелге сатылды.
– Біз мұнымен шектелмейміз. Себебі жаңа Жолдау қосымша мүмкіндіктер тудырып отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірдегі ирригациялық құрылымдар жүйесін жаңарттық. 4 ірі жоба жүзеге асырылып, суармалы жерлер 70 мың гектарға кеңейді. Осының нәтижесінде мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көбейе бастады. Шаруа қожалықтарының саны 2017 жылы 5 мың болса, биыл 6500-ден асты, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Өңір басшысы өзінің сөзінде тоқтап тұрған жобаларға инвестор тартылып, жаңадан тағы 10 мың бас мал бордақылайтын алаңдар салу жоспарланғанын айтты. Бүгінде өңірдегі игерілмей жатқан 1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның жартысы іскер азаматтарға қайта берілген. Қолға алынған 12 инвестициялық жобаның тең жарымы шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асуда. Білім саласында өңірдегі жеке балабақшалардың саны 24-тен 52-ге көбейіп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 процентті құрады.
Цифрландыру аясында қаладағы балабақша кезегі толықтай электронды кезек жүйесіне көшірілді. Жыл соңына дейін барлық аудан орталығы осы жүйеге өтеді.
Жалпы, облыс әкімі актив алдында өңірде алда қолға алынатын жобалар туралы кеңінен айтып берді. Осы жиында сөз алған «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев 2019 жылдың қаңтарынан бастап компания қызметкерлерінің жалақысы өсетінін хабарлады. Отандық өндірушілер мемлекет қолдауын анық сезініп отыр. Өңірдегі темірбетон резервуарлардың 90 процентін біздің компания шығарады. Жылына 2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, ел қазынасына 200 млн теңге салық түсімін құйдық. Өңірдегі жол құрылысының дамуы, мемлекеттік 7 – 20 – 25 бағдарламасы біздің компанияның жүйелі тапсырыс алып, қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр» дейді Бақытжан Нұрбаев.
«Медициналық орталық» ЖШС директоры Рафхат Истаев өңірдегі медицина қызметкерлері атынан Президент Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жалақысының өсуі, қағазбастылықтан арылу – дәрігерлердің көптен күткен жаңалығы еді. Сонымен бірге өңірдегі медициналық мекемелер осы заманғы ең озық құрал-жабдықтармен жарақтанып жатыр. Енді бұған медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі сай келіп, халық денсаулығы үшін аянбай қызмет етуі тиіс. Орал қаласындағы №17 орта мектеп директоры Тамара Рудич Президенттің биылғы Жолдауы білім саласы қызметкерлері үшін қуанышты жаңалыққа толы болғанын айтты.
Бұдан кейін мінбеге «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев, жеке кәсіпкер Саян Баетов шығып, өздері араласып жүрген ауыл шаруашылығы саласындағы іс-тәжірибесімен бөлісті. Сөз алушылардың бәрі де Президенттің жаңа Жолдауы ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге тың серпін беретінін баса айтты. Жиын соңында облыс активі жиналысының қарары қабылданды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы