Бұл – адам дамуының негіздерін нығайту бағыты
Бейбітшілігі мен келісімі орныққан еліміздің жан-жақты дамуының куәгері ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауын зор ықыласпен қабылдадым. Кезекті Жолдаудың бір ерекшелігі экономикалық даму мен өмір сапасын арттыруды үйлестіріп, біртұтас қарастырылуы дер едім. Бұл мемлекетіміздің әлеуметтік, демократиялық айқын сипатын айғақтай түседі. Елбасымыз «Әрбір Жолдауымда халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыт ұстанамын» деген сөзімен жаңа Жолдаудың мақсат-мұратын анықтап берді.
Қол жеткен жан-жақты табыстарымыз бен жетістіктерімізді айта келіп, осы берік тұғырда әрі қарай қарыштау үшін жаңа биіктерге дайын екеніміз баса көрсетілді. Бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша халықаралық рейтингте 36-орында тұрғанымыз бұған негіз береді.
Әрине педагог болған соң, өзім Жолдаудың адам дамуы мен білім беру бағыттарындағы жобаларына ден қойдым. Мұның өзі бала-бақшалардан бастау алады дей келіп, Елбасы орта білім беруді адам дамуындағы негізгі буын ретінде атап өтті. Мектептерді реформалаудың соңғы нүктесі қойылды, яғни барлық мемлекеттік жалпы орта білім беру орындарын Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттарына келтіру міндетін нақтылап белгілеп берді. Әрине, меже биіктігіне ұмтылыс бірте-бірте оқу-материалдық базаның да сәйкес жабдықталуына септік етеді деп сенемін.
Расында да соңғы жылдарда мектепте өз дамуында сан түрлі бағыт арасында біраз айқынсыздықтың белең алғаны белгілі. Ендігі жерде Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісі барлық орта мектептер үшін бірден-бір міндетті жол болатын болды. Бұл тұжырымдамалық айқындаманың белгіленуі, сөз жоқ, жалпы орта білім беруді бірыңғай бағдарда жүзеге асыруға, оған жаңа қарқын қосуда шешуші серпін береді. Білім сапасының көрсеткіштерін жетілдіру мақсатында ендігі жерде оқушылар білімін бағалау жүйесі халықаралық стандарттар арқылы жүзеге асады. Ол мектептің жаңа бағытқа бет бұруын жеделдететін болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы педагогтардың мәртебесі туралы жаңа заң қабылданатынын мәлім етті. Оның өзегіне оқушылардың оқу жүктемесін мейлінше азайту алынбақ, нәтижесінде білім сапасы артатын болады. Педагогтарымыздың педагогикалық-психологиялық құндылықтары лайықты бағасын алып, кәсіптік-азаматтық жауапкершілігінің артуына, олардың өмір салтына айналуына көмек етеді. Сондай-ақ мұғалімдерді педагогикалық емес қоғамдық жұмысбастылықтан түбегейлі арылту көзделмек.
Әлі де орын алып отырған апатты мектеп үйлері және 3 ауысымда оқу жағдайлары алаң туғызады. Жолдауда осы келеңсіздіктерді тезірек түзету мәселесіне көңіл бөлінді. Осы мақсаттағы тиісті шаралар 2019-2021 жылдарда қосымша 50 млд теңгемен қаржыландырылады.
Әрине бүгінде жалпы орта білім беруді жақсарту міндетіне байланысты кезек күттірмейтін кешенді жұмыстары көп. Елбасы олардың баршасының оң жүзеге асуына негіз болатын мәселелердің басын ашып берді. Әсіресе білім беруді дамыту жолдарында Кембридж үлгісіндегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім стандартын таңдаудың бір ізге салынуын тарихи шешуші қадам деп білемін. Әлемдік білім кеңістігіне енуді көздейтін бұл жол жас ұрпақтың қоғам мен әлемнің өзгермелі жағдайларына бейім, дайын болуын, бәсекелестікке қабілеттілігін, өмір бойы оқып-үйренуге міндеттілігін қамтамасыз етеді.
Жоғары білім беруде де инновациялық салалар үшін инновациялық мамандар даярлау, қажетсіз мамандар даярлауды үзілді-кесілді тоқтату сияқты тапсырмалар берілді. Осы орайда Назарбаев Университеті үлгісіндегі мүмкіндік еске салынды. Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Шағын елді мекендер тасада қалмайды
«Ауыл – барша қазақтың бесігі» деген сөз тіркесі мен қолданысы тілдік қорымызға орныққалы қашан?! Расы да, дұрысы да осы ғой. Қалада туып қайраткер атанғандар некен-саяқ десем қателесе қоймаспын. Оның есесіне халқымыздың мақтан тұтар ұл-қыздарымыздың кіндігі ауылда кесіліп, ауылда өскені ешкімге де құпия емес. Соның ішінде Мемлекет басшысы өз Жолдауын Қазақстан халқына жолдап отырған сәтте ауызекі сөз арасында ауылдың жағдайын бір кісідей білетінін, өйткені өзі де ауылда туып-өскенін риясыз көңілмен, тіпті мақтаныш сезіммен айтқаны – барша ауыл тұрғындарының ризашылық сезімін туғызды деп есептеймін.
Кейбір дамыған елдерде, соның ішінде АҚШ-та тұтас халықтың екі-ақ проценті шеткері құрылымда тұрса, Қазақстан халқының 40 процентінің тұрақты мекені ауыл болып отыр. «Бұл өте, үлкен әлеует», деп тұжырым жасады Президент. Біз бұл Жолдаудан Мемлекет басшысы тарапынан ауылға деген қамқорлық пен қолдаудың ұдайы, үздіксіз бола беретінін, ауыл ешқашан тасада қалмайтынын терең түсіндік. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы тұсында Елбасы өз Жарлығымен бір жылды емес, екі жылды емес, тұтастай үш жылды ауылды дамыту жылы деп жариялағаны ұмытыла қойған жоқ. Енді, міне, арада тағы біраз жыл өткенде Президент ауылды одан әрі дамыту мен қайта түлету мәселесіне тағы бір мәрте оралып, «Ауыл – Ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Мұндағы басты мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауда жариялау кезінде мәлімдегеніндей ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісу болмақ. Бұл расында да ауылдың жай-күйін өте жақсы білетін, оған жаны ашитын адамның қадамы екені анық. Өйткені ауылдың еңсесі тіктелді деп өзімізді-өзіміз алдаусыратқанымызбен мұндағы әлеуметтік ортаның жай-күйі әлі де олқы екенін жасырып қалудың қандай қажеті бар. Елбасының тұжырымдауынша осы жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуге, оны түбірімен қайта орнықтыруға болады. Сәл тарқатып айтқанда, бұл түсініктің түп төркінінде ауылдағы әр тұрғын мен отбасы мүшелерінің еңбекке деген адал көзқарасы мен құлшынысына жаңаша серпін беру қажеттігі тұр деп түсінемін. Өйткені маңдай термен келген табыстың орны қашан да бөлек. Ауыл тұрғындары халықтың тұтынуы үшін тікелей азық-түлік өндіретін белдеу мен ендікте тұрғаны да оларға жауапты міндеттер жүктейді. Үлкен және орта бизнес демесек те, әркімнің мүмкіндігі мен шама-шарқына қарай шағын кәсіппен шұғылдануының қажеттілігі де осында. Бұл олар үшін де, мемлекет үшін де тиімді қадам. Бүгінде өзім де зейнет жасында екеніме қарамастан, осындай екі жақты пайдалы іспен шұғылданып жүргенімді айта кеткім келеді. Сондықтан да мен елге тигізетін шапағаты мол «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуын толығымен қолдаймын.
Құсайын ШАЛМАНОВ,
Сарыкөл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері
Ақтөбе облысы,Темір ауданы
Жастар ауылдарға барса
Өзім ауылдағы балабақшада жұмыс істейтіндіктен Жолдаудағы білім беру, денсаулық сақтау саласына, ауылды көркейтуге, жастарға қатысты айтылған ойлар ерекше назарымды аударды. Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігін айтып «Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет», деді. Осы ретте балабақшадағы білім сапасымен қатар ондағы қызметкерлердің де жалақысы көтерілсе дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Жасыратыны жоқ, қазір ауылдағы жұрттың көбі науқастанып қалса, жолдың шалғайлығына қарамай қалаға барып емделгенді жөн көреді. Аудан орталығындағы ауруханаларға қаралатындары сирек. Сондықтан Президенттің ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы жөніндегі сөзі ауылдағы дәрігерлер қауымының жұмысына тың серпін береді деп есептеймін.
Мені тағы бір қуантқан дүние – келесі жылдың Жастар жылы деп жарияланғаны. Қазір ауылдық жерлерде жастардың азайып кеткені жасырын емес. Әсіресе Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай секілді шалғайдағы шекаралық аудандарда жастар жоқтың қасы. Арнаулы жыл аясында жастарымыз осындай алыстағы аудандарға барып, қызметке тұрса, ауылдарды қайта жандандыруға үлес қосса, нұр үстіне нұр болары анық.
Ұлпан ИХАНБАЕВА,
«Балдырған» балабақшасының медбикесі
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы
Өмір сапасы жақсаратын болады
Елбасы Жолдауында айтылған халықтың әл-ауқатының артуы қажетті материалдық және рухани игіліктерге, қызмет көрсету сапасына, әлеуметтік қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Мемлекет басшысының барлық Жолдауларында көрініс табатын ұстаным – Қазақстанда жоғары өмір стандарттары бар әлеуметтік мемлекет құру. Адамдардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту, әлемнің озық үлгідегі стандарттарына сәйкестендіру жас ұрпақтың қолайлы ортада қалыптасуына, дамуына зор мүмкіндік береді.
Осы орайда өткен жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігі, маңыздылығы артпақ. Аталған бағдарлама аясындағы әрбір ірі жобаның нәтижесі халықтың санасына түрткі болып, оның ішкі дүниесін байытуға, өмір көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Атап айтсақ, ата-бабасының өткен жолын, қасиетті мекендерін, туған жерін дәріптеп, алдыңғы қатарлы әлемдік оқулықтармен білімін тереңдетіп, ұлттық мәдениетпен сусындап, оны заманауи трендтермен ұштастырып өскен азамат мемлекеттің адам капиталы, қоғамның белсенді тұлғасы болмақ.
Халықтың өмір сүру сапасы және әл-ауқаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тығыз сабақтастықта, бірін-бірі толықтыратын мемлекеттік саясаттың бағыттары. Өмір сапасын адамның әлеуметтік және рухани дамуымен, оның тән саулығы ретінде түсіндіруге болады. «Тәні саудың – жаны сау» мақалында айтылғандай, өмір сүру деңгейі қалыпты, әл-ауқаты жеткілікті адамның санасы жаңашылдықты қабылдауға, өзін-өзі одан әрі жетілдіруге дайын болатыны күмәнсіз.
Әсел НАЗАРБЕТОВА,
ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы
Білім саласы үшін бетбұрыс кезең
Көпшілік назарына ұсынылған Мемлекет басшысының Жолдауы қоғамға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бағдарламалық құжатта ел экономикасын дамыту, заманға сай өркендеу сынды тың мәселелер қозғалды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау әр саланы қамтып, жүйелі жұмыс істеуге негізделген.
Мемлекет басшысы бұл Жолдауында еліміздің білім саласы үшін түбегейлі бетбұрыс кезеңінің басталғанын нақты айтты. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұстаз мәртебесін айқындау туралы Елбасының тапсырмасы атаулы сыйлық болды деп есептеймін. «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деді Президент өз Жолдауында. Ұстаздардың мәртебесін айқындайтын заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандырудың барлық тетіктерін қарастырады. Ұстаздардың жүктемесі қысқартылып, түрлі тексерістерден арылатын болады. Сонымен қатар Елбасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартқа айналуы тиіс екендігін айтты. Бюджеттік сала өкілдері жалақысының 35%-ке өсетіні, білім саласындағы реформалардың сапасына мән берілетіні ұстаздар қауымын қуантты. Осының барлығы кәсіби мереке қарсаңында жасалған тарту деп есептейміз. Тиісінше мұғалімдер құлшынып жұмыс істейтін болады. Қазір облыста мұғалім мәрбесін көтеруге бағытталған жұмыстар нәтижелі екенін айта кеткен жөн.
Ендігі кезекте білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымы және еншілес аудандық, қалалық комитеттерінің алдында бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын Жетісу өңірінің әрбір тұрғынына, еңбек ұжымдарына жан-жақты түсіндіру міндеті тұр.
Садық ӘБДІҚАДЫРОВ,
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы
Алматы облысы
Тіл болашағында ұлт мәселесі бар
Қай заманда, қай елде болсын, болашағын ұрпағына берген білімі мен тәрбиесіне қарай бағамдап, соларға үлкен үміт артуы заңдылық. Біздің елімізде білімге болашаққа құйылған инвестиция ретінде қарап, мектеп оқушыларына жан-жақты әрі заманына сай лайықты білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Кейінгі жылдары баланы практикалық біліммен ғана сусындатпай, әлеуметтендіруге де үлкен мән берілуде. Сондай-ақ үштілді білім беру, роботтехника сыныптарының ашылуы – осының айғағы...
Алайда, баланың ана тілі, дүние есігін ашқаннан бесік жырын естіп өскен қазақ тілі ең басты орында екенін ұмытпауымыз керек. Ғасырлар бойы бабамыздан мұра болған, ұлттық тегімізді сақтап қалуда өзіндік үлкен орны бар тілімізді келешек ұрпаққа лайықты түрде үйрету, әрине, қазақ тілі мұғалімдерінің алдындағы үлкен мәселе.
Мектепте қазақ тілі пәнін оқытуға қатысты әдебиеттер мен әдістемелік құралдар жетерлік. Ұшқыр заманның ұшқалақ баласы әр нәрсені бір үйренемін деп, әр нәрсеге қолын созуға құмар екенін де білеміз. Ондай кезде бала көз алдындағының барлығын талғап, тексерместен бойына сіңіре береді. Осы орайда, тілді жетік меңгерген сауатты мұғалімнің балаға ұлттық тілін бойына сіңіруде атқарар еңбегі зор.
Тіл – біздің ұлттық тегімізді жеткізуші. Тіліміз қарым-қатынас құралы болуымен қатар, қазақ екенімізді әлем жұртына мойындатар құрал. Ал оны бұрмалап, басқа тілмен қатар қойып, бала бойына оның құндылығын сіңіре алмасақ – ұлттық болмысымыздан айырылғанымыз. «...Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.
Президент, сондай-ақ қолданыстағы кириллицадан латын графикасына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Заман көшіне ілесу үшін қажеттілік болғанымен, бұл шешімнің негізінде қазақ тіліне ғана тән дыбыстардың сол қалпында сақталуы, тілімізге ғана тән үндерді келешек ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу міндеті тұрғаны түсінікті.
Осыған дейін кириллицаны пайдаландық. Тілімізге тән дыбыстар аталған алфавиттің ығына жығыла алмауы салдарынан, көптеген төл дыбыстарымыздың айтылуы мен жазылуы өзгерді.
Тілімізде айтылар сөздерді белгілейтін әріптер өзіндік қасиетке ие. Мәселен, әр әріптің дыбысталуында ерекше ырғақ бар екенін ескерсек, қазақ тілін дыбыстайтын әріптер адам бойындағы ұлттық қасиеттерін нығайта отырып, патриоттық сезімді одан әрі күшейте түсуге ықпал етеді. Демек, ол – тек графика ғана емес, адамның өмір салты, ұлттың болмысы. Латын графикасы арқылы дыбысталатын қазақ тілі адам санасында өзінің қазақ ретіндегі болмысын қалыптастырып, оның ұлттық ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Ұлттық тегінен тамыр тартпаған сөз айтылуы кезінде ағза жасушаларымен іштей қарсылыққа түсед. Себебі, ген олардың айтылуын түсінбеуі салдарынан оған сәйкес бейнені құрай алмайды дейді ғалымдар. Олай болса, ұлттық кодымызды сақтаудың бірден бір жолы – тіл тазалығы болса, латын графикасы арқылы осы мақсатқа жететініміз анық.
Гүлім УДЕШОВА,
Шет тілдері колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Қарағанды облысы