Қарағанды қаласында Ұстаздар күні мерекесіне орай өңірдің үздік деп танылған педагог мамандары облыс әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Олардың арасында 103 жасқа толған ардагер ұстаз Шәукей Жұқанұлы мен 100 жастағы қарт мұғалім Мария Володько да болды.
Салтанатты шараны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев ашты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мұғалімдерді олардың тікелей міндеті болып табылмайтын жұмыстардан босатуды айтып, ұстаздарды жақтады. Осының барлығы «Педагог мәртебесі туралы» заңда ескерілетін болады. Президент келесі жылы ол заңды қабылдауды тапсырды. Құрметті педагогтар, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың атынан сіздерді Ұстаздар күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Бұл әркім үшін өзінің алғашқы ұстазын еске алуға себеп болатын керемет мереке. Алғашқы ұстаз – ең жақын, жүрекке ең ыстық адам, – деп атап өтті Жандос Әбішев.
Салтанатты марапаттау кешінде үздік деп танылған 13 ұстаздың әрқайсысына 500 000 теңгенің сертификаттары мен дипломдар табыс етілді. Бұдан бөлек, «Білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» аталымы бойынша 8 педагог маманға 1 миллион теңгеден сыйақы берілді. Салтанатты кештің соңы өнер жұлдыздарының концертімен түйінделді. Ұстаздар алдында танымал әнші және продюсер Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, әнші Адам, биші Атай Өмірзақов, сонымен бірге вокал және хореография ұжымдары өнер көрсетті.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ