Биылғы жыл күнтізбесіндегі атқарылған шаралардың бірі – Біртұтас экономикалық кеңістік құруға жасалған қадамдар болып табылады. Экономикалық ықпалдастықтың негізгі төрт сатысы, бірінші сатысы – еркін сауда аймағы, екінші сатысы – Кеден одағы, үшінші сатысы – біртұтас экономикалық кеңістік, төртінші сатысы – экономикалық одақ десек, өткен 2 жыл ішінде екі сатыдан өткен Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері екінші сатыны мейлінше бекіте түсті. Бұл орайда Кеден одағының сыртқы саясат, техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды, кедендік әкімшілік шараларын, салық салу негіздерін және тағы басқа салаларды ретке келтіретін шарттық-құқықтық базасы қалыптастырылды. Ал 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағының Кеден кодексі күшіне кірді. Осы арқылы үш елдің арасындағы кедендік ресімдеу алынып тасталды. Біз осы маңызды міндеттерді орындаудағы жұмыс нәтижелері туралы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік БАЙМАҒАНБЕТОВПЕН әңгімелескен едік.
– Серік Нұртайұлы, әуелі кеден жүйесі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Кеден жүйесі сыртқы сауданы мемлекеттік реттеудің және ел бюджетінің кіріс бөлігін толықтырудың қозғаушы тетігі болып табылады. Шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты, іскер, ғылыми және өндірістік топтардың дамуына ықпал етіп отырған қазіргі заманғы көп функциялы кеден қызметі еліміздің экономикалық өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикалық даму стратегиясы кеден қызметінен еліміздің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Кеден одағындағы кедендік ресімдеулерді үйлестіруді, сондай-ақ ұлттық шекараның өңірлік экономикалық қауіпсіздігін сақтауды талап етеді.
– Өткен жылы іске қосылған Кеден одағы қалай жұмыс істеуде? Оған артылған үміт қаншалықты ақталуда?
– 2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт бірыңғай кедендік аумақ құрудың шегіне жетіп үш елдің арасындағы Кеден одағын қалыптастырудың алғашқы кезеңіне жол ашты. Кеден одағының жұмыс істеуі аясында санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық, бақылаудың рұқсаттама құжаттарын өзара тану және техникалық реттеулер қамтамасыз етілді. Кеден органдарының өзара іс-әрекетінің негізгі мақсаты кеден заңнамасын үйлестіру, тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібі және ресімдерін біріздендіру, оңайлату және автоматтандыру болып табылады.
Қазірдің өзінде Кеден одағының тиімділігі еліміздің көптеген бизнес қауымдастықтарының өкілдері тарапынан оң баға алып отыр. Халықаралық транзит көлемі өсуі, шекара маңындағы сауданың көбеюі, кәсіпорындар өздерінің кооперациялық байланыстарын кеңейтуі, жалпы алғанда, бизнестің өзара саудадағы шығындарын қысқартуға ықпал етіп отыр. Мысалы, 2010 жылғы 1 шілдеден бастап 2011 жылғы 1 шілдеге дейінгі 1 жыл ішінде біртұтас кедендік аумақтағы өзара сауда айналымы 2009 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 50%-ға артып, 23 млрд. АҚШ долларына жетті.
Тағы бір ерекше айтып өтер жәйт, 2011 жылғы 1 шілдеде мемлекеттік бақылауды мемлекеттік шекараның Қазақстан-Ресей учаскесінен Кеден одағының кедендік шекарасының сыртқы шебіне ауыстыру екінші кезең әрі маңызды сәттердің бірі болды. 32 кеден бекеті қысқартылып, штат бойынша 580 қызметкер Кеден одағының сыртқы шекарасына ауыстырылды. Осылайша барлық күш Кеден одағының сыртқы шекарасын нығайтуға жұмсалып, барлық автокөлік пункттердің инфрақұрылымын халықаралық талаптарға сай қазіргі заманғы технологиялармен жабдықтауға жұмсалды. Қазіргі уақытта көптеген автокөлік пункттерін 2011 жылғы 22 маусымдағы Кеден одағы комиссиясының №688 шешімімен бекітілген талаптарға сай инспекторлық тексеру кешендері мен тауарларды жеткізудің автоматтандырылған жүйесі және электронды өткізу пункттерімен қайта жабдықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Кедендік бақылаудың техникалық құралының көмегімен кеден қызметкері шекара арқылы өтетін тауарлар мен құралдардың ілеспе құжаттарына сай екендігін анықтай алады. Бұл жүк және тауар тасымалының кедендік бақылауына кететін уақытты едәуір қысқартып қана қоймай, көлік құралдарындағы тексеруге қиын орындарды қарауға үлкен мүмкіндік береді. Кеден одағының сыртқы шекараларының Қазақстанға тиесілі аумақтарындағы өткізу пункттерінде кедендік бақылаудың заманауи, жоғары технологиялық жабдықтары, атап айтқанда, ірі жүктер мен көлік құралдарын, жеке тұлғалар мен олардың қол жүктерін адамның араласуынсыз бақылауды жүзеге асыратын рентгенді-сканерлі қондырғылар қойылды. Республика бойынша төрт нүктеде (Шымкент, Ақтау, Алматы, Астана қалаларында) жедел басқару орталықтары жұмыс жасайды. Кеден одағының ішкі шекараларында кедендік бақылаудың алынуына байланысты Ресеймен шекаралас бірқатар кеден органдарында оңтайландыру шаралары аяқталды. Ол жақтағы қысқартылған кеден бекеттері қызметкерлері есебінен оңтүстіктегі сыртқы шекаралар нығайтылды.
– Кедендік бақылау қызметіне тоқталып өтсеңіз.
– Бүгінгі таңда қазақстандық кеден қызметі 18 автокөліктік, 5 теміржолдық, 2 теңіздік және 11 әуе қатынасында бақылау жүргізеді. Кеден одағының ішкі шекарасындағы кедендік бақылау мен рәсімдердің алынуы одақтағы үш мемлекеттің кеден қызметіндегі ақпараттық және ұйымдастырушылық қатынасын күшейту құрылымын жетілдіруге септігін тигізеді. Кеден одағының кеден саясатын жетілдіру бойынша біздің қызмет айтарлықтай жұмыстар жасады. Кеден одағының жұмыс істеуі шеңберінде жоғары деңгейлі әріптестік қалыптасты.
Бағдарламалық құралдарды жасай отырып, біз кедендік транзиттің ішкі рәсіміне өттік. Үш ел арасындағы экспорттаушылар тауарларына салынатын қосымша құн салығының нақты тетігі қалыптасты. Кедендік өкілеттікпен арадағы қарым-қатынас нығайып, талдау және бақылау функциясына арналған ақпарат алмасу туралы шешім қол қоюға берілді. Ай сайын кеден қызметтерінің басшылары кездесіп, үш елдегі кеден қызметінің технологиялық және ұйымдастырушылық мәселелеріндегі бірлескен іс-қимылдарды талқылайды.
– Кедендік салықтар мен төлемдердің артуы байқала ма?
– Кеден одағы қызметінің жағымды тұстарының бірі осы – республикалық бюджетке өндірілетін кедендік салықтар мен төлемдердің артуы болып отыр. Ағымдағы жылғы 9 айда мемлекет қазынасына ел кеденшілері 840 млрд. 918 млн. теңге түсірді, ол өткен жылмен салыстырғанда 354 млрд. теңгеге артық. Өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар әр кеденшіге шаққанда 195,5 млн. теңге құрайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш кеден органдарының әр қызметкеріне шаққанда 81, 5 млн. теңге болды. Ол республикалық бюджеттің 37,4% құрайды. Жыл қорытындысында бюджетке триллион теңгеден астам қаржы өндіру көзделуде. 2011 жылғы 9 айдың нәтижесінде Пост-кедендік бақылау басқармасы ел қазынасына қосымша 20,4 млрд. теңге өндірді.
– Құқық бұзушылықтар да жоқ емес болар...
– Құқық қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Бұл бағыттағы жұмыстар шұғыл-іздестіру, қылмыстық-процессуалдық, әкімшілік және бақылау-тексеру шараларына негізделген. Көбіне кеден заңнамаларының бұзылуы орын алады. Қазіргі таңда кеден саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жемісін беруде. 9 айдың ішінде кеден органдарының қызметкерлері 389 қылмыстық іс қозғап, 7 990 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Осының нәтижесінде 9,6 млрд. теңгеге келтірілген зиян бюджетке өндірілді. Ұсталған тауарлардың және валюта контрабандасының жалпы сомасы 860, 1 млн. теңгені құрады.
Ағымдағы жылғы маусымда Кеден одағындағы үш елдің басшылары Қазақстанда кездесіп, «Қорғас» кеденінде болды. Кездесуде контрабандаға қарсы күрестің механизмін жетілдіру талқыланды. Ақпарат алмасу, кедендік бақылаудың сапасын күшейту мақсатында кеден органдары барлық құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста.
– Кеден қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазақстандық кеден қызметінің тиімділігін арттыру алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды дамытуды қажет етеді. Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды автоматтау мен дамыту кеден органдарының басты бағыттарының бірі. Тиімділігі сол кедендік бақылау мен кедендік ресімдер үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысына септігін тигізеді. Кеден органдарындағы ақпараттық жүйені жетілдіру «Электронды үкімет» бағдарламасы аясында іске асырылуда.
Кеден одағының сыртқы шекарасындағы өткізу пункттеріндегі кедендік бақылауды жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сай сәйкестендіруде кеден органдары тарапынан жасалып отырған шаралар тиімді кедендік бақылау мен рәсімдеуге және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың түрлі шығындарын қысқартуға бағытталған. Қазіргі кезде Үкімет Экспорт-импорт операциялары бойынша «бір терезе» жобасын қолдап, оны 2011-2013 жылдарда іске асыру жоспары жасалды. Бұл сауда және қатынас тараптарына бірыңғай ақпарат пен құжатты бір-ақ мәрте беру және өткізудің де біркелкі арнасын құру деген сөз. «Электронды кеден» ақпараттық жүйесінің жаңа бағдарламаларын ендіру бойынша Қазақстан Кеден одағы құрамындағы өз міндеттерін орындауды да аяқтады. ТАИС (кедендік автоматтандырылған ақпарат жүйесі) бағдарламасының екінші кезеңі қосылды, яғни Кеден одағы нормаларына сәйкес электронды нысандағы кеден құжаттарының жаңа форматтары ендірілді, тәуекелді басқарудың селективті бақылау жүйесі қолданысқа енді.
Қазақстан Республикасының кеден қызметіне жоба аясындағы инновациялық шешімдер халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың жұмысын оңтайландыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, республикалық бюджетке өндірілетін түсімдер көлемін ұлғайтады. Отандық экономиканың дамуына үлкен үлес қосып, жыл өткен сайын қызметін жетілдіріп келе жатқан қазақстандық кеден қызметі – ел тәуелсіздігінің құрдасы. Елбасымыздың кеден органдарына міндеттеген тапсырмалары орындалып, аталған жұмыстар жалғасатын болады.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.