Муфтий Азиз ХАСАНОВИЧ,
Хорватияның мешихат
ислам қоғамы ұйымының төрағасы:
– Осындай жиынға қатысу мен үшін үлкен құрмет. Осымен екінші мәрте Қазақстанға келіп отырмын. Бұған дейін де дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысқан болатынмын.
Мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселеде көтерген бастамалары әлем үшін қажет. Мұндай жиын көптеген түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ съезд жұмысы алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімім мол.
Әлемдегі ахуал күрделеніп тұрған қазіргідей кезде Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі дәстүрлі діндер көшбасшыларын бір жерге жинап, пікір алмасу алаңын ұйымдастыра алып отыр.
Осындай жиындар бейбітшілікті, толеранттылықты, бірлікті насихаттайды. Бұл тұрғыда Президент Н.Назарбаевтың еңбегі зор. Сонымен қатар конфессияаралық татулықты сақтауда Қазақстан әлем елдеріне үлгі болатынын айта кеткім келеді.
Әлемдегі діни түйткілдерді шешу үшін съезд аясында қабылданған шешімдерді жүзеге асыруымыз қажет. Осы конференцияға келген құрметті меймандардың бәрі әлемде бейбітшілік орнатуды көздейді. Олардың бәрі өз еліне барған соң осында жасалған келісімдерді халыққа жеткізуге көмектеседі.
Қазақстан Президентін осындай ауқымды жиын өткізуімен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ әлемнің дінбасыларын жинап, келелі мәселелерді талқылауға ұмтылысын жоғары бағалаймын.
Дмитрий БАЙДЕК,
Успен кафедралды соборының
аға дін қызметкері, протереи:
– Бүгінгі Астана діндер арасындағы салиқалы сұхбат алаңына айналды десек, қателеспейміз. Оған кезекті алтыншы рет өтіп жатқан дәстүрлі діндер съезіне жиналғандардың ауқымды дәлел. Бұл шараның қамтыған тақырыптарының да өзекті екенін, түрлі конфессия өкілдерінің күрделі қоғам мәселелерін жеке-жеке емес, бірігіп шешуге деген ұмтылысын байқатады. Осы орайда Қазақстан халқы да басшымыз ұстанған бағытқа сай бүкіл әлемге өзінің біртұтас берік бірлігін паш етіп, үнемі толеранттылықтың, діни төзушіліктің тұрақтылығын көрсетіп келеді.
Міне, әр үш жыл сайын өтетін дәстүрлі діндер өкілдерінің съезінің бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Қазақстанды зайырлы мемлекет ретінде танытып қана қоймай, дін тұрғысынан да көптеген мемлекеттерге жол көрсете білетін, тура жолға нұсқау беретін темірқазық еткен басшының еңбегі, алатын орны өлшемге келмейді.
Елбасымыз Қазақстан басшысы ғана емес, қазақстандықтардың ортақ әкесі сияқты. Бұл тек идея, бастама көтеру тұрғысынан емес, қоғам тынысын тап басып отыратын әрбір қадамында, барлығын қамқорлығына алуға тырысатындығында ма деп ойлаймын.
Қазақстанда түрлі сенімдегі түрлі ұлт өкілдері ортақ татулықта ешқандай қақтығыссыз бірге ғұмыр кешуде. Қоғамымызда өзінің сенімін күшпен таңатын, дінінің дұрыстығын агрессиямен дәлелдейтін жағдай орын ала қойған жоқ. Қазақстан халықтары мемлекеттік мерекелерді ортақ тойлап, үнемі кез келген істе ауызбіршілік ұстанып келеді. Қоғамдағы ортақ іске жұмылуымыздың өзі біздің берік іргемізді бекіте түседі. Бұл – тамаша дүние, қалыпты адами қарым-қатынас.
Имам Фейсал Абдул РАУФ,
Cordoba Initiative ұйымының төрағасы (АҚШ):
– Әлемде дін атын жамылғандардың жағымсыз әрекетін талқылайтын жиындар көп. Алайда мұндай жиындар, яғни жер жаһанның діндері көшбасшыларының бір арнада тоғысып, пікір алмасуы сирек жағдай.
Негізі, діннің басты мақсаты – адамдарды құдаймен байланыстыру. Егер адам құдайды таныса, онда ол ешқашан басбұзар, экстремист болмайды. Оның орнына мейірімді, көркем мінез иесі атанады.
Алайда қазіргі таңда дін атын жамылып, адамдарды алшақтатуға, елдің бірлігі мен тұтастығын бұзуға талпынып жүргендер көп. Сондықтан осындай конференциялардың діннің шынайы мәнін түсінуге, саяси көшбасшылардың осы бағытта шешім қабылдауына мүмкіндік береді деп сенемін. Адамзат арасындағы ізгілікті насихаттауға үлес қосады.
Мұндай жиындар өткізіп, сонымен шектеліп қалу әлемдегі діни мәселелерді толыққанды шешпейді. Түйткілдерге қатысты шешім қабылдайтындар – саяси тұлғалар. Сондықтан олардың бүгінгідей съезге қатысуының маңызы зор. Қарапайым адамдар өздері үшін ғана жауап бере алуы мүмкін. Ал саясаткерлер ел үшін, қоғамға қажетті шешімдерді қабылдайды.
Әлем көшбасшылары жиі-жиі жиналып, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пікір алмасып тұруы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын қолдаймын. Ол – әлемде бейбіт өмір қалыптастыру үшін аянбай тер төгіп жүрген саясаткерлердің бірі.
Томаш ПЭТА,
Астанадағы Рим-католиктік Әулие Мария Архиепархиясының архиепископы:
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында әр үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – ұлты мен ұстанатын сеніміне қарамастан адамзаттың бір-біріне жақсы қарым-қатынаста болуына септігін тигізетін үлкен шара. Географиялық, рухани, тілдік кедергілер болғанымен, біз бір-бірімізді жақсы түсінуге талпынуымыз қажет деп ойлаймын. Мұндай іс-шара адамзатты бір-біріне жақындата түсіп, өзара түсінісуге әкеледі. Бұл қазіргідей әлемдік аренадағы діни наным-сенім бойынша орын алып жатқан қақтығыстардың аясында Қазақстанның толерантты ел екенінің дәлелі. Елдегі заңды тіркелген 18 конфессия өкілдері бүгінде бір-бірінің сенімін сыйлаудың озық үлгісін көрсетіп отыр.
Жалпы, Қазақстанда әрбір конфессияның өз қызметін ресми жүргізуіне барлық жағдай жасалғанын көпшілік біледі. Мәселен, католик сеніміндегі 100 мыңнан астам адам еш қыспақсыз елдің барлық аймағында еркін өмір сүруде. Бұл католик дінін ұстанушылардың бірігіп, ортақ қызмет жүргізуіне, уағыз тыңдауына, өз ортасын іздеуіне мүмкіндік беретіндігінің дәлелі. Астана қаласында Ватикан елшілігінің орналасуы, онда Апостол нунциі деп аталатын Рим Папасы өкілінің болуы – Қазақстанда діни наным-сенім бостандығы бар екендігін дәлелдейтін тағы бір факт.
Мен Польшада туып-өскеніммен Қазақстанға осыдан 28 жыл бұрын шақырумен келдім. Дін жолындағы қызметім Солтүстік Қазақстан облысындағы
Тайынша ауданының Озерное ауылында басталды. Ал 2003 жылы Қазақстан азаматтығын алдым. Түсіне білген адамға азаматтық ауыстыру ойланып-толғанып барып қабылданатын үлкен қадам екені белгілі. Осындай қадамға бару арқылы менің жүрегімдегі Қазақстанның орны қандай екенін көпшілікке ұғындырған сияқтымын. Жүрген жерімде үнемі Польшаның – анам, ал Қазақстанның әкем сияқты қос қанатым екенін айтып жүремін. Әр адамның әке-шешесі бар сияқты, менің де ата-анам бар. Қазақстан – мен үшін екінші Отан. Осында өткізген 28 жыл, расында үлкен уақыт. Осы жылдар ішінде мен қазақша оқып, қазақ халқының дәстүрі мен салты туралы көптеген нәрселерді үйрендім. Достарым көбейді. Көптеген адамдар туысқаныма айналды.
Біз Қазақстанның зайырлы ел екенін білеміз. Бірақ дін жолындағы азаматтар еліміздің де азаматтары ретінде дін мен зайырлылық жолдарының өзара ұштасып жататындығын ұғамыз. Бұл жайтты билік басшылары да жақсы ұғынғандықтан дін қызметшілерін Мемлекет басшысының қатысуымен, Мәжіліс және Сенат депутаттарының қатысуымен өтетін елдің, қоғамның дамуына қатысты маңызды іс-шаралардан қалдырмай, пікір алмасуға шақырып отырады. Мен өз тарапымнан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дін жолын ұстанушылардың мәселесіне үстірт қарамай, үнемі назарында ұстайтыны үшін ризашылығымды білдіргім келеді.
Суами ПАРАМЕЙШН,
Үндістан көне монастырь ұйымының өкілі:
– Әлемде көптеген дәстүрлі діндер бар. Солардың бәрі бүгінгі конференцияға қатысуды өздеріне зор абырой санайды деп айтсам қателеспеймін. Өйткені кез келген діннің басты мақсаты – бейбітшілік пен адамзаттың игілігі.
Діндер съезінің көздегені де осы. Адамзаттың бірлігі, дінаралық және конфессияаралық татулық бәрімізге қажет. Егер осындай жиындар болмаса, көп нәрсе жоғалтатын едік. Әлем діндерінің өзара байланысы ажырап, бір-бірін түсінуі қиындай түседі. Сонымен қатар бүгінгі іс-шарада талқыланатын тақырып та әлемде бейбітшілік пен тыныштық орнатуға бағытталған.
Бүгінгі жиынға қатысқаныма шексіз қуаныштымын. Сондай-ақ конференция барысында айтылатын мәселелер мен сөйлейтін спикерлердің пікірлерін асыға күтемін. Еліме қайтқан соң жиында көтерілген тақырыптар мен ортақ келісімдерді әріптестеріме жеткіземін.
Әлемде туындаған түйткілдердің шешімін табу үшін барша адамзатқа ортақ алаң табылуы тиіс. Яғни, әр азамат өзіне ғана емес, әлемге ортақ, шартарапқа пайдалы әрекет етуі тиіс. Менің дінім осындай ұстанымды дұрыс көреді.
Дін – рухани өмірдің тірегі. Егер осы рухани өмірді ізгілендіре алсақ, дін ешқандай мәселеге айналмас еді. Біз адамзат ретінде көркем мінез көрсетіп, жақсы амалдар жасасақ әлем қазіргіден де жақсы бола түседі. Осы тұрғыда бүгінгідей ауқымды шаралардың алар орны ерекше. Жиын көпшілікті және жеке адамдарды ортақ мәселені бірлесіп шешуге жұмылдырады деп есептеймін.
Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстарды, конфессияаралық татулыққа жасалған қадамдар мен бастамаларды көріп қуанамын. Әлемге сіздердің тәжірибелеріңізді жеткізу үшін халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет.