Өтіп бара жатқан 2011 жыл елімізде көптеген жағымды жаңалықтарымен есте қалды. Бұл ретте ең алдымен ауызға алып айтарымыз, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы екендігі анық. Осы 20 жылда Қазақстанның экономикалық салалары нарықтық жағдайда жұмыс істеуге әбден бейімделіп, соның нәтижесінде бұрын-соңды болмаған биіктерді бағындырды. Соның бірі егіншілік саласында соңғы 50 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш – 2 миллиард пұтқа жуық астық алынуы.
Қазақстан астық өндірісіндегі миллиардтар тарихы тың игеру жылдарынан бастау алғандығы белгілі. Осы туралы өткен шақтың оқиғаларына назар аударатын болсақ, елімізде 1954-1960 жылдар аралығында, яғни 6 жылдың ішінде 106 миллион тонна астық алынғандығы тарихи деректерде тіркелінген. Орта есеппен алғанда осы мерзім ішіндегі әр жыл сайын 17 миллион тоннадан астық алынған екен. Әрине, мұндай астықты сол кезде еліміз бүкіл Кеңес одағының күш біріктіріп, көптеген техникаларды Қазақстан егіс алқаптарына шұғыл түрде жөнелтуі нәтижесінде алғаны анық. Мәселен, 1956 жылғы егіс орағына 2 миллионнан астам адам, 64 мың комбайн, 100 мыңнан астам автокөліктер мен басқа да техникалар қатысқан екен. Яғни мол астық үлкен шығынмен, көп күшпен алынған. Ал мұндай миллиардтың экономикалық тиімділігі қандай болатындығы айтпаса да түсінікті болса керек. Оның үстіне сол жылдары әрбір гектардан алынған астық көлемі 7-8 центнерден ғана айналғандығын тарихи деректер дәлелдейді. Осы көрсеткіш сол кезде, яғни тың игеру жылдары Қазақстан астық өндірісінің экстенсивті жолымен дамығандығын көрсетеді.
Сондықтан Қазақстанның биылғы жылы, яғни 2011 жылғы алған 2 миллиард пұтқа жуық (1 миллиард пұт астық шамамен алғанда 15 миллион тоннаны құрайды) астығының қадірі тіптен бөлек. Біз бұл жолы мұндай бұрын-соңды болмаған мол астықты интенсивті даму бағыты арқылы алдық деп айта аламыз. Өйткені, астық өндірісі бұрынғыдай айқай-шусыз, көп адамның күшінсіз жұмыс істеді. Оның үстіне әрбір гектардан алынған астық берекесі орта есеппен 18 центнерден айналды. Яғни тың игеру жылдарындағы көрсеткіштерден 2,5 еседен астамға жоғары болды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының диқандары әр гектардан 22,7 центнерден өнім жинап, жалпы көлемі 9 миллион тоннаға жуық астық алып, қажырлылық көрсетті.
Сонымен еліміздің ауыл шаруашылығы саласында да экономикамыздың басқа секторларындағы секілді атқарылып жатқан істер аз емес. Ондағы өнім көлемі үстіміздегі жылдың 9 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22 пайызға артқан. Болжам бойынша, 2011 жылы саладағы бір қызметкер өндіретін өнім көлемі 5 АҚШ долларын құрайтын болады. Егер алысқа бармай-ақ, 2005 жылдың көрсеткішімен салыстырсақ, одан 2 есе жоғары. Міне, осы аралықта ғана астық экспортының көлемі 3 есе ұлғайып отыр.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы тағы бір қол жеткізген үлкен жетістігі елімізде өндірілетін мол астықты өз бетімен экспортқа шығару ісін ұйымдастырғандығы деп айтуға болады. Бұрын біз оны арнайы тапсырыс бойынша Одаққа жөнелтетінбіз. Кімге сатамын, қалай өткіземін деген проблема болмайтын. Осындай жағдайға әбден үйреніп едік. Сондықтан тәуелсіздікке ие болған алғашқы кездері көп қиындықты бастан кешіре отырып, халықаралық рыноктан өз орнымызды іздестірдік. Бұл істің ақыры жемісті болды. Қазіргі күні Қазақстан әлемнің 40-тан астам еліне астық экспорттайды екен. Осы істі жетілдіру үшін шетелдік теңіз жағалауындағы порттардан Қазақстан меншігінде болатын астық терминалдарын сатып алу мен салуға тура келді. Өзіміздегі Ақтау портынан жаңа терминал ашылып, астық тасымалдайтын кемелер қатары нығайтылды.
Мұның сыртында «Астық туралы» заң қабылданып, астық өндірушілерге, оны экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау мәселелері заң негізінде шешілді. Үкіметтің астық өндірісі мен рыногын реттеудегі операторы болып табылатын «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ құрылып, ол шаруалардың артық астықтарын мемлекеттік қорға сатып алу ісін жылма-жыл жүзеге асырып келеді. Мұның өзі елдің ішкі рыногындағы астық бағасымен қатар, ұн, нан және одан жасалатын өнімдер бағасының тұрақтануына елеулі жағдайда әсер етуде.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында астық өндірушілер техникалық қарулану мәселесінде көптеген қиындықтарға тап болған еді. Өйткені, бұрынғы техникаларды алмастыруға олардың қолындағы қаржы жетпеді. Техникалар заманның ауысып, өмірдің алға басуына байланысты моральдық тұрғыдан да ескіріп қалды. Бұл жағдай Қазақстан астығын өндіру мен оны дер кезінде жинап алуға, басқа астық өндіруші елдермен бәсекелестікке түсуге көп кесірін тигізді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру бағытында «ҚазАгроҚаржы корпорациясы» АҚ құрылып, ол қажетті техникаларды лизингтік тәсілмен шаруаларға сатып алып беруді жүзеге асырды. Осының нәтижесінде еліміздегі астық себу кешендері, қазіргі заманғы шетелдік астық жинау комбайндары, басқа да жер өңдеу құралдары пайда болып, көктемгі егіс, күзгі жиын-терін науқандары дер кезінде жүргізілетін болды.
Үстіміздегі жылы алынып отырған 30 миллион тоннаға жуық астық – міне, осындай ұзақ жылдарғы және жүйелі дайындық жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Бұл жағдайды осыдан 1 айдан астам уақыт бұрын Астанада өткізілген агроөнеркәсіп қызметкерлерінің республикалық форумына қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткен болатын. Сондағы сөзінде Елбасы аграрлық секторды қолдау мақсатында соңғы 5 жылдың өзінде ғана республикалық бюджеттен осы салаға 670 миллиард теңгенің бөлінгендігін, әлемдік дағдарыс өршіп тұрған 2009 жылдың өзінде Ұлттық қордан аграрлық сектордың болашағы үшін үлкен маңызы бар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 120 миллиард теңгенің қарастырылғандығын, осы қаржыға қазірдің өзінде 42 жаңа өндіріс орны іске қосылғандығын айта келе «Біздің дұрыс жол таңдағанымызды уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Биылғы мерейлі жылда егін бітік шықты, қамбамыз астыққа толды. Бұрын болып көрмеген зор табыстарға жеттік. Биылғы астық Қазақстан үшін рекордық болды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ерен табысқа жетіп, ел ырысын еселеп, Тәуелсіздік тойына лайықты тарту жасады. Сондықтан, бүгінгі кездесуді қуанышты, мерекелік кездесу деп айтуымызға болады» деген еді.
Елбасы осы ретте рекордық астық – бұл тек сәттіліктердің сәйкес келуін немесе табиғаттың ерекше тартуын ғана білдірмейтіндігін, бұрын мұнша көлемдегі астықты алу үшін орасан зор көлемде жер жыртылып, орақ науқанын ұйымдастыруға тұтас әскери бөлімдер, студенттер мен қалалықтар жұмылдыралатындығын, барлық астық отан қоймасына жөнелтіліп, артынан мал азығына деп оның миллиондаған тоннасын орталықтан қайта сұрап алу жағдайы жиі кездескендігін еске ала келе, ал Қазақстанның қазіргі рекордына қол жеткізуге мүлде басқа тәсілдер пайдаланылғандығын атап көрсетті. Оған екі шешуші фактордың үлкен ықпалы болды. Біріншісі, мемлекет қолдауына арқа сүйеген біздің фермерлеріміздің ерлік еңбегінің нәтижесі болса, екіншісі, астық өндіру ісінің бірте-бірте инвенсивті тәсілдерге көшіріле бастағандығы. Мәселен, егістік алқаптардың жартысынан астамында тұқым себу, өнім жинау жұмыстары жоғары өнімді жаңа техникалар арқылы жүргізілді. Егістің 70-тен астам пайызында ылғал сақтаушы технологиялар қолданылды. Бұл технология тек ылғал сақтауға ғана емес, сонымен қатар топырақтың құнарын сақтауға да жәрдемдесіп отыр.
Елбасы міне, осындай жетістіктерге бастаушы екінші фактор ретінде мемлекеттің соңғы кездері жүргізіп келе жатқан аграрлық саясатын атап көрсетті. Бұл саясат егін шаруашылығындағы жұмыстарды бұрынғыдай көрсеткіштер қууға емес, түпкілікті нәтиженің табысты болуына, яғни экономикалық тиімділік мәселесіне қарай бағыттады. Қазіргі күні әркім – өзі өндірген өнімнің қожайыны. Оны қайда өткізу, қанша бағамен өткізу, өткізген өнімнен түскен қаржыны қайда жұмсау мәселесін өзі шешеді. Яғни, елімізде кәсіпкерлік еріктілік жағдайы орнығып отыр. Міне, осы саясаттың нәтижесінде алынған өнім мейлінше берекелі бола түсті. Аз шығынмен мол өнімге ұмтылу, бұрынғыға қарағанда жерді тиімді пайдалану, осы мақсатта технологиялық тұрғыдан қарулануға ұмтылу секілді жақсы дәстүрлер әрбір тауар өндірушінің бойында берік орныға түсті.
Міне, осындай ел өмірінде жүріп жатқан оң өзгерістердің, халықты болашаққа қарай бекем бастаған мемлекеттік аграрлық саясаттың нәтижесінде қазір еліміз әлемдегі астықты барынша мол өндіретін ең алдыңғы қатарлы елдердің ортасынан орын алды. Бұрын осындай елдердің оңдығының арасында жүрсек, соңғы жылдары бұдан да алға жылжып, жетіліктің, бестіктің қатарынан көріне бастадық. Біздің бұл ортадағы жағдайымызға талдау жасай кету үшін мына бір мәселелерге үңіліп көрейік.
Әлемдік астық рыногы негізінен екі топтан тұрады. Олар – астық өндіріп, оны сатып, пайда табушы елдер және өндірілген астықты өз қаржыларын жұмсай отырып, сатып алып, осы арқылы өз халқының астық жөніндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан тұтынушы елдер. Біз осы екі топтың біріншісіне жатамыз. Яғни, астықты сатып, одан пайда табушы елміз.
Астық сатып, пайда табатын елдер қатары көп емес. Бұл топқа ең әрі кеткенде 25-30 ел ғана кіреді. Солардың ішінде дәстүр бойынша бірінші ел – Америка Құрама Штаттары. Бұл ел негізінен алғанда жүгері сату жөнінен әлемдік көшбасшы болып табылады. Жылына орта есеппен 260-270 миллион тонна жүгері алады. Ал бидай үшін бөлінетін егістік алқаптарының көлемі орта есеппен 20-25 миллион гектардан аспайды. Одан әр жыл сайын шамамен алғанда 50-70 миллион тонна өнім өндіріліп, осылардың 50 пайыздан астамы экспортқа бағытталады. Сонда көріп отырсаңыз, біздің Қазақстан өндіретін астықтан соншама мол емес.
Екінші орын әдетте Канадаға беріледі. Канада бидай, арпа, жүгері, қарақұмық егіп, осыдан түскен өнімнің артылғанын экспортқа шығарады. Бұл елде бидай өсіруге бөлінетін егістік көлемі 9-11 миллион гектар. Осыдан әр жыл сайын шамамен алғанда 20-28 миллион тонна астық алынып, оның 10-19 миллион тоннасы экспортқа бағытталады. Елдің ішкі тұтыну көрсеткіші 6,3-9 миллион тонна шамасында. Көріп отырғанымыздай, бидай экспорты жөнінен бұл ел де Қазақстанның қазіргі қол жеткізіп отырған көрсеткіштерінен көп алыс кете алмай отыр. Егер біз бидай жөнінен биылғы қол жеткізген көрсеткішімізді жылма-жыл қайталайтын болсақ, бұл елмен алдағы уақытта құйрық тістесіп қаларымыз анық.
Астық өсірумен аты шыққан үшінші ел – Австралия болса, халықаралық сарапшылар осы рыноктағы төртінші орынды әдетте Еуропа одағы елдеріне береді. Мұнда бидайдың жалпы егіс көлемі 24,3-26,8 миллион гектарды құрайды. Әр гектардан алынатын өнім берекесі Еурапада өте жоғары. Мұнда жылма-жыл әр гектардан орта есеппен 45-57 центрден өнім жиналады.
Астық өндірісінің алғашқы бестігін Ресей қорытындылайды. Мұндағы бидай өндірісіне берілетін егістік алаңының көлемі шамамен алғанда 35-50 миллион гектардың айналасында. Әр гектардан орта есеппен алғанда 21-30 центнердей өнім алынады. Ресейде Қазақстанға қарағанда гектар берекесінің жоғары болатын себебі, мұнда астық шығымдылығына қолайлы әсер ететін қара топырақты өңірлер көп.
Әлемдегі астық сатушы елдер арасында мұнан кейінгі орындар Украина мен Қазақстанға беріледі. Біздің Қазақстандағы астық өндірісі мен оның экспортының жағдайын жоғарыда қозғап өттік. Осы келтірілген деректерге қарап және алдағы уақытта Қазақстанның әлеуеті арта түсетіндігін есепке ала отырып, біздің елдің алғашқы бестік ішінен берік табан тіреуге толық мүмкіндігі бар деп айта аламыз. Өйткені, бізде әлі айналымға қосылмай, бос жатқан егістік жерлер баршылық. Оның үстіне астық жөніндегі халықаралық сарапшылар әлемде халық саны жылдан-жылға артып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы жылдан-жылға қиындай түскен қазіргі уақытта әлемдік астық рыногына сатушы ретінде кейіннен қосылып отырған Ресей, Украина, Қазақстан болашағынан үлкен үміт күтетіндігін айтуымыз керек.
Сонымен Қазақстанның астық өндірісі мен оның экспорты жыл өткен сайын дамып, жаңа белестерді бағындыра бастады. Биылғы алынған рекордтық мол өнім соның бір дәлелі. Бұған қоса, Қазақстанның соңғы 3 жыл көлемінде ұн сатудан әлем бойынша көшбасшы екендігін айтуымыз керек. Сөйтіп, астық пен оның өнімін сатушы елдер арасында Қазақстан ұстанымы барған сайын нығаюда. Енді біраз уаыт өткеннен кейін еліміздің алтын астығы халқымыздың халықаралық деңгейде абыройын асыратын басты брендтік өнімге айналатындығына дау жоқ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.