Қазіргі заманғы жан-жақты дамудың айқындаушы факторларының бірі – өңірлік экономикалық интеграция екендігі мәлім. Бұл ретте 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылған шартқа сай 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) өткен кезең ішінде өзінің өміршеңдігін көрсетіп, Елбасымыздың Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық идеясының нақты жүзеге асқанын дәлелдеген халықаралық интеграциялық бірлестік болып қалыптасты.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес ЕАЭО органдарының жұмыс тілі – орыс тілі болып саналады. Ал мүше-мемлекеттер үшін міндетті сипаты бар шешімдер, экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар мүше-мемлекеттердің заңнамасына сай олардың мемлекеттік тіліне аударылады. Қазір ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің экономикалық әлеуеті артып, өзара ынтымақтастығы дамыған сайын мемлекеттік тілдерінің де терминдік өрісі кеңейіп, қолданылу аясы арта бастағаны байқалып отыр.
Мұның дәлелі ретінде жақында Мәскеудің «Языки народов мира» баспасынан жарық көрген орыс-армян-белорус-қазақ-қырғыз-ағылшын тілдеріндегі «Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерінде жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері» деп аталатын анықтамалық сөздікті айтуға болады. 2800-ден астам сөздер мен сөз тіркестерін қамтитын, ТМД кеңістігінде тұңғыш рет көп тілді форматта жарық көріп отырған бұл сөздіктің Еуразиялық экономикалық одақ құжаттарын мүше-мемлекеттердің тілдеріне бірізді етіп аудару қажеттігінен туындағанын баса айту шарт. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мәтінін негізге ала отырып түзілген сөздік сапындағы сөздер осы сала тақырыптарына орай өрбіп, әліпбилік ретпен өзектілігі мен пайдаланылу жиілігіне қарай іріктелгені де оның практикалық-қолданбалы мәнін арттыра түседі.
Егер бірнеше ел мүше болып отырған Еуразиялық одақтың ресми тілінің мүше-мемлекеттер тіліндегі баламаларының басын біріктірген мұндай басылымның бұрын-соңды болмағандығын ескеретін болсақ, аталған алғашқы сөздіктің пайда болуы мен жарық көруін шынында да бірегей құбылыс деп бағалауға болады. Сонымен бірге оны мемлекеттік тілді қолдану мәдениетін арттыру, қоғамдық-саяси өмірімізге, заң шығармашылығына қатысты терминдер мен сөз тіркестерін ретке келтіру, нормативтік-құқықтық актілердегі ұғымдарды біріздендіру бағытында елімізде бұрыннан атқарылып келе жатқан игі істердің табиғи жалғасы деп те танимыз.
Сөздік нарықтық экономикаға, қаржыландыру мәселелеріне қатысты жұмыс істеу барысында мемлекеттік қызметшілерге, ісқағаздарын жүргізушілерге және мемлекеттік тілдегі тиісті мәтіндермен жұмыс істейтін басқа да мамандарға, аудармашылар мен аударма компанияларына көмекші құрал ретінде жәрдемін тигізетіні сөзсіз. Мәселен, сөздікке кірген орыс тіліндегі бір сөздің не сөз тіркесінің қазақша берілген баламасын оның армян, белорус, қырғыз және ағылшын тілдерінде қатарлас ұсынылатын нұсқасымен салыстыра, шендестіре отырып пайдалану – кез келген аудармашы үшін таптырмас һәм табылмас қазына, қайталап айтсақ, бұл тектес сөздік елімізде біз білерде болған емес. Содан болуы керек, қазірдің өзінде Ресейдің кейбір оқу орындары, «Транслинк», «Эффектив» сияқты ірі аударма компаниялары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер сөздіктің дер кезінде жарық көргенін, библиографиялық құндылығын, бірегей құрылымы мен шын мәніндегі қолданбалы сипатын ерекше атап өтуде. Жаңа сөздіктің Қазақ елі тарапынан да лайықты бағасын алатынына сенеміз.
Ойымызды түйіндей келе, сөздікті белгілі журналист-публицист, ғалым-дипломат, филология ғылымдарының докторы, Ресей Аудармашылар одағының мүшесі Серікқали Байменшенің басшылығымен Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақтың нормативтік актілерін аудару бөлімі әзірлегенін айрықша атап көрсетпекпіз.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының және
Журналистер одағының мүшесі