Қазақ ежелден осылай амандасады. Осының өзі-ақ барар жеріңе аман-есен жетудің адам тіршілігі үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Көлік инфрақұрылымын серпінді дамыту және жетілдіру экономикалық өсудің ең шешуші факторларының бірі болып табылады. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылында республиканың көлік кешенін реформалауда жағымды үрдістер ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бүгінде Қазақстанның көлік кешенін халықаралық көлік жүйесіне интеграциялауды жеделдету және елдің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында көліктік қызмет көрсетудің бәсекелестік ортасы жасақталуда. Осыған орай біз жыл соңында Көлік және коммуникация министрі Берік КАМАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Берік Сайлауұлы, қазіргі таңда еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында өте ауқымды шаралар іс жүзіне асырылуда. Көлік саласын дамытудың кешенді бағдарламалары туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі таңда көлік саласын одан әрі дамыту келесі бекітілген стратегиялық бағдарламалық құжаттар аясында жүзеге асырылады. Олар – 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық жоспары, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы, 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы. Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының мақсаты – экономика мен халықтың көлік қызметтеріне деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алатын көлік-коммуникация кешенін қалыптастыру. Бұл кешенді шаралар ауқымындағы кейбір ірі жобалар өткен жылдан бері іске қосылып та үлгерді.
Қолайлы географиялық орналасуына байланысты Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті орасан зор. Осы ретте жүк айналымының 70 пайызы темір жол көлігіне тиесілі. Ел тәуелсіздігінің 20 жылы ауқымында Үкімет темір жол инфрақұрылымын дамыту бойынша көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. Соның ішінде, жалпы ұзақтығы 700 шақырым болатын Ақсу – Дегелең, Хромтау – Алтынсарин, Шар – Өскемен жаңа темір жол желілері салынды. Аталған жаңа темір жол бағдарлары өзге мемлекеттің аумағы арқылы жүру мәжбүрлігінен айырды. Сонымен қатар, ұзақтығы 132 шақырым Екібастұз – Павлодар темір жол учаскесі толық электрлендірілді.
Осы жобаларды іске асыру үшін әр жылдарда 78 млрд. теңге шамасында инвестиция тартылды. Қазіргі кезде 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы шеңберінде Алматы және Маңғыстау облыстарында «Жетіген – Қорғас» және «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желілері салынуда. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында аталған бағыттарда пойыздар қатынасы ашылды. «Жетіген – Қорғас» темір жол желісінің салынуымен Қытай елімен екінші өткізу пункті ашылып, Қытай – Орталық Азия және Парсы шығанағы елдері бағытында жүктерді тасымалдау қашықтығы шамамен 500 шақырымға қысқарды.
Сонымен қатар, Алтынкөл шекаралас стансасы маңайында Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы орналасқан. Бұл орталық ҚХР-мен саяси және сауда қатынастарының дамуына жағымды әсерін тигізеді. Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара темір жол желісі «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне баламалы бағдар ретінде жүк тасымалдау қашықтығын 600 км.-ге қысқартады. Жалпы, аталған жобалар транзиттік жүктерді өткізіп қана қоймай, Азия және Парсы шығанағы елдерінің рыногына отандық өнімдердің шығуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, министрлік «Жезқазған – Сексеуіл» және «Шалқар – Бейнеу» темір жол учаскелерін салуды жоспарлауда. Бұл жобалар Қазақстанның орталық өңірін батыс өңірімен ең қысқа бағдар арқылы байланыстырып, темір жол учаскелеріндегі қарбаластықты азайтады. Осыған орай, Достық стансасынан мемлекеттің батыс өңіріне дейінгі транзиттік бағдар 500 шақырымға қысқарады.
– Мемлекет басшысы еліміздің автокөлік жолдары саласының дамуына үнемі баса назар аударып келеді. 2001 жылды «Жолдар жылы» деп жариялауы осының айқын көрінісі. Бұл салада қандай кешенді шаралар іске асырылды?
– Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жүк ағыны жоғары учаскелердің техникалық жағдайын жақсартып, ұзақ жылдар қордаланған келеңсіздіктерді шешіп, автокөлік жолдарын түбегейлі қайта құру мақсатында 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2001-2005 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында автокөлік жолдары саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Мемлекеттік бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – негізгі бағдарларды, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту бойынша атқаратын жұмыс көлемін анықтау. Қолға алынған осындай келелі істердің арқасында 20 жылда елде 39 мың шақырым жол жөнделді. Бұл республиканың барлық жолдарының үштен біріне тең. Қазіргі кезде «Алматы – Астана», «Бейнеу – Ақтау», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Қостанай облысының шекарасы», «Атырау – Орал» бағытындағы жолдар қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Президенттің бастамасымен 2009 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы дәліз өтетін облыстар үшін ғана емес, жалпы Қазақстан аумағы үшін маңызы зор оқиғаға айналды. Осы жоба 5 облыс бойынша (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе) өтеді. Қайта салынатын учаскенің ұзақтығы – 2 452 шақырым, соның ішінде, 1390 шақырым жол (Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас) 4 жолақты І техникалық дәрежеге сәйкес салынса, қалған 1062 шақырым жол (РФ шекарасы – Мартөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда) ІІ техникалық дәрежеге сәйкес салынады. Жобаның құны – 825,1 млрд. теңге. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыдан өзге, бұл жобаға халықаралық қаржы институттарының займдары тартылды.
Құрылыс жұмыстары жалпы ұзақтығы 1,6 мың шақырым болатын 29 учаскеде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2013 жылы аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, бюджетке түсетін салмақты азайту және қайта салу жұмыстарына қажетті қаржыны тарту мақсатында концессиялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
– Азаматтық авиация саласындағы ахуал қалай? Кәсіби білікті кадрлар жеткілікті ме? Жалпы, әуе көлігі көрсеткіштері туралы не айтасыз?
– Қазіргі таңда азаматтық авиация саласындағы қызметкерлердің жалпы саны 16 489 адамды құрайды, олардың ішінде, 1 500 адам – ұшқыштар, 700 адам – диспетчерлер, 2 000 адам – инженер-техникалық қызметшілер, 12 289 адам – әуе компаниялары мен әуежайлардың қызмет көрсетушілері.
Әуе көлігі көрсеткіштерінің өсуі 2003-2005 және 2006-2008 жылдарға арналған азаматтық авиация саласын дамыту бағдарламасы шеңберіндегі іс-шараларды іске асырумен байланысты. Осы шараларды орындау барысында Қазақстанның аэронавигация жүйесінде әуе көлігін жаңғырту және ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған бағдарламалық құжаттарда көрсетілгендей, бірінші кезекте қазақстандық әуежайларды қайта салу қажеттілігі анықталды. Қазіргі таңда Қазақстанда ішкі және халықаралық бағыттарда ұшуларды жүзеге асыру үшін Астана, Алматы және Атырау қалаларында 3 торапты әуежай қалыптасты.
2003 жылғы желтоқсанда жалпы ауданы 28 мың ш.м. болатын Алматы қаласында жаңа әуежай терминалының ғимараты ашылды. 2003 жылы республикалық бюджет есебінен 1,5 млрд. теңге көлеміндегі қаржы Астана қаласы әуежайының жасанды ұшу-қону алаңын қайта салу жұмыстарына жұмсалды. Осының нәтижесінде үлкен әуе кемелерін қабылдай алатын ұшу-қону алаңының көтергіштік қабілеті арттырылды. Ал 2005 жылы Астана қаласы халықаралық әуежайының ғимараттар кешені пайдалануға берілді. 2007 жылы әуежай қазіргі заманғы құралдармен жабдықталып, нәтижесінде әуежайға ИКАО-ның ең жоғарғы ІІІ санаты берілді.
Бүгінде республикада 20 әуежай жұмыс істейді. 15 әуежай халықаралық дәрежеге сай, соның ішінде 10 әуежай ИКАО санатына ие. Отандық әуе тасымалдаушылардың қызметтерін дамыту бойынша шаралар қолға алынуда. Республикада барлығы 40 әуе компаниясы мен 18 эксплуатант қызмет атқарады. 2001 жылы «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясы құрылды. 2002-2010 жылдар аралығында «Эйр Астана» АҚ операциялық лизинг арқылы 22 әуе кемесіне ие болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Эйр Астана» АҚ жаңа Эмбраер-190 атты әуе кемесін пайдалана бастады. 2011 жылы тағы жаңа 3 Эмбраер-190 және бір Боинг-757 ұшағы лизингке алынады.
– Жолаушыларға қызмет көрсету және Қазақстанның әуе тасымалдаушыларын Еурокомиссияның «Қара тізімінен» шығару мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайы қалай?
– Көлік және коммуникация министрлігі ИКАО ескертулерін жою және Түзету шаралар жоспарына сәйкес қазақстандық әуе тасымалдаушыларын Еурокомиссияның «қара тізімінен» шығару бойынша жүйелік шараларды қолға алды. Осы бағытта жүргізілген жұмыстарды ИКАО және Еуропалық комиссия оң бағалап, жақсы қабылдады. 2010 жылғы 10-11 қарашада Брюссель қаласында (Бельгия) Еурокомиссияның ұшу қауіпсіздігі бойынша комитетінің отырысы өтті. Мәжіліс барысында 27 елден тұратын Еуроодақ мүшелерінің алдында Қазақстанның авиациялық билігі есеп берді. Мәжілістің қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының авиациялық жұмыстарды атқарып жатқан 9 әуе компаниясын «қара тізімнен» шығару туралы шешім қабылданды.
2011 жылғы 6 сәуірде Еуроодаққа мүше 27 елдің өкілдерінен тұратын ЕК Ұшу қауіпсіздігі бойынша комитетіне Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің есебі ұсынылды. Ағымдағы жылғы 20 сәуірде Қазақстан Республикасының авиациялық жұмыстарды атқарып жатқан тағы да 9 әуе кәсіпорнын «қара тізімнен» шығару туралы шешім қабылданды.
– Еліміздің теңіз көлігі саласын дамыту, оның ішінде ең бастысы Ақтау теңіз портының жұмысы туралы не айтасыз?
– 2003-2005 жылдары Ақтау портының №4 және 5 айлақтарын қайта салу жұмыстары жүргізілді. Қайта салу жұмыстары аяқталысымен порт 13 мың тонна дедвейтті танкерлерді қабылдай алатын болды. Бүгінде Ақтау порты қазіргі заманға сай көп мақсатты терминалға айналды.
Портты қайта салу жобасы қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды, маркетинг, менеджмент және іс қағаздарын жүргізу жүйелерін енгізуді қарастырған болатын.
Басқару жүйесін автоматтандыру, жүк айналымының жаңа статистикасын жүргізу, есептерді автоматтандыру, құжаттарды ресімдеу, клиенттерге қызмет көрсету процедураларын оңтайландыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Заманауи порт инфрақұрлымы сапа, әртүрлілік және порт қызметінің қолжетімділігі бойынша Қазақстанға Каспий жағалауындағы елдердің арасында көшбасшы болуға жағдай жасады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.