Кеше Елордада шекараралық сулар туралы конвенция тараптары кеңесінің сегізінші сессиясы өтті. Шараға әлемнің 100-ге жуық елінен 500-ге тарта мейман қатысып, конвенция шеңберінде құқықтық, экономикалық, экологиялық және технологиялық мүмкіндіктер кеңінен талқыға салынды.
Азия құрлығында тұңғыш рет өткізілген жиында ауыз су тапшылығы мәселесі жан-жақты сөз болды. Шараны бейнежолдау арқылы құттықтау сөзімен ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға сессия маңыздылығы туралы айтып, халықты және халыққа қажет әлеуметтік-экономикалық салаларды сумен қамту, аталған салаға тың технологияларды енгізу, инвестиция тарту, су қорларын зиянды қалдықтардан тазарту және білікті мамандар дайындау сынды түйіткілді мәселелерді назарға алды.
Шараға қатысушы ресми делегация құрамында алыс-жақын шет мемлекеттердің министрліктері мен агенттіктерінің басшылары болды. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова баяндама жасап, ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш жолдаған құттықтау сөзді оқып берді. Жиында сөз алған басқа да баяндамашылар жолдаған су мәселесін шешудегі өзара ынтымақтастықтың мән-маңызын ерекше атап өтті.
Жалпы әлемдегі 260 шекарааралық су бассеині жер шарының тең жартысын құраса, бұл аумақтың 40 процентінде адамдар өмір сүреді. Яғни, жыл сайын жер-жаһанды таза ауыз сумен қамту мәселесі қордаланып келеді деген сөз. Жиынға қатысушылар бұл мәселені шешу үшін жұмыла жұмыс атқару қажеттігін айтады.
Қазақстан аталған конвенцияға биыл үшінші мәрте төрағалық етіп отырғанын атап өткен жөн. Сегізінші сессия барысында 2019-2021 жылдарға арналған стратегия мен бағдарлама қабылданады деп жоспарланған.
Аталған бағдарлама негізінде трансшекаралық өзендердің су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселесі қарастырылып, бұл салаға инвестиция тарту жолға қойылмақ. Сондай-ақ су секторында елдің ғылыми және институционалдық әлеуетін күшейтуге басымдық берілмек. Шекарааралық сулар туралы конвенция 1996 жылы қабылданды және оған БҰҰ-ға мүше елдер қатыса алады.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»