Күні кешегі Қеңқияқ, Шұбарши елді мекендерінде болған келеңсіз оқиға өңірді ғана емес, елімізді дүр сілкіндіргені рас. Дінді бетперде етіп жамылып, ел ішін дүрліктірген қаныпезерлердің қылығын ешкім де ақтай алмаса керек. Бейбіт елдің тыныштығын бұзған басбұзарларды ауыздықтау кезінде ерліктің үлгісін көрсеткен батыр ұлдарымыз өз қызметтеріне деген адалдықтың үлгісін көрсетті. Олар кеуделерін оққа төсеп, бейбіт елдің тыныштығын қорғауда жанқиярлыққа барды. Әрине, елі үшін жас ғұмырларын қиған қазіргі заманның хас батырлары қандай да құрметке лайық. Олардың бұл ерліктерді атақ-даңқ үшін емес, егемен еліміздің тыныштығы үшін жасағаны да ақиқат. Бұл ең алдымен, елі, туған халқы үшін қасық қанын қиятын ата дәстүрдің үзілмегендігін көрсетсе, екіншіден, жас ұрпақтың патриоттық сезімінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Осындай батыр ұлдары бар елдің ертеңі де өміршең екені сөзсіз.
Жыл соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қызмет бабында қайтыс болған 4 қызметкер еліміздің жоғары наградаларына ие болды. Олардың арасынан Темір аудандық ішкі істер бөлімінің полиция сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев III дәрежелі, Ақтөбе облысының ІІД Экстремизммен күрес басқармасының қызметкері, полиция капитаны Рүстем Кенжалин мен «Арлан» арнайы жасағының қызметкері, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаев II дәрежелі «Айбын» ордендерімен марапатталды.
30 жастағы полиция сержанты Нұрлан Алпысбай Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген. Ол ішкі істер органында 2002 жылдан бері қызмет еткен еді. Айдос Боранбаев 39 жас-ақ өмір сүрді. Айдос ішкі істер органында 6 жыл қызмет атқарған. Екі азаматтың артында қос-қостан балалары қалды. 35 жастағы «Арлан» арнайы жасағының қызметкері, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаев 2011 жылғы 1 шілде күні қылмыскерлерді құрықтау арнайы операциясы барысында Кеңқияқ кентінде қаза тапты.
Рүстем Кенжалин өз әріптестерімен жедел ақпаратты тексеру мақсатында саяжайда салынып жатқан үйдің маңына келген. Сол маңда жас келіншекті көрген полиция қызметкерлері үйді тексеріп шығу үшін аталмыш әйелден рұқсат алып, бірінші болып үйге бас сұққан Рүстемге оқ атылып, жарылыс болады. Рүстемнің қасындағы әріптестері қас-қағым сәтте ешқандай шара жасай алмаған. Салынып жатқан үйдің шатыры көкке ұшқан сәтте қаза тапқан Рүстемнің денесінің әрең табылғандығынан-ақ жарылыстың тым күшті болғанын аңғару қиын емес. Астана қаласында Рүстем Кенжалиннің зайыбы ІІМ министрі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан марапатты қабылдап алды. Аталған төрт полицей де қылмыстық топтың көзін жоюға атсалысқан еңбектері үшін марапатталды.
Сонымен бірге, Темір аудандық ішкі істер бөлімінің полиция сержанты Тұрарбек Ешпағанбетовке III дәрежелі «Айбын» ордені табысталса, «Арлан» арнайы жасағының сарбаздары, полиция майоры Бүркіт Сартаев, кіші полиция лейтенанттары Сұңғат Тәжіғұлов пен Жасұлан Абиболаев II дәрежелі «Айбын» орденін омырауларына тақты.
Бұл орайда батыл ұлдарымыздың бірі, полиция майоры Бүркіт Сартаевпен әңгімелесудің сәті түсті. Сол қарулы қақтығыста алған жарақатының салдарынан аурухана жағалап жүрген ол уақытының тапшылығына қарамастан өтінішімізді жерге тастамады. Жүзінен жылылық сезіледі. Адамға деген ықыласы мен құрметі қандай. Жанына батқан жарақатын да білдіргісі жоқ.
Шалқар ауданы Қайыр ауылында дүниеге келген Бүркіт Сәрсенбайұлы 1990-1992 жылдары Германияның Франкфурт қаласында әскер қатарында азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейін бірден ішкі істер органына қызметке орналасқан. Кейін Ақтөбе облысының ІІД «Арлан» арнайы ден қою жасағына ауысқан. Басыңды қауіп-қатерге тігетін мұндай күш құрылымдарына екінің бірін ала бермейтінін ескерсек, оның қатал сынақтардан мүдірмей өткенін пайымдау қиын емес.
– Ол оқиғаның қалай болғаны, арты қалай аяқталғаны қалың жұртқа белгілі. Қарақшылар қамыс арасында жасырынып жатып, атыс басталып кетті. Біз барымызша қызметтік міндетімізді өтедік. Менің орнымда кім-кім де осылай әрекет етері сөзсіз. Сондықтан асыра айтатындай ештеңе жоқ. Бәрінен бұрын жан жолдасымыз Руслан Жолдыбаевтың бізді қорғап, кеудесін оққа тосқан ерлігін айтсаңызшы. Нағыз азамат, нағыз сақшы осындай болуы керек. Сол қақтығыста қолымнан жарақаттанып, тікұшақпен облыс орталығына жеткізілдім. Сол жарақаттан әлі арыла алмай жүрмін. Бастысы, бас аман, денсаулық орнына келеді деп ойлаймын деп қысқа қайырды әңгіме тізгінін, Бүркіт Сәрсенбайұлы қызметтік әдеппен көп нәрсені айта бермейтін тәртіптілігіне басып.
Ол қарапайым отбасында, он баланың ортасында тәрбиеленді. Өзі қалаған қызметтің ыстық-суығына үйренген оның еңбек жолын қайта бастаса осы соқпаққа түсері сөзсіз. Оны аз ғана тіл қатысу кезінде анық аңғардық.
Кешегі қанды оқиға кезінде отбасың, анаң қатты уайымдаған болар дедік біз әңгіме арнасын өзгерткіміз келіп.
– Қызмет бабында не боларын кім болжапты. Алайда, анам Жұпар кешегі қан қасап соғыста болған майдангердің жары ғой аса қобалжымаса керек. Дегенмен, баласын кім жамандыққа қияды, – деді ол өз ойын бүкпесіз жеткізіп.
Бүркіт Сартаев зайыбымен екеуі екі ұл тәрбиелеп өсіруде. Отбасында жақсы жар, сүйікті әке. Қызметтестері арасында беделді, ініге қамқор, ағаға ізетті ұл ұяда көрген өнегесімен өзгелерге үлгі болуда. Сондықтан да болар, әріптестері оны сөзден гөрі істің адамы ретінде бағалайды. Ал қандай жағдайда да адами қасиетінен, жігіттік намысынан айнымайтын Бүркіт қашанда, қандай жағдайда да өзгелерге өнеге болар адамгершілікті жоғары ұстайды. Ердің ері сыналар сын сағатта батылдығымен көзге түскендердің бірі ретінде осылай деп сөз айтуды парызымыз санадық. Бүгінгі күннің Бауыржандары арамызда жүргеніне риза болғанымыз да рас. Полиция майоры Бүркіт бауырымыздың омырауында II дәрежелі «Айбын» орденінің жарқырауы да заңды. Ерлік осылай бағаланса керек.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.