Белгілі дирижер, талантты композитор Нұрлан Байгөзовтің есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс.
Әулиеата топырағында дүниеге келіп, арман арқалап Алматыға аттанған ол қазақ музыка өнерінде өзіндік деңгейге көтерілді. Әр жылдары «Гүлдер», «ДосМұқасан» ансамблінде қызмет атқарды. Оның әндерін халық әртісі Мақпал Жүнісова, Ералхан Әбішев, Жұбаныш Жексенұлы сияқты әншілер шырқап, тыңдарман жүрегіне ұялатқан болатын.
Күз мезгілі келіп, күрең түскенде Нұрлан Байгөзов Тараз қаласына келіп, «Баласағұн» орталық концерт залында «Таразымның алтын күзі» атты эстрада және джаз музыка фестивалін өткізді.
Нұрлан Байгөзов тек дирижер, композитор ғана емес, ән әрлеуші ретінде де танымал. Джаз жанрын қайта оралтып, музыка өнеріне соны соқпақ салды. Бұл кеште барлық туындылар эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Әуелі композитордың өзі жаңаша бағытта әрлеген «Қыздар-ай» атты халық әнін «X band» тобы нақышына келтіре орындады.
Фестиваль барысында Жұбаныш Жексенұлы, Ералхан Әбішев, Дәурен Сейітжан, Сая Махамбет және өзге де өнерпаздар Нұрлан Байгөзов шығармаларын шынайы орындады. Ал композитордың кубалық достарына арнап жазған «И снова карнавал» атты әнін эстрадалық оркестр мүшелері жоғары деңгейде орындап, тыңдарманның көңілінен шықты. Сонымен қатар өнер иесінің ұлы Ербол Байгөзов өзінің өлеңдерін оқып, көпшілікті бір серпілтті. Ең бастысы, көпшілік кеш барысында шырқалған Нұрлан Байгөзовтің «Анаға арнау», «Адасқан шағала», «Сағыныш тамшысы», «Қазақ даласы» сияқты әндері қазақ өнеріне қосылған үлес екенін түйсініп қайтты. Көпшілік тыңдарман композиторға деген құрметін көрсетті. Өнерге деген адалдығын сақтаған саңлақтың Әулиеата аспанын әнге бөлеген сәтін ерекше бағалады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы