Бозбала редакцияға, менің атыма өлеңдерін жолдапты. Аңқаулығы, балалығы есіп тұрғанымен есте қалатын сөздері де бар. Мысалы, «Өткен өмірді немен өлшей алар едік? Күндермен бе, жылдармен бе? Қайғы әлде бақытпен бе? Білмеймін ғой...» деген мазмұнда аңтарылып, сарыүрпек балапанның аузын ашқан бейкүнә сәтін елестететіндей ме? Онша иі қанып, ысылмаған, тігісі жатқызылмаған тәжірибесіз тіркестер, ұқыпталмаған ұйқастар... Бірақ ой ұшқыны жарқырайды. Дәні мен дәнегі бар секілді. Мұндай ойлар екінің бірін толғандырары кәміл. Өміршеңдігімен, өткеніңнің бағасын безбендетумен, әрине. Өмір мәнін терең ұғуға деген іңкәрлікті еселеуімен. Және де мұндай ойлардың жас талғамайтындығы да тақырып толғағының мәңгілікке тыныстамайтын, тулаған толқындай еш тынбайтын өршіл мінезінен шығар, бәлкім. Сол себепті де жас өскіннің мұндай сұрақты қоюы табиғилық. Ал жауабын дөп басып айта алмауы – одан өткен шынайылық.
Бірақ ауыспалы өмір бәрін өз орнына қоятыны анық. Әрқайсымыз әлгіндей сұрақтарға жауап беретіндей жасқа жетіп, ақыл-ес толысатын кез де туар. Сонда жауабы орнықты қашалар: әр күннің маңызын екшерміз; өмір өлшемін анықтармыз; маңдайға жазылған жылдардың қалай, нендей күйде өткеніне жіті көз жіберерміз...
Сөйтерміз-ау, әрине, ондай дәйектердің тұшымды болуы, өз кезегінде күндер мен жылдардың қандай дәрежеде жылыстағанына байланысты болса керек-ті.
... Зуылайды күндер, зырыл қағады. Көрмейсіз бе, міне, қас қағымда Жаңа жылдың да қақпа қағып қалары кәдік. Жаңа жыл! Олар адам өмірінде, тіпті адамзат ғұмырында қанша рет қайталанды екен? Таңырқатады, тамсандырады. Бір қарғанда егіз қозыдай ұқсас, серіппелі күндер... Ағындап, арқырап, сарқырап келіп Жылдың жылы құшағына жығылады. Ал әр күнді бәрібір қарапайым сеніммен, үкілі үмітпен күтуден жалықпайсың. Осы құнды қасиет пен ширыққан сезім әр уақыттың, әр түрлі мемлекеттің әрқалай жастағы адамдарын біріктіріп, туыстастырып жіберетіні аңғарылады. Былай қарағанда бір күнде тұрған не бар дейміз ғой. Өтті де кетті... Тоқтаңыз! Әр күнің құрық бойламайтындай терең, түпсіз шыңырау іспетті екен-ау. Әйтсе де ол күндердің шекарасы шартты түрде ғана жылдармен жымдасып жатады-мыс. Аясын кеңейтіп, ұғымын ұлықтаңқырап ұғынып көрсек, күндер мен жылдар дегеніміз тұтаса, ұлғая келе Уақыт атты ұлылықты сомдайды екен-ау. Яғни, күн мен жылың Уақыт уысына жұтылып кетеді. Осындай қастерлі табалдырықта тұрып уақыт туралы, өзіміз туралы толғанғымыз келеді. Кестелеп, көркемдеп, байытып айтсақ – Уақыттағы және Өзіміздегі өзгерістер жөнінде пайымдап көрсек ше...
Бастапқы көзқарас мерекелік күндерге қатысты тиянақталмақ. Біреу бұл күнді зор аңсармен күтсе, кейбірі кәдуілгі жұмыс күнінің ырғағын бұзғысы келмей әжептәуір қиналатыны бар. Асыра айтқандық емес – ақиқат. Д. деген танысым осындай қауырт күннің мазмұнға толы желісін, ырысты ырғағын, әдемі әуенін мейраммен үзіп алмасам екен деп, кәдімгідей абыржиды екен. Бұл жылдармен қалыптасқан әдет. Әбден жұмысқа жегілген жан жұмыстан бас алмаған қалпымен мерекенің өзін лайықты қарсылауға әзір болмай шығыпты. Ондай «бостандықтың» иек астында тұрғанын аңдамай қалады. Босаңсып, арқаны кеңге салып жүрейін десе, сымдай тартылған әдеттегі тәртібі ырық бермейді. Жұмыс, жұмыс... демалыс күнінің өзін қарекетсіз өткізбейтін ол екі-үш күндік мерекелік сипатқа көндіге алмай қойыпты. Әрине, мұнысы үшін ешкімді жазғыра алмайсыз ғой.
Байыпқа салып, саралауды қажет ететін тақырыптың бір сарасы жастардың азаматтық белсенділігіне қатысты боп келеді. Олардың қабілеті, өмірге икемділігі, ұстанымы, т.б. бейнелік-даралық деңгейі қандай? Жасыратын несі бар, жас өркеннің бойынан заман ауысуымен қабыстырып ілік, кемшілік, керағарлық табуды әдетке айналдырып жүрміз ғой. Ал сан ғасыр астарынан белгілі жәйт, ол – адамдардың жақсылыққа қарай өзгеруінің тылсым сырын ашудың асқан құпиялылығына саяды. Әр түрлі ұрпақ ортақ тіл табысып, жарқын өмірдің ұлы ұстындарын ұлықтай алар ма екен? Египет перғауынының құлпытасындағы осыдан төрт мың жыл бұрын қашалған жазуға жан бітірсек, онда жастардың өте-мөте өзімшілдікке, асыра көзге түсушілікке салынып, үлкендердің ақыл-кеңесіне енжарлықпен құлақ қоймайтыны, мұның өзі ешқандай жақсылыққа әкеп соқтырмайтыны мегзелген. Дегенмен әркім әкелік жасқа жақындаған сайын ұрпақтар сабақтастығын жете түсініп, адамға телінген әр жылдың өзіндік қадір-қасиеті болатынын ұғынады екен. Әбден пісіп-жетілген кезде де ғұмырлық жинаған болмыс-бітім байлығыңды жастықтың алабұртқан жалынына айырбастамайтын өршілдігің байқалатыны тағы рас-ау.
Екпіндеп, еркінсіген жастықтың күш-қайратына уақыт өте келе мақсат айқындығы, бағалаудың дәлдігі, өзің мен өзгенің іс-қимыл нәтижелерін сараптап түсіну, кәсіптік шеберлік, яғни ең бастысы, әркімнің ісіне қалтқысыз қызмет ететін мүмкіндіктер жан сандығында қатталып жиналады. Осылайша уақыт бәрін өз орнына қояды: не бітірдің, қалай бітірдің, қандай ісіңе сүйсіне аласың? Шалыс басқан қадамың ше? Оны қалай түзуледің? Өмірлік тәжірибеңнің діттегенінен шыға алдың ба? Ең қымбаты – өткенің мен бүгініңді, болашағыңды жалғастырған желінің тіні үзіліп кетпес пе екен? Асылық жасамай, осының бәріне абай болған абзал ғой. Өйткені күннен күн алмасып, жылға ұласып, жылғаланып, әр Жаңа жылың мен күнің өз мағынасын еселеп, адами бір сұраққа жүгендеп қоятынын қайтерсің. Айталық, күн сайын Сізді толғантатын мәселе көп қой. Мәселенки, адамдар – біздің ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз, өзіміз, балаларымыз бен немерелеріміз қалай өмір сүруде, арман-мүддесі қандай, не үшін күресіп жатыр? Әр күннің, кейін жылдар безбеніндегі мәңгілік мәселелер екендігіне шүбә келтірмессіз.
Ал бүгіннің ең маңызды мақсаты – Жер бетіндегі бейбітшілік! Еліміздің бірлігі мен берекесі. Халық тұтастығы – ең ұлы мәртебе екендігін Қазақ елі әлемге әйгілеп жүр емес пе?! Осы жетістіктер ғайыптан көктен түсе қалмағаны және ақиқат. Күндер мен жылдар еншісіне тағдыр-талайдың біртіндеп бұйыртқан бақ-берекесі! Осы қадірімізді уыстан шығарып алмайық! Бейбіт өмірді көздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа аманаттап тапсырып, олардан да осындай қағылездікті талап еткеніміз жөн болар. Себебі, бейбітшілік дегеніміз – берекесі мен бақыты ұйыған тұтас өмір ғой!
Иә, уақыт өз дегенін істейді, ырқына көндіреді, өзгерісін мұқияттайды. Адамды айнымалы, аңсарлы күйге түсіреді. Келісіңізші, кім, мысалы, жас шағында даңқ туралы армандамайды? Іштей болса да ұятымен арпалысып, ел көзіндегі адам болғысы келеді. Мұның не әбестігі бар? Армансыз – ақпаған су. Жасқа тән менмендік, албырттық, жасампаздық, атақты болуға ұмтылушылық – бәрі жарасады. Жастар – жанартаудай қозғаушы күш. Мақтанышы – осы мүмкіндігінде. Ұялсаң, түкке тұрғысыз мақсаттан, тарпаң қимылдан, көпе-көрінеу түңілісіңнен ұял, жерге қара! Мұндай ынжық, ынсапсыз әрекеттен түптің-түбінде қандай адам шығатынын болжап қою әсте қиын емес. Лауазымы мен марапатына, тойғаны мен өз мүддесін күйттегеніне, билікке елпектеуі мен емексігеніне, жағынуы мен жағымпаздығына, т.б. жағымсыз ғадеттерді бойына жинақтаған адам қайдан шығыпты? Ол балалықтан бүгінгі жасамыс шағына ұрын келді емес пе? Сондықтан жастық шағыңды әдіссіз қалыптастыратын күндерің мен жылдарың мінсіз болсыншы.
Әлгінде айттық, даңқ жайлы. Ол кім-көрінгенге жалын сипатпайды. Жаппай сипатса, құны қалар ма еді? Әйтсе де оның ынтықтыратын ықпалы, әсер күші, қоздырғыш ықыласы адамға көп пайдалы әрекеттер дарытады екен. Даңққа ұмтылу болмаса – кәсіби шеберлік пен шыңдалу, білгірлік пен біліктілік, қысқасы, мінсіз маман боп қалыптасу қайдан келеді? Бұл аз табыс па? Даңққа жетпесең де ұқсап бақтың жарқын мысалы да.
Шау тартқан адам әсіресе жас кезінде жараланған жан азабынан арылуға ой елегімен мүмкіндік алады. Қызбалықпен айтылған зәрлі сөз, қыңыр мінез, шындықтың еленбеуі жеңіл тимейді. Бірақ жылдар жылыстай береді, тағдыр әртүрлі адамдарды кезіктіреді. Әрбір кездесу, әрбір күн ойлантып, толғантады: адам өзін қалай көргісі келсе, жат біреуді солай көріп, пікір түйеді екен. Кінәратшыл адам тек кінәрат іздейді, шатақшыл қай сөз бен істен болсын шатақ қазып алады, секемшіл өзгені секемшіл етеді. Қысқасы, түпкі нашар ойы былайғыны былғанышпен мансұқ етуге әккіленген. Ал тәрбиелі, тәртіпті, қалыпты адамның жөні бөлек. Ол әркімнің ар-намысын құрметтей біледі. Кім-кімнен де игіліктің, ізеттіліктің нышанын сезіп, өз қасиетіндей мәпелейді. Қателігінен сабақ алады, ләззатқа бөленеді. Ары таза, жаны қиналмайды. Осылайша басқаның мінсіздігіне, тұрақтылығына, көңілділігіне бой ұмсына бастайды. Бұл тәрбиенің тылсым тағылымы енді Сізді тіпті басқа сұлу сазға салып жібереді. Ең ғажабы сол, Сіз маңайыңдағылардан өзіңіз күткен жақсы көңіл мен жайдарман құрметтің қайтарымын күнде сезіне аласыз. Демек, ара-қатынастың жақсы-жаман болып қалыптасуы Өзіңе байланысты екен. Күндер мен жылдар жүзіндегі мәңгілік тәлім осындай, міне...
Әлімсақтан белгілі, әрбір қас қағым сәттің өз кезегі, өз реті бар. Сол секілді өз ырғағымен Жаңа жыл да есік қаққалы тұр. Оны көрген де бар, көрмеген де бар. Көргенімізге тәубе делік. Кезінде зор аңсаумен қарсылаған Жаңа жылды, енді есіркегенін есіркеп, ұзатып салып, жаңасын жарылқа деп, үкілі үмітпен күтіп алармыз. Сөйтіп кешікпей Жаңа жылдың еңбек таңы да атады арайланып.
Қарбалас күндер мен жасампаздық жылдар жалғаса бергей, егемен Елім! Әр күннің, жылдың бағасын бағалап, басымызға құт етіп дарыталықшы! Әне, шын бақыттың айнасынан шат жүзіміз көрінсін!
... Күндер мен жылдар. Жаныңдағы жақының, қасыңдағы қимасың! Қадірін білгізе көрші!
Қайсар ӘЛІМ.