Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында қамтылған өзекті мәселелердің әрқайсысы қоғамымыз үшін зор маңызға ие. Өйткені бұл стратегиялық құжатта барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарта түсуге басымдық берілумен қатар, қоғамдағы құқықтық қатынастар саласындағы бірқатар түйткілдерді оңтайлы шешудің жолдары нақты көрсетілді.
Жолдауда халықтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың құқығын сақтау әрі қорғау үшін қажетті шараларды қолға алудың маңыздылығы басты басымдықтардың бірі ретінде аталды. Бұл тұрғыда осы стратегиялық құжатта құқық қорғау органдарының жұмысына сапалы, сындарлы өзгерістердің қажеттігі орынды қозғалды.
«Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды. Сонымен қатар қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр», деген Елбасы Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырып, бұл бағыттағы тиісті жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолға алынуы қажеттігін атап көрсетті. Нақтылай айқанда, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландыру, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту, үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттау, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекіту, мамандарды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту, сондай-ақ ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау сынды бірқатар өзекті мәселелер өз шешімін табатын болады. Осы ретте Жолдаудағы полиция қызметіне қатысты бастамаларға көпшілік қауым, сондай-ақ сала мамандары зор ықылас танытып отырғаны байқалады.
«Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Алдағы уақытта қабылданатын ««Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы»» біздің салаға үлкен серпіліс әкеледі деп үміттенеміз. Сонымен қатар полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту шарасы өз кезегінде полиция қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге жол ашылады. Бұдан бұрын да әлеуметтік мәселелерге тиісті назар аударылып келген. Дегенмен, Жолдауда қозғалған мәселелердің жөні бөлек. Енді аталған жағдаяттарға үкіметтік деңгейде назар аударылатын болғандықтан, қылмыспен күресте алдынғы шепте жүретін полицейлердің әлеуметтік жағдайы тағы бір саты жоғарылайтын болады. Полиция қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайы жоғарылаған соң, олардың арасында жемқорлық жойылады, халықтың құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс сапасы да көтеріледі. Осындай жаңа үміттер сыйлаған биылғы Жолдау бізге осынысымен құнды», дейді ІІМ Кадр жұмысы департаменті Қызметті өткеруді ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Жахин.
Сонымен қатар көптеген азамат полиция қызметкерлерінің бәрін қайта аттестаттаудан өткізу, олардың арасындағы үздіктерді ғана қызметінде қалдыру, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи тәсілдерін енгізу, полиция қызметін бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерту секілді шаралардың жүзеге асырылатынын дұрыс қадам ретінде қабылдауда.
Тағы бір айта кетер жайт, Жолдауда азаматтардың құқығын сақтау, қорғау ісінде сот жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелері де тыңғылықты түсіндірілді. «Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр. Сонымен қатар құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы», деген Мемлекет басшысы сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастыру, уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдерін қысқару қажеттігіне екпін берді. Бұдан бөлек, Елбасы сот жүйесінің сапалы дамуына және кадрларды жаңарту, үздік заңгерлерді судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау ісіне назар аудару керектігін жеткізді. Сондай-ақ Президент бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесіне сүйену, судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажеттігін айта келіп, тиісті орындарға жыл соңына дейін нақты шаралар кешенін әзірлеуді міндеттеді.
Негізгі күш – тиімді мемлекеттік аппаратТұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде, реформаларды нәтижелі жүзеге асыруда тиімді мемлекеттік аппарат шешуші рөл атқаратыны белгілі. Бұл орайда кезінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында негізгі міндеттер күн тәртібіне шығарылған болатын. Десек те, Елбасы Жолдауында аталған салаға қатысты атқарылуы тиіс шаралар терең талданып, жаңа сипатта қайта пысықталды. Нақтылай айтқанда, Жолдауда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттырудың маңыздылығы, мемлекеттік қызметшілердің мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиісті екені көрсетілді. Бұл жерде тұрақты кері байланыс орнату, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін жұртшылыққа түсіндіру ісі тыңғылықты жүзеге асырылуы қажеттігі айтылып тұр.
Елбасы осы салаға қатысты келтірген деректерге қарағанда, тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өскен. Мамандардың жұмыстан кетуі қысқарып, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан мемлекеттік қызметке келуі 3 есе артқан. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өскенін көрсеткен. Ал қазір Маңғыстау облысының әкімдігіндегі 1 бос орынға 16, Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр.
Сонымен қатар Елбасы еңбекақы төлеудің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына «бюджеттік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құқық берілгенін, олар үнемделген қаржы есебінен қызметшілердің жалақысын көбейтуге мүмкіндігін алғанын айта келіп, бүгінде көптеген мемлекеттік органдар жаңа модельге көшуді қалап отырғанына тоқталды.
Озық тәжірибелер қолданыладыҚоғамымыздағы кейбір келеңсіз көріністердің туындауына сыбайлас жемқорлықтың тікелей әсер етіп отырғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде халықтың көңіл күйіне жағымсыз әсер ететіні анық. Осы бір кесірлі үрдіс мемлекеттік қызмет, жер қатынастары, құрылыс, кәсіпкерлік салаларында жиі көрініс береді. Сондықтан да Президент өз Жолдауында аталған мәселеге айрықша мән бере келіп, қолға алынуы тиіс шаралар тізбегін атап көрсетті.
«Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн. Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек!» деген Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылық пен бизнес қауымдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керектігіне, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 проценті, ал 2020 жылы кемінде 90 проценті электронды форматқа көшірілуге тиіс екеніне назар аударды. Президенттің сөзіне қарағанда, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңды жедел жаңарту, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет.
Елбасы өз Жолдауы арқылы Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға формализм мен бюрократияны азайту қажеттігін ескерткені де халықтың көңілінен шықты деп ойлаймыз.
Қорыта айтқанда, бұл кезекті Жолдау еліміздің уақыт талабына сай дамуына жол ашып қана қоймай, атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты, өзара сенімді одан әрі нығайта түсудің негізгі бағыттарын айқындап берді. Ал халықтың билікке деген сенімінің артуы қоғамымыздағы ортақ проблемалардың еңсерілгенін білдіреді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»