• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2011

2012 жылды қайнарлықтар табыспен қарсы алмақ

267 рет
көрсетілді

Жаңалық пен жақсылықты қалт жібермейтін болдық. Олай бол­мағанда тарихтың тырс-тырс соққан сағатынан қалып қоятының сөз­сіз. Барша қазақстандықтар тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­са­ңын­да әсем Астанаға көз тігіп, жан жадыратқан игіліктермен шаттанды. Астанадағы Индустрияландыру күні аясында бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі жөніндегі конкурс қорытындысымен «Ал­тын сапа-2011» сыйлығының лауреаттары және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының дипломаттары бас қосқан салтанатқа Елбасы қатысып, жиын ажарын аша түскенін айтуға болады. Еңбектің жанғаны, ізденістің ізгілігі бар қырынан көрінді. Жетісу өңірі өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласында жақсы жетістіктерге жетті. Биылдың өзінде индустрияландыру картасы аясын­да жалпы құны 9,6 млрд. теңге болатын 10 жаңа нысан іске қосылды. Ал Талдықорғандағы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа техноло­гияларды іске қосу нәтижесінде өнімдерін алыс шетелдерге шығару мүмкіндігіне ие болғанын да мақтанышпен айтуға болады. Кәсіпорын салтанатты жиында ел Президентінің «Алтын сапа» ар­найы сыйлығымен марапатталды. Сондай-ақ шағын және орта кә­сіп­керлік саласындағы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» ата­лы­мы бойынша ең таңдаулы кәсіпорын қатарынан табылып, мерейленді. «Қайнар АКБ» жеңісіне барша жетісулықтар қуанды. Өйткені, атал­ған кәсіпорын өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосумен қатар, халықты жұмыспен қамтып, жағдайларының жақсаруына септігін тигізіп келеді. Қиын-қыстау кезде де ертеңге деген үміттерін үкілеген зауыт ұжымы әлі де табыстарын тасытып, бәсекеге қабілетті өнім өндіру­ді жалғастыруда. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар кәсіпорында бірнеше ұрпақтың өкілі алмасып, олар кәсіби шеберліктерін шыңдап келеді. Ұтымды ұйымдастыру оларды биікке ұмтылдыруда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.