Ақжайық аймағын нағыз сулы өлке деуге болады. Мұнда жалпы ұзындығы үш мың шақырымға жуық өзендер және екі жүзден астам су айдындары бар. Сөз жоқ, мұндағы балық қорын қорғауда мемлекеттік балық инспекциясының рөлі жоғары. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Салықов Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының ұсынысына сәйкес инспекторларға жаңа «УАЗ» автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Бұл заңсыз балық аулаушылармен және шет жерге балық өткізушілермен күресті күшейту мақсатында беріліп отыр, деді ол.
Осы рәсімде белгілі болғандай, Батыс Қазақстандағы балық инспекциясы ұжымына қызмет көлігі жиырма жылдан бері алынбапты. Мысалы Орал өңіріндегі кейбір өзен-көлдердің ара-қашықтығы бес жүз шақырымға дейін жетеді. Әрине оған бару үшін бірінші кезекте сенімді көлік керек. Мекемедегі жалғыз әрі ескі «Нивамен» оған үлгере аласың ба? Енді мұнда екі-үш инспекторға бір жаңа көліктен келіп отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.