• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2010

КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ

954 рет
көрсетілді

ҚАЗАҚСТАНДЫ ТӨРГЕ ШЫҒАРАТЫН — ХИМИЯ Елбасымыздың 2009 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселе төңірегінде атқарушы билікке нақты тапсырма берген еді. Бірақ сол тапсырма әзірге орындала қойған жоқ. Орайы келгенде айта кетейін, жағар май — мұнай өнімдерінің ішіндегі ең қымбаты. Соны біле тұра еліміздің шикі мұнайынан құбырдан өткізуге қиындық келтіретіндіктен “сылынып” тасталып жатқан парафиндердің бағалы өнім беретініне атқарушы билік басындағылар әлі күнге көңіл бөлер емес. ҚАЗАҚСТАНДЫ ТӨРГЕ ШЫҒАРАТЫН — ХИМИЯ Өткен жылдың мамыр айында “Нұр Отан” ХДП ХІІ съезі өтіп, онда Қазақстан Республика­сы­ның Президенті, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп, таяу­дағы бес жылда атқарылатын мемлекеттік ауқым­ды бағдарламаны жариялағаны белгілі. Сол бағ­дарламада бес жыл ішінде жеті бағыт бойынша “индустриялық-инновациялық” бағдарлама жа­сап, жүзеге асыру керектігі жайлы міндет “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросына, ел Парламентіне, сондай-ақ Отанымыздағы ең іргелі және билік партиясы жасақтаған атқарушы орындарға жүк­телді. Соңғы нәтижесінде 7 триллион теңгелік қосымша құны мол тауарлы өндіріспен байы­тылуға тиісті осынау бағдарламаға химия ғылы­мы­ның қосары ерекше екенін кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында да, алқалы жиындардың мәртебелі мінберлерінен де баяндаған едім. Өйт­кені, Президентіміз белгілеп берген ұлттық бағ­дар­дың жеті бағытында да химия ғылымының қосар үлесі аз болмайтыны бізге белгілі еді. Айта­лық, мұнай-газ химиясы мен тыңайтқыштар өн­ді­рісін былай қойғанның өзінде, аграрлық са­ланы, фармацевтиканы, құрылыс индустриясын, қорғаныс өнеркәсібі саласын дамыту мәселесін химия ғылымының араласуынсыз түпкілікті ше­шу мүмкін еместігі баршаға аян. Адамзат өмірінің өркениет пен технология қарыштап дамыған осынау заманында химияның “атсалыспайтын” жері жоқ десе де болғандай. Жаңа ғана жарық дүниенің есігін ашқан сәбиге керектен бастап, бүкіл адамзат пайдаланатын игіліктердің бәрінде химия ғылымының өнімдері жүреді. Ал Қазақстанның ішкі рыногында химиялық өнімдердің үлес салмағы шамамен 70-80 пайызды құрайды. Мұның басым бөлігі импортталады. Демек, мемлекетіміз импорт үшін шет елдерге шығарып жатқан ондаған миллиард доллармен есептелетін мол қаржы елімізде қалып, қазақстандықтар қажетіне сай қызмет етуі тиіс. Бұлай дейтін себебім, шет елдерден тасымалдап жатқан дүниелеріміздің барлығын дерлік отандық өндірістен алуға болады. Бұл үшін химиктерімізді әр сала бойынша “іске тарту” керек. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін импорт тасымалдаушыларды қолдап келген әртүрлі дең­гейдегі шенеуніктер енді Президент тапсырмасын мүлтіксіз орындау ісіне жұмылар болса, онда, сөз жоқ, біздің химиктер бұл игілікке өздерінің мол үлестерін қосар еді. Оған қарым-қабілеттері, білім-біліктері жетеді. Орайы келгенде еске сала кетейін, Қазақстанның химия ғылымы дамығаны соншалық, ол кезінде Кеңестер Одағы деп ата­ла­тын алып державадағы Ресей химиктерінен кейін­гі орында тұрды. Украина мен Белоруссия химиктері бізден кейінгі орындарда болғаны баршаға мәлім. Бұған дәлел-дәйек келтірсем же­тіп артылады. Кеңестер Одағы химиктерінің өнім­дері, басқаны былай қойғанда, қазір өзіміз үлгі етіп жүрген АҚШ-қа да, Жапонияға да, Еуроодақ елдеріне де экспортталды. Бұл күндері сол алып одақтың химиялық өндірісінде айрықша жемісті қызмет атқарған, ашқан жаңалықтарымен Кре­мль­дің бетін бері қаратқан Қазақстан химиктері әлі де ортамызда жүр. Олардың тәлімін алған талантты шәкірттері де ұстаздарынан кем соғып тұрған жоқ. Қысқасы, Қазақстан химиктерінің білімі, білігі және тәжірибесі қай жағынан да мол. Елбасымыздың ерекше қамқорлығының нә­ти­жесінде осы заманғы озық техникамен, тех­но­ло­гиямен жарақталған лабораторияда қызмет етіп жатқан ғалымдар өндірістің осы саласы бойынша елімізді адамзат қауымдастығы деп аталатын алып орданың төріне шығарары сөзсіз. Бір қуа­ныш­тысы, Президент Н.Назарбаев осы саладағы отандық ғылымның күш-қуаты мен мүмкіндігін толық біледі. Соған сәйкес ұдайы ғылыми да­му­ды жалғастыру үшін қаржылық көмек көрсетіп, сондай-ақ атқарушы билік пен өндірісшілерге “бі­лім – ғылым – өндіріс” тізбегін орнықтауға ке­ңес беріп жүр. Әйтсе де осы уақытқа дейін Мем­­лекет басшысы кеңесін тыңдап жүзеге асы­ру­ға тиісті жақтар мардымды іс тындыра алған жоқ. Енді мұндай енжарлыққа жол берілмейтін­дігін Елбасы өзінің 2010 жылғы Жолдауында ерекше атап көрсетті. Қос палатаның бірлескен мәжілісінде 2010-2020 жылдарға арналған еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жариялаған Нұрсұлтан Әбішұлы іле-шала “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросының кеңейтілген кеңесін өткізіп, партия жетекшілері мен атқарушы билік өкілдеріне он жылдық жоспарды орындауға баршаның және әркімнің жауапкершілігі мен міндеттілігін жүктей отырып, ыждағаттылықпен жұмыс істеу қажеттілігін ерекше ескертті. Содан бері партия белсенділері де, Үкіметтегі лауазымды тұлғалар да сол тапсырманы орындау жолында еңбектеніп жатыр. Осы орайда айта кетерлік бір тұс – он жылдық алып бағдарламаны жүзеге асырып, Президентіміз айтқан межеден көріну үшін бүкіл халық болып жұмылатын үлкен іске отандық химия ғылымын қатыстыру қажеттілігі. Тіпті, бұдан да гөрі батылырақ айтар болсақ, химия ғылымының берерін пайдаланбай, Президент жүктеген үлкен істі абыроймен тындыру мүмкін емес. Айталық, Елбасымыз 2020 жылы Ұлттық қорлар қазынасында 90 миллиард доллар алтын-валюта болуы қамтамасыз етілуі тиіс, ал бұл сол кездегі ішкі жылдық жалпы өнімнің шамамен 30 пайызы деңгейінде болуы керек дегенді мәлімдеді. Енді осынау екі саннан үшінші бір сан туындайды, ол – 2020 жылғы жылдық ішкі жал­пы өнімнің 270 миллиард доллар көлемінде болатын­ды­ғы. Яғни, он жыл ішінде мемлекеттің жылдық ішкі жалпы өнімі 170 пайызды құрауы тиіс. Бұл — әр жыл­да шамамен 17 пайыздық өсім алу деген сөз. Қазақ­стан өзінің ең қарышты дамыған жыл­дарының өзінде ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімі 13 пайыз­ды құраған еді. Демек, Елбасы өзі­нің осы Жол­дауында атап көрсеткеніндей, өсімді экс­тенсивті жолмен емес, интенсивті жолмен алу керек­тігін ескертіп тұр. Айталық, ауыл шаруашы­лы­ғында еңбек өнімділігін екі есеге арттыру міндеті жүк­телді. Бұл — Президент аузынан шыққан нақты сан. Елбасы барлық сандарды айтып жатуға міндетті емес, оны түпкілікті нәтижені алуға міндетті атқарушы билік өкілдері есептей жатады. Біздің пайымдауымызша, ол кісі бұдан былайғы барлық өсімді тек қана еңбек өнімділігін арттыру арқылы алу керектігін меңзеп тұр. Турасында бағдарлама “индустриялық-инновациялық” деп аталғандықтан да бәрі көрініп тұр. Ендеше, ендігі молшылық тек қана интенсивті дамудың ғана жемісі болуы тиіс. Мұны өз басым былай ұғы­­намын: әр гектар телімі жердің шығым­ды­лы­ғын арттыру, малдың беретін еті мен сүтін мо­ла­йту, малдан түсетін кірісті, әр тонна мұнайдан елімізге келетін пайданы, әр тонна руданың Қазақстанға енгізетін валюталық кірісін көбейту. Мұны бір сөзбен айтқанда, он жыл ішінде құрылатын кәсіпорындар тек қана өзіміздің шикізатты өңдеп, ұқсатып, сонан соң отандық рынокқа немесе экспортқа шығаратын екінші және үшінші буындағы тауарлы өндіріс ошағы болмақ. Бұлардың өзінде аз қаржы жұмсап, мол өнім алуы керек. Президентіміздің осы тұрғыда Жолдауында айтқандарын осы тұрғыда түсіне алсақ қана ісіміз жемісті болмақ. Жоғарыда айтып кеткенімдей, отандық өн­ді­ріске берері мол химия ғылымы саласын Нұр­сұлтан Әбішұлы әрқашан да қолдап келеді. Ал ғалымдар болса Президент қамқорлығына нақты іс нәтижесімен жауап беруді өздерінің парыздары санайды. Сондықтан да біздің “Ә.Бектұров атын­дағы химия ғылымдары институты” акционерлік қоғамында негізінен бес сала бойынша ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қазір­дің өзінде конвейерлік өндірістен шығаруға 20-дан астам жаңа тауар технологиясын ғылыми не­гіз­деуді аяқтады. Бұлардың қай-қайсысы да отандық рынокты аса қажетті, арзан және әлемде теңдесі жоқ тауармен қамтамасыз етіп қана қой­май, аса қуатты экспорттық әлеуетке қол жет­кізері сөзсіз. Ол ол ма, отандық өндірістің кейбір саласын қазіргіден гөрі тиімдірек әрі өнімдірек жұ­мыс істеуге қозғаушы күш болар еді. Бұл ма­қа­лада солардың кейбіреулеріне ғана ерекше тоқ­талғанды жөн санаймын. Бәрін тізбелеп шығуға, олардың қасиеті мен берерін баяндауға газет мүмкіндігі жете бермейді. Өйткені, олардың әрқайсысы туралы толық бір монография жазуға тура келеді. Мен өзім жетекшілік жасап отырған ғылыми-зерттеу институты ұжымының ізденіс нәтижелері жайлы баяндаудан бұрын біздің ғылыми негіз­деген жаңалықтарымыз бен жаңа технология­ларымыз отандық өндіріске және Елбасы жүктеген он жылдық ауқымды бағдарламаны жүзеге асырушыларға көмектесуге сұранып тұрған толыққанды және пайдалы тауарлы өндіріс болатынын айта кетпекпін. Біздің ғалымдар өндіру жолын ғылыми негіздеп шыққан аса қарапайым, солай бола тұрса да, ыстық-суыққа өте төзімді полимид лактары мен пленкалары, металдық қасиеті бар ыстық-суыққа шыдамды пленкалар бүгінгі және болашақтағы индустриалы еліміз үшін қажетті тауарлар екені еш шүбә келтірмейді. Айталық, полимид лактары әртүрлі электр өткізгіштердің сыртқы бетін жабу үшін пайдаланылатынын айта кетсем деймін. Онымен сымдар, сондай-ақ, электровоздар мен тұр­мыстық техниканың двигательдері және тур­богенераторлар секілді аса бағалы жабдықтардың сыртқы беті қапталады. Полимид пленкалары, басқаны былай қойғанда, қуатты принтерлерде, магнитті ленталарда, тағы басқа толып жатқан салада төзімділікті сақтау үшін қолданылатын таптырмас тауарлар. Сондай-ақ, металдық қасиеті бар ыстық-суыққа бірдей пленкалар кон­денсаторлық техникаларда, аэроғарыштық құрал-жабдықтар өндірісінде пайдаланылатын дүниелер. Осылардың бәрі де отандық өндіріс үшін аса қажеттілігімен шектелмей, бұған қоса зор экспорттық әлеуетке ие бола алатын өнім түрі. Елімізде энергетикалық кешен және аэро­ға­рыш құрал-жабдықтары кешені өмірге келетіні осы он жылдық бағдарламада айтылған. Міне, жоғарыдағы материалдар солардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймайды, сонымен бірге әлемдік рынокта да бәсекелестікке қабілетті дү­ниелер болып шығады. Себебі, жоғарыда айтыл­ған өндірістік кешендер әлемнің барлық мемле­кеттерінде бар және көптеген елдердің макро­эко­номикасының локомотиві саналады. “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ құ­рамында жұмыс істейтін ғалымдар тобы зерттеп, зер­­делеп дайындаған басқа да ғылыми жаңа­лық­тар отандық рыноктың ғана сұранысын қам­та­ма­сыз етіп қоймайды. Экспорттық әлеуетке ие болумен қатар ел экономикасына валюталық тү­сім түсіреді. Мұндай өнімдер өндірісін Павлодарда, Ақтауда, Алматыда және Қапшағайда құруға бо­лады. Аталған қалалардағы химиялық өндіріс кә­сіп­орындарында жаңа өнім түрлерін шығаруға то­лық мүмкіндік бар. Тек қана қосымша цех құрал-жабдықтары мен технологиясын жасау үшін аз­даған қаражат болса жеткілікті. Мұның сыртында біздің ғалымдар Мәскеу мемлекеттік педагогика институтындағы қатты денелер физикасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі химия, физика кафедраларымен, сондай-ақ Фран­ция университеттерінің тиісті салалық ға­лым­дарымен бірлесіп полимид пленкаларына металл қасиеттерін беруге қатысты ғылыми-зерт­теу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Келесі бір топ оқымыстыларымыз су тазарту және суды пайдаланудағы қалдықсыз, яғни ай­нал­малы технологияны өндіріске енгізуді мем­бра­на технологиясы бойынша ғылыми негіздеп шық­ты. Бұл ауыз судан тапшылық көріп жүрген Қа­зақстан үшін аса пайдалы өндіріс орны бол­мақ. Қазір ион алмастырғыш материалдарды синтездейтін кәсіпорындарды Атырау, Ақтау, Павлодар қалаларындағы химиялық өндіріс кешендері маңында құру жөнінде ұсыныс жасап отырмыз. Алматының электромеханикалық зауытында электродиализ аппараттарының жаңа түрін шығаруға болады. Мұнай-газ химиясы туралы Елбасымыз ұдайы назарға салып келеді. Бірақ әзірге осы сала өн­ді­рісінен жанар-жағар майдың төменгі октанды тү­рінен басқа ештеңе шығарылмай тұр. Мазут та жет­кіліксіз мөлшерде. Авиациялық керосиндерді им­порттап келеміз. Мұнайға белшесінен батып жат­қан ел үшін бұл мүлде төзгісіз жағдай. Ескерте кетейік, мұнайды тереңдете өңдеу және одан по­ли­мер және полимерлік екінші өнімдерді алудың ғылыми тәсілін Қазақстан ғалымдары толық біле­ді. Солай бола тұрса да, құбырлар мен металл есік-терезелердің сыртын қаптайтын және басқа да аса қажетті тауарлар өндірісін жасаудың бас­тап­қы шикізаты полиэтилен, полипропилен, по­лис­тирол, синтетикалық каучук секілді қажет заттар өзімізде шығарылмағандықтан, импорт­та­лып, ақыр аяғында, елімізден мол мөлшерде ва­лю­талық шығысқа әкеліп соғуда. Бұл енді өкі­ніш­ті мәселе. Айталық, отандық ғалымдар елі­міз­де өндірілетін мұнай құрамындағы пара­фин­нен синтетикалық жоғары сапалы жағармай алу­ды ғылыми негіздеді. Солай бола тұрса да бұл жа­ңалығымыз өндіріске ене қойған жоқ. Кері­сін­ше, жағар майға сұранысты 100 пайыз импортпен жауып отырмыз. Елбасымыздың 2009 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселе төңірегінде атқарушы билікке нақты тапсырма берген еді. Бірақ сол тапсырма әзірге орындала қойған жоқ. Орайы келгенде айта кетейін, жағар май — мұнай өнімдерінің ішіндегі ең қымбаты. Соны біле тұра еліміздің шикі мұнайынан құбырдан өткізуге қиындық келтіретіндіктен “сылынып” тасталып жатқан парафиндердің бағалы өнім беретініне атқарушы билік басындағылар әлі күнге көңіл бөлер емес. Енді, міне, Елбасымыз индустриялық-инновациялық дамудың 10 жылдық бағдарламасын жүзеге асыруды, оның ішінде жанар-жағар майға отандық сұранысты 100 пайыз ішкі өніммен қамтамасыз ету міндетін жүктеген жаңа кезеңде Үкімет біздің химиктердің мұндай жаңалығын конвейерлік өндіріске енгізуге мұрындық болса, одан тек қана ұтамыз. Айта кетейік, жағармай мұнай өнімдерінің арасындағы ең қымбаты ғана емес, сонымен бірге, ең өтімдісі де. Өйткені, синте­ти­калық жағар майды шығару технологиясын игер­ген мемлекеттер әлемде санаулы. Демек, құдай қа­лап, Үкімет қолдап, бұл жаңалығымызды кон­вейер­лік өндірістен шығара қалсақ, онда ұтарымыз көп болмақ. Өйткені, парафиннен алынатын жағар майдың өзіндік құны мейлінше арзан. Бір мәселенің беті ашық, ол – еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының үшеуі де дәл бүгінгі таңда ХХІ ғасырдың өскелең талабына сай өнім шығара алатын кешендер емес. Олардың біздің қалаға­нымыздай өнім беруі үшін кешенді түбірінен жаң­ғырту керек. Себебі, бұл өндіріс орындарында мұнай бар болғаны 59 пайыз тереңдікте ғана өң­де­леді. Ал дүние жүзі, дәлірек айтсақ, біз еліктеуге тиісті еуроқалыпта бұл көрсеткіш 90 пайызды құ­райды. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан да біз бұл зауыттарды түбегейлі жаңғырту кезінде нақты ғылыми ұсыныстар жасауға дайынбыз. Моральдық жағынан ескірген технологияны арзанға сатып алғанға “мәз болмау керек”. Елбасы өз сө­зінде ескерткеніндей, зымыран уақыттың озық сұра­ныстарына сай тауарлы өнім шығаратын тех­нологияны ғана өмірге әкелу онжылдық индус­триал­ды-инновациялық бағдарламасының негізгі ұстанымы болуы тиіс. Осы орайда біріккен Гер­манияда өмірге келген “Лойна-2000” үлгісіндегі мұ­най өңдеуші жаңа кешеннің Қазақстанда жұ­мыс істегенін қалайтынымды еске сала кетсем деймін. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында аграрлық саладағы еңбек өнімділігін 2020 жылға дейін екі есе өсіруді міндеттеді. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Айталық, қазіргі біздің егістіктердің құнары азайған. Оның объективті және субъективті себептері бар. Мәсе­ле ол себепті анықтауда емес, сол құнар­лы­лықты қайтсек арттырамыз деген сұрақтың жауабын дәл табуда. Оның үстіне диқан қауымы мол астық жинаған кезде әлемдік қор биржаларында бидай­дың бағасы арзандап кетіп, жұмсаған шығын­да­рын қайтара алмайтындай жағдайларға тап болып жатады. Бұған 2009 жылдың ақиқаты дәлел. Не іс­теу керек? Бұл сұрақтың жауабын біздің оқы­мыс­тылар әлдеқашан тапқан. Бірақ, ғалым­дары­мыз ашқан сол жаңалықтар отандық конвейерлік өндірістен қолданысқа шығарыла қойған жоқ. Нақты бір мысал келтірер болсам, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіріледі. Ол экспортталып, өндіріс қожаларына қанағат­танар­лық кіріс әкелуде. Бұл тыңайтқыштарды сатып алатындар негізінен мүмкіндігі бар Еуропа фермерлері. Ал біздің фермерлер бұл тыңайт­қыштарды сатып ала алмайды. Себебі, қалталары жұқа. Үкімет егіншіліктегі ағайынға жыл сайын тыңайтқыш сатып алу үшін субсидия бөледі. Бұл бірнеше ондаған миллиард теңгеге жетіп қалатын шығар. Соның өзі сұранысты өтей алмайды. Ендеше, диқан қауымға арзан тыңайтқыш керек. Сондай-ақ ол тыңайтқыштың жер құнарын көтерудегі пайдалы әсер коэффициенті қымбат тыңайтқышты пайдаланғандағыдан кем болмауы тиіс. “Екі қоянды бір оқпен атып алатындай” жағдайды біздің ғалымдар дәл бүгін туғыза алады. Жоғарыда аталған тыңайтқыш кеніштерінен шыққан руда қалдықтарын пайдалана отырып-ақ біз жер құнарын байытып, егістік шығымын 20-30 пайызға өсіре алатындай тыңайтқыштың жаңа түрін шығарудың ғылыми негізін жасадық. Жаңа тыңайтқыштың тағы бір пайдалылығы фос­фордан топырақтың алатын құнары 20-25 пайызға өсіп, себілген дәннің 98-100 пайыздық өнім беруіне қол жетеді. Топырақтағы гумус құрамы сақталып, дәнді дақылдардың құрғақшылыққа, сондай-ақ үсікке төзімділігі жоғарылайды. Мұның сыртында алынған өнім кез келген өсімдік ауруларына төтеп бере алады. Шағын цехтарда жылына 25-40 мың тонна осындай тыңайтқыш шығаруға болады. Ескерте кетейік, мұндай тыңайтқыштың бастап­қы шикізаты фосфоридтер, қоңыр көмірлер, фос­фогипстер және басқа қалдықтар болатындықтан өнім арзанға түседі. Энергиялық шығын да көп кетпейді. “Супергумат” және “Гумэль” деп ата­латын осындай аса пайдалы жаңа тыңайтқышты шығару біздің институтта ғылыми дәйектелген технологиясы 2005 жылдан бері Алматы қаласындағы “Зеленстрой” компаниясында пайдаланылып, күткендегідей нәтижесін берді. Ғалымдардың есептеуінше, жыл сайын еліміз­дің егістік алқаптары өзінің топырақ құрамын­дағы құнарлы элементтерінің 2,5-2,8 миллион тон­надайын жоғалтады екен. Оған қоса минерал­дық тыңайтқыштар тым қымбатқа түседі. Сон­дық­тан да Қаратауда “Қазфосфатпен” бәсекелес бола алатындай жаңа тыңайтқыш шығаратын кә­сіп­орын құруға әбден болады. Біздің ұсыны­сымызда қазіргі таңда қалдық ретінде жиналып қалған он миллион тоннадан астам “кеннен” қор­шаған ортаға зиян келтіргенше оны кәдеге жаратып, жаңа және пайдалы тыңайтқыш алу көзделген. Ендеше, мұндай бағалы іске Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі мамандар жауапкершілікпен қарайды деп үміттенеміз. Түптеп келгенде, ауыл шаруа­шылығындағы еңбек өнімділігін екі есе өсіру аса ауыр міндет. Солай бола тұрса да, ол біздің ғалымдар ұсынып отырған жаңа тыңайтқышты пайдаланар болсақ, “алынбайтын асу” емес. Институт ғалымдары денсаулық сақтау сала­сы­на қатысты да бұған дейін жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде туберкулезге, қатерлі ісікке қарсы және иммунитет көтеруші дәрі түрлерін ғылымда дәлелдеп шықты. Глиаспин, биаскин, глиниазид, зафаридин, просидол, қазкаин деп аталатын дәрілеріміз халықаралық рыноктағы бәсекеге толық төтеп бере алатын әлемдік талапқа сай теңдесі жоқ “туын­ды­лар”. Өкінішке орай, бұлардың кейбіреуі шет ел­дерде шығарылып жатса, қалғаны әлі күнге еш­қайда жол таба алмай тұр. Елбасымыздың тікелей нұсқауымен дәрі-дәрмекке отандық сұраныстың ең кемі 50 пайызын 2015 жылға дейін қазақстан­дық өніммен қамтамасыз ету үшін Астанада арнайы зауыт салынбақшы. Өкінішке орай, осы игілікті істің басы-қасында жүрген кейбір азамат­тар шетелдік, дәлірек айтсақ, Қытай мен Үндіс­таннан әкелінетін субстанса негізінде дәрі жа­сауды “жоспарлап” қойғандығы жайлы бұқара­лық ақпарат құралдарында мәлімдеп үлгерді. Менің пікірімше, отандық фармацевтиканың не­гізінде отандық ғалымдар ойлап тапқан субс­тан­салар жатуы керек. Олай болмайынша біз бәрібір дәрі-дәрмекке сыртқы тәуелділіктен құтыла ал­маймыз. Екіншіден, шетелдік, әсіресе, Қытай тауар­ларының сапасы жайлы көңілді құлазы­та­тын ақиқаттар белгілі. Ал енді ол жақтан хал­қымыз жаппай пайдаланатын дәрі-дәрмектердің субстансасын алдырар болсақ, онда тұтастай алғанда, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келетін бола­ды. Кез келген дерттен емделіп жазыламын дегенше оған ұшырамаудың жолын қарастырған жөн. Олай болса, отандық фармацевтика өндірісі негізінен отандық субстансаларды пайдалануы тиіс. Меніңше, отандық субстансалар өндірісін ең алдымен дұрыс жолға қоя алсақ, түптің түбін­де, Қазақстан фармацевтикасын жасауға кеткен барлық шығын өтеліп, бұл да бір ұлттық табыс көзіне айналатын сала болар еді. Орайы келгенде еске салатын бір дәйек, біздің еліміздің органикалық және минералдық қорлары әлемде теңдесі жоқ байлық көзі. Қазақстанда шығатын дәрулік қасиеті мол кейбір өсімдіктер әлемнің еш жерінде кездеспейді. Ендеше, біздің атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалар Елбасымыздың аса маңызды тапсырмасын орындауда ұлттық мүддені жоғары қоя білуі керек. Бұл мақаламызда бір ғана “Ә.Бектұров атын­да­ғы химия ғылымдары институты” АҚ ғалым­дары дәл бүгін еліміздің 10 жылдық индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасына қоса алатын ғылыми үлесінің аз ғана бөлігін мысалға келтіре алдық. Егер біздің ұжымның ғана күні бүгін конвейерлік өндірістен шығаруға ұсынатын ғылыми жаңалықтарын тізбелеп шығар болсақ, онда оған бір газеттің беті жете қоймас. Тек қана біздің шағын ұжым ғалымдарының мүмкіндігі осындай деңгейде болып тұрғанында тұтастай республика ғалымдарының индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасына қосар үлестерінің молдығына шүбәланудың өзі бекершілік. Жо­ғарыда мен Қазақстанның химия ғылымы Кеңестер Одағы деп аталатын алып державада екінші орынды иемденгенін бекерге айтқан жоқпын. Бұл біздің отандық химиктердің талантын, білім сапасын, соған орай күш-қуатын айқын дәлелдеп тұрған нақты мысал. Сол күш жаңа талантты толқын өкілдерімен толықпаса ортайған жоқ. Менің пайымдауымша, отандық басқа қолданбалы ғылымда жүрген ғалымдар да еліміздің индустриял­ық-инновациялық даму бағдарламасына мол үлес қосуға қабілетті. Бір әттең айы күні бүгінге дейін атқарушы биліктегі лауазым иелері елімізде ғылыми өндірісті жолға қоюдан гөрі импорт тасымалдау­шы­ларды ынталандыру ісін “пайдалы” деп ұқ­қан­дай. Енді бұлай етуге мүлде болмайды. Қазақ­станның өндірісі, индустриясы өз ғалымдарының интеллектуалды әлеуетіне сүйене отырып дамуы керек. Иә, бұдан былайғы қызметінде жауапты тұл­ғалар тек қана осы ұстанымда болса екен дегенді баса айтқым келеді. Басқаны қайдам, мен осындай берік байламдамын. Себебі, болашақтың ұлан-ғайыр бағдарламасын ұлтжандылықпен атқармасақ, барлық еңбек зая кетеді. Шетел­дік­тер ұсынып жатқан технологияны әкеліп орна­тып, бар іс осымен тынды деуге әсте болмайды. Өйткені, ол ертең-ақ тозады. Алақан жайып тағы сұрауға тура келеді. Менің есіме Президент Н.Ә.Назарбаевтың ба­лалық кезеңіндегі мынадай бір оқиға үнемі түсе беретіні бар. Соғыстан кейінгі таршылық жыл­да­ры жасөспірім Нұрсұлтан үйіндегі ескі мыл­тық­ты ұстаға апарып, оның темірінен орақ жасатып алған екен. Сол бала Нұрсұлтанның шұғыл бет­бұрысты осынау қадамы бүгінгі Елбасымыздың қызметіндегі әрбір қадаммен тікелей байланысып тұр­ғандай. Олай дейтін себебім, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы әрбір жаңа бастамасында елімізге бүгін және ертең аса қажетті тұстарды дөп басып анықтайды. Айталық, егемендіктің алғашқы жылдарында ма­кро­экономиканың шикізаттық саласын мей­лін­ше дамытуға қолдау көрсетті. Сол арқылы тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы гиперин­фля­ция мен экономикалық рецессияны бір жөнге кел­ті­ріп, ел еңсесін бір көтерді. Ол – ол ма, “мұнай доллары” деп аталатын қаражатты бюджетке кі­рістірмей, Ұлттық қорда сақтады. Сол қоры­мыз­дың пайдасын бүкіләлемдік дағдарыстың өткен кезеңінде көрдік. Қазақстан әлемді дүрліктірген дағдарыс дауылынан аман шығуы былай тұрсын, бүгін елдегі жұмыссыздық азайып, өндіріс өсімі 1,1 пайызды құрап отыр. Ұлттық қордағы байлық қазір 50 миллиард долларды құрапты. Прези­денті­міздің Қазақстан халқына Жолдауында өткен кезеңдегі жемісті сыртқы байланыстардың нәтижесінде биыл елімізге шамамен 25 миллиард доллар көлеміндегі тікелей инвестиция келетіні айтылған. Бұған жыл сайын Ұлттық қордан ин­дустриалды-инновация­лық даму бағдарламасын жү­зеге асыруға 8 миллиард доллар көлемінде ин­вес­тициялық трансферт бөлінетінін қосыңыз. Сон­да Нұрсұл­тан Әбішұлы жариялаған бағдар­ла­­мамыздың сөзсіз орындалатынына шүбәсіз сенесің. Иә, әр қадамында дәл бүгінгі және болашақ­та­ғы қажеттілікті дөп басатын Елбасымыз биылдан басталатын онжылдықты тұтастай мемлекеттік экономиканы жаңаша құрылымдауға көңіл бөлген. Бұл дегеніңіз, мүлде жаңа тауарлы өндіріс ошақтары, энер­ге­тикалық нысандар, осы заманға лайық аграрлық сала. Бұл дегеніңіз, түптеп келгенде, ұлттық даму. Өйткені, осы заманғы автоматтандырылған технология бойынша компьютермен басқарыла­тын жаңа өндіріс орындарында жұмыс істей­тіндер ұлттық кадрлар болатыны айдан анық. Бұл дегеніңіз – өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлы нұсқаған “интеллектуалды ұрпақ” тәрбиелеп, “ин­теллектуалды ұлт” қалыптастыру. Ақыр ая­ғын­да, осылардың барлығын қосқанда жаңа бағ­дарлама – “қазақтың қайта өрлеу” дәуірін бастап беретін сапалық дамудың алғашқы баспалдағы. Қорыта айтқанда, бұл күндері кең байтақ Қазақстанның түпкір-түпкірінде қызу талқы­ланып, зор қолдауға ие болған Елбасымыздың жаңа Жол­дауында жарияланған онжылдық даму бағдарла­масы баршамыздың күткеніміз және баршамызды бақытты болашаққа бастайтын жоспар. Оның жүзеге асырылуына жауапты атқарушы биліктегі лауазым иелері ғылым мен өндірісті тікелей байланыстыратын алтын көпір болуы қажет екендігін түсінулері керек. Егер Үкіметіміз дәл осылайша жұмыс істей алса, сөз жоқ, Қазақстан 2020 жылдың өзінде бірқатар еуропалық мемлекеттермен иық теңестіре алатын жағдайға жетеді. Сөйтіп, адамзат деп аталатын үлкен қауымдастық ордасының төрінен лайықты орнын алады. Ал бұл жолда жоғарыда айтқанымдай, мол және аса ықпалды үлес қосуға “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ ғалымдары қазірдің өзінде дайын. Еділ ЕРҒОЖИН, “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі.