Отандық тауар өндірушілерді қолдауға екпін берген «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған ұйым мүшелері Талдықорған қаласындағы «Қайнар АКБ» зауытының жұмысшыларымен кездесті. Құрамында, сондай-ақ олимпиада чемпионы Б.Сәрсекбаев, «Қазгранит» компаниясының президенті А.Әбілдаев, «Жас маман» жастар қозғалысының көшбасшысы Е.Ілиясов, Алматы облысының кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Н.Жазылбеков, партияның аймақтық активі бар «Ақ жол» партиясының республикалық сайлауалды штабының үгіт-насихат тобы Талдықорған қаласында бірқатар сайлауалды іс-шаралар өткізді.
Ал аймақ сайлаушыларымен кездесу өткен «Ай-Сер» қонақ үйінің залында ине шаншар орын болмады. А.Перуашев «Ақ жол» партиясының алға тартатын басты мәселелерін сөз етіп, елдегі баға өсімі, азаматтардың табысы, зейнетақымен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, тағы да басқа көптеген халықтың әлеуметтік жағдайларына байланысты сайлаушылар сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ, кеңесте кәсіпкерлер құқығының бұзылуы, сыбайлас жемқорлық пен сот шешімдерінің кейбір даулы мәселелері талқыланды. Азат Перуашев айтып өткендей, «еркін бизнес-климаттың қалыптасуы – партияның сайлауалды тұғырнамасының маңызды бөлігі және осы бағыттағы партияның басты міндеті – қордаланып қалған мәселелерді шешу және бизнеспен айналысу үшін қалыпты жағдай туғызу».
Бәсекелестік пікірталас болғанда ғана халықтың мүддесі қорғалады. «Ақ жол» партиясы оппозициялық партия болғанымен, дұрыс түсіністік орныққанын қалаймыз. Ақжолдықтар мемлекетке, Елбасына қарсы емес. Керісінше, тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан Мемлекет басшысының ерен еңбегін бағалаймыз. Еліміздегі қол жеткізілген жетістіктерді білеміз. Дегенмен, әлі де қолға алатын түйінді мәселелер бар. Оған үлес қосуға дайын екендіктеріне екпін берді.
Кездесуде «Ақ жол» партиясының белді мүшесі, журналист Қазыбек Иса сөз сөйлеп, жер жәннаты Жетісу жұртшылығы алдағы өтетін сайлауда өздерін қолдайтындықтарына сенім білдірді.
Күмісжан БАЙЖАН.
ТАЛДЫҚОРҒАН.