Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды тұғырнамасын насихаттау ісін еліміздің әр өңірінде қызу қарқынмен жүргізуде. Тек кешегі күннің өзінде ғана партия атынан Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер ретінде тіркелген партия мүшелері 20-ға тарта кездесу өткізді. Солардың бірі Алматы облысы, Кербұлақ ауданының орталығында және ауданның Тастыөзек кентінде Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Сәрсенғали Әжібаевпен болып өтті.
Жиналысқа қатысушы адамдар партияның сайлауалды тұғырнамасына қолдау білдіретіндігін, ауыл мүддесін қолдайтын бір партияның біздің қоғамымызға қашанда болсын қажет екендігін, сондықтан «Ауыл» партиясының ел Парламенті Мәжілісінен орын алуына ұмтылатындарын жеткізді.
Осындай кездесу Астана қаласындағы «Астана-Бурабай» өнеркәсіптік базасында да болып өтті. Мұнда жиналған қауым Парламент Мәжілісі депутаттығынан «Ауыл» партиясының атынан үміткер болып тіркелген ауыл шаруашылығы саласындағы белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Көпмағамбет Елемесовпен кездесті. Кездесу тартымды да мазмұнды болды. Ауыл шаруашылығының жағдайымен жете таныс академик осы саладағы жұмыстардың қазіргі барысына, сонымен қатар, партияның сайлауалды тұғырнамасына кеңінен тоқталды. «Ауыл» партиясының көздейтін мақсат-мүддесі еліміздің көпшілік қарапайым халқының құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, әлеуметтік проблемаларын шешу екендігін әртүрлі фактілер арқылы жеткізіп айтып берді.
Бұл басқосуда да «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғырнамасын жақтайтындар көп болып шықты. Сонымен бірге, олар еліміздегі кейбір проблемалық мәселелерді де атап көрсете отырып, олардың шешілуіне «Ауыл» партиясының белсене қатысатындығына сенім білдіретіндіктерін айтып өтті.
Дәл осындай кездесулер Ақтөбе облысының бірқатар елді мекендерінде, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында және еліміздің басқа да өңірлерінде болып өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.