Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында Комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына 9 кандидатты тіркеді.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес 2011 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталады. Сайлау туралы заң бойынша Ассамблея Кеңесі 9 кандидат ұсынған болатын. Орталық сайлау комиссиясы олардың барлығын тіркеді. Үміткерлердің ішінде екі әйел бар. Кандидаттардың орташа жасы – 59 жас. Олардың барлығы жоғары білімді. Алтауы ғылым, мәдениет және білім салаларының қызметкерлері. Тағы үш үміткер – төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары. Тіркелген кандидаттар сайлауалды үгіт жұмысына 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап кірісе алады.
Отырыста, сондай-ақ Ортсайлауком «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерінің мәтіндеріне өзгерістер енгізу рәсімі туралы» қаулы қабылдады. Осы күні Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы тағы 82 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Олардың 27-сі – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Байқаушылар миссиясының, 31-і – ТМД Байқаушылар Миссиясының өкілдері, 4 байқаушы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының байқаушылары. Тағы 20-сы – шет мемлекеттерден келген байқаушылар.
Осылайша, қазіргі сәтте Орталық сайлау комиссиясы 326 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Олардың 101-і – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс парламенттік сайлауды байқау жөніндегі байқаушылар миссиясының құрамына, 133-і – ТМД-дан байқаушылар миссиясының құрамына, 9-ы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылар миссиясының құрамына кіреді, 9-ы – Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінен, төрт байқаушы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымынан өкілдік етеді, тағы 70-і – 24 шет мемлекеттен келген байқаушылар. Сонымен қатар, Ортсайлауком бұрын шығып қалғандардың орнына Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының бір мүшесі мен Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының бір мүшесін және Астана қалалық сайлау комиссиясының мүшесін тағайындады.
Отырыстан кейін өткен брифингте Ортсайлауком басшысы Қуандық Тұрғанқұлов БАҚ өкілдерін сайлау науқанының барысы туралы хабардар етті. Төрағаның айтуынша, саяси партиялар сайлау комиссияларының құрамына кеңесші дауыс құқығы бар өкілдерін жолдау құқын белсенді пайдаланып отыр. Қазіргі кезде сайлау комиссияларының құрамында осындай 1830 өкіл жұмыс істеуде. Олардың ішінде 1453 кандидатураны Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынған.
Ал Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан сайлау комиссияларының құрамына кеңесші дауыс құқығымен 224 өкіл жіберілген. Сондай-ақ сайлаукомдар құрамына Қазақстанның Коммунистік халық партиясының – 94, «Әділет» демократиялық партиясының 59 өкілі жолданған.
«Осылайша, барлық саяси партияларға сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде сайлау органдары жұмысына тиімді қатысу мүмкіндігі берілген, – деп атап өтті Қуандық Тұрғанқұлов. – Жаңаөзен қаласындағы жағдайға келетін болсақ, дауыс беру күніне дайындық қалыпты жүріп жатыр. Барлық сайлау комиссиялары жұмыс істеуде. Сайлаушылар тізімдерін жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына тапсырды». Еліміз бойынша барлық сайлаушылар сияқты бұл қаланың сайлаушылары да 2011 жылғы 30 желтоқсаннан бастап сайлау учаскелерінің үй-жайларында сайлаушылар тізімімен таныса алады.
«Мен барлық сайлаушыларды осы мүмкіндікті пайдалануға, сөйтіп, өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілуіне алдын-ала көңіл бөлуге шақырамын, – деді Ортсайлауком басшысы. – Оның сыртында сайлаушы өзінің қай сайлау учаскесінде тіркелгенін біздің электрондық ресурсымызда көрсетілген электрондық поштаның izbiratel_2012@election.kz мекен-жайына немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы арнайы іздестіру нысанына сұраныс жолдау арқылы тексере алады».
2011 жылғы 16 қараша мен 19 желтоқсан аралығындағы кезеңде Ортсайлаукомға жеке және заңды тұлғалардан 85 өтініш келіп түскен екен. Олардың ішінде 64 өтініш сайлау науқанының әртүрлі аспектілері бойынша, тағы 21-і – сайлау органдарының, сайлау үдерісіне қатысушылардың және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне байланысты.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.