Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосу арқылы әлемдік мәселеге бейжай қарамайтынын білдіріп, мәселенің негізін жете түсініп отыр.
Сондықтан осындай ауқымды шара ұйымдастырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының пікірлесуіне мүмкіндік жасау – бейбітшілік туралы құр сөзден нақты іске көшуге шақырудың шынайы көрінісі.
Экстремистік пиғылдағы адамдарды қатарға қосу оңай шаруа емес. Оларды түзету жұмыстары жылдарға созылады. Менің ойымша, зорлық-зомбылықтың бетін сенім тәжірибесімен қайтаруға мүмкіндік бар. Ол үшін адамдардың жүрегіне иман ұялату керек. Бұл туралы XV ғасырдың өзінде крест жорықтарына қарсы шыққан кардинал Николай Кузанский де айтып кеткен. Оның сенім мен бейбітшілік туралы трактаты әлемге деген сүйіспеншілікке толы, өзге діндердің өкілдеріне ашықтығы тамсандырады.
Осы конференцияға жиналғандардың бәрі әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнағанын қалайтын діни басшылар. Олар саясаткерлермен бір қатарда адамзаттың ізгі мақсаты үшін жұмыс істеуі керек.
Әлемдегі діндер арасында ынтымақтастық пен әріптестік орнату үшін барша мүмкіндіктер қарастырылған. Шартараптың қай бұрышында болсын, кез келген дін бейбітшілікке шақырады.
Құранның аяттарында да бұл туралы айтылған. Бейбіт өмірге бірге қадам басып, оны тарату қажеттігіне баса назар аударылады. Бұл Алланың мұсылмандарға ғана емес, барша адамзатқа қарата айтқан сөзі.
Шейх Равиль ГАЙНУТДИН,
Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы