Қазақстан Ардагерлер кеңесінің кезекті көшпелі семинар-кеңесі Бурабай баурайында «Елбасы Жолдауы – халықтың әл-ауқатының артуына негіз» тақырыбымен өткізілді.
Ардагер қауым бас қосқан жүздесуді Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын өзек етіп, баяндама жасады. Б.Ізмұхамбетов өз сөзінде алдағы уақытта ең төменгі жалақының мөлшері 1,5 есе өсетіндігіне тоқталды. Ел тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізетін бұл жанашырлықты көпшіліктің қуана қабылдағаны атап айтылды. Алдағы уақытта жарты миллионнан астам адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалатын болады. Оған қоса биылғы Жолдаудың жоғарыда айтылған мәселеге айрықша маңыз беріп отырғандығы жан-жақты баяндалды.
– Депутат ретінде ел ішінде жиі боламыз, сол кезде көпшіліктің тарапынан айтылатын жайлардың бәрі дерлік Жолдауда көрініс тауып отыр деп айтсақ, ешбір артықтығы жоқ. Қордаланып қалған мәселелерді тамыршыдай дөп басып отыр. Мәселен, ұстаздардың жайы, олардың өз міндеттерінен тыс қосалқы жұмыстарға жегілетіндігі айтылып жүрді емес пе. Ендігі арада ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданса, болашақ бағбандары өздерінің негізгі міндеттерін мінсіз атқаруға мүмкіндік алады. Жастар жылын жариялаудың астарындағы мән де терең, – деді ол. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан қаншама шаруа жіпке тізгендей етіліп баяндалып, осы ортақ іске бас-көз болған ардагерлер қауымының ауқымды еңбегі де аталып өтті.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап берді. Елбасы Жолдауындағы алға қойылып отырған міндеттер үдесінен шығу жайы да қамтылды.
Мұнан соң сөз алған Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайқұтдінов, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ескендір Елеусізов пен Кенжебек Укиндер тәуелсіз елдің тұғырын биіктетуге өлшеусіз үлес қосатын Жолдаудан туындаған асқаралы міндеттер жайын көпті көрген қазына қарттардың даналық көзімен шолып, даралық ойымен әспеттеді.
Кеңесте ардагерлер қоғамдық ұйымын қаржыландыру, дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Жиын соңында ел ішінде өздерінің биік парасаттарымен, кісілік келбеттерімен оралымды ортақ іске дүмді діңгек болып, кейінгі толқынға темірқазық, нысана іспетті жол сілтеп жүрген бір топ ардагерге Алғыс хаттармен қоса естелік сыйлықтар табыс етілді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»