• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2011

Әлеуметтің көңіл-күйі сергек болсын десек...

361 рет
көрсетілді

Орал өңірінде «Конденсат» компаниялар тобы (ККТ) өздерінің әлеуметтік мәселелерді шешудегі жоғары жауапкершіліктері арқылы республикадағы өзге кәсіпорындарға үлгі көрсетіп келеді. Бұл үрдіс, ең алдымен, тұрғындардың әлжуаз топтарын мате­риал­дық жағынан қолдап, оларға қомақты қаражат бөлуінен көрініс тауып жүр. Әлеуметтік мәселелерді шешудегі үлкен кәсіп­орын­ның сан қырлы қызметі өндірістің жоғары қарқыны мен тиімділігіне жол ашты. Біз осы тұрғыда «Конденсат» компаниялар тобы­на қарасты кадрлар және әлеуметтік мәселелер департа­ментінің бастығы Дина ҒАЛИМЕТДЕНОВАМЕН пікірлескен едік. – Дина Ерсейітқызы «Конденсат» компаниялар тобы ұдайы жоғары өндірістік жетістіктерге жетіп жүр. Мұның сыры неде деп ойлайсыз? – Алдымен айтарым, ұжым­ның әр мүшесі өз қызметіне үл­кен жауапкершілікпен қарайды, әрі өз істерін әркез мақтан тұ­та­ды. Компаниялар тобының негізгі тірегі – мұнда ұзақ жылдардан бері қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Біздің мекемеде айта қаларлықтай кадр­лар­дың ауыс-түйісі бола қойған жоқ. Бұл компанияның тұрақты түрде алға басуына және еңбек көрсеткішінің жоғарылауына оң әсер етті. Бұл тек кадрлар қыз­метінің үлкен еңбегі ғана емес, сонымен қатар, кәсіпорындағы барлық буын жетекшілерінің өз істерін шебер атқара білуі үшін компания басшысының кадрлық саясатты ойдағыдай ұйым­дас­ты­ра білуінен деп білемін. Кадрлар саясатындағы елеулі бір жәйт – қызметкерлерді жұ­мыс­қа қабылдау. Бұл жолда біз барлық механизмдер мен тетіктерді іске қосамыз. Атап айт­қан­да, алдымен кадрларды ком­па­ния­ның өзінен, сосын кадр агенттіктері және БАҚ арқылы іздестіреміз, оқу орындарымен байла­ныс жасап, жоғары курс студенттері үшін тәжірибе жұмыстарын ұйымдастырамыз. Жас маманды қызметке қа­был­дай отырып, біз оған өзінің еңбек етуге деген құлшынысы, қабілеті және өз қызметіне деген жауапкершілікті айқын сезінуі – оны одан да жоғары лауазым­дар­ға жеткізетінін әрдайым наза­ры­на береміз. Бізде жас маманның кәсіби тұрғыда өсіп-жетілуіне бар­лық жағдайлар жасалған. – Компанияда өз кадрларын тәрбиелеп шығару тәжірибесі бар. Ол өзін ақтады ма? – Иә, тәжірибеден көріп жүр­геніміздей, бұл компаниядағы жұ­мыстың бірқалыпты атқа­ры­луы үшін таңдап алынған өте дұрыс тәсіл болды. «Конденсат» КТ бүгінгі таңда өзімізде қызмет атқаратындармен үлкен жұмыс жүргізуде. Ұжымның өз ішінде кадрлық резервтері бар. Сон­дық­тан да кәсіби мамандардың негізгі легі өз орталарынан шығады. Олар осы ортада тәрбиеленеді. Ма­мандарды сырттан әкелуге ты­рысатын компаниялар да бар. Бірақ біз ұжымдағы қалыптасқан ахуал мен дағдыны сақтағымыз келгендіктен, кадрларды жиі өзгертудің қажеті жоқ деп есептейміз. Егер жас маман бір қызметте өзінің сауатты маман екенін көрсетіп, ұжымның белсенді мүшесі бола білсе – онда оның одан да жоғары лауазымға көтерілуіне жол ашық. – Кадрлық қызметтің басқа қандай түрімен айналыса­сыздар? – Біздің кәсіпорында адамдармен жеке-жеке әңгімелесу тәжі­ри­бесі бар. Бұл қызмет бары­сын­да да қолданылады. Бұл не үшін қажет десек, ол мәселенің тек бір бөлімдегі қызметкерлердің және қарамағындағылардың арасында қалып қоймай, тезірек шешімін табу үшін керек. Мысалы, егер жас маман өзінің қазіргі қыз­меті­нен де жоғары лауазымға көте­ріл­гісі келетіні туралы сұрақ қой­са, онда оның мүмкіндігін баға­лай отырып, біз оның канди­да­ту­расын басқа тұрғыда қарас­ты­рамыз. Жыл сайын біз кәсіпорын­дағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды сараптау мақсатында сауалнама жүргіземіз. Бұл бізге ұжымды нендей мәселелер тол­ған­дыратынын біліп отыру үшін қажет. Тәжірибеден көргені­міз­дей, осындай сауалнамалар жүр­гі­зу нәтижесінде біз көптеген түйін­ді мәселелерді шеше білдік. Әрине, оның дені әлеуметтік-тұр­мыстық мәселелер. Біздің компанияға қызметке орналасып, бір және одан да көп жыл жұмыс істеген маман біліктілігін арттыру курстарынан өту­ге мүмкіндік алады. Бұл жұмыс­қа компания өте көп көңіл бөлу­де. Әрі оған қажетті қаражатты бөлуден үнем жасаған емес. Біз­дің қызметкерлер Алматы, Астана, Мәскеу, Санкт-Петербург қа­ла­ларына оқуға барып тұрады. Екі жылдан бері басқа қалалар­да­ғы қызықты семинарға қатысып келген қызметкерлер сондай тренингті өзінің басқа да әріп­тестеріне үйретуде. – Компаниялар тобына қа­жетті кадрлар әзірлеу ісі қалай шешімін табуда? – Біз көп жылдан бері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз қарым-қатынас ор­наттық. Сонымен бірге Батыс Қа­зақ­стан инженерлік-техно­логия­лық университетімен бірлесіп жұ­мыс істей бастадық. Бұл жо­ғар­ғы оқу орындарын таңдап отыр­ған себебіміз – бүгінгі таңда бізде техникалық кадрларға деген сұраныс туындауда. Жыл сайын бізді қызық­тыр­ған мамандықтар бойынша студенттер бізге келіп өндірістік тә­жірибеден өтеді. Өздерін жақсы жағынан көрсете білген студенттер, әрине, еңбекке орналасуға мүм­кіндік алады. Олар ком­па­ния­ның кадрлық резервіне қойы­ла­ды. Сол сияқты біз Орынбор және Самара мемлекеттік университеттерімен келісімге отыр­дық. Осындай тиімді әріптестік байланыстардың нәтижесінде сол қалалардағы университеттерде оқып жатқан өңір студенттері біздің компанияға тәжірибеден өтуге келеді деген сеніміміз бар. – Компаниялар тобының өз ұжымын одан әрі нығайтуы және кадрлардың жиі ауысуын болдырмау үшін қандай іс-шаралар белгіленген? – Жоғарыда атап өтке­німіз­дей, кәсіпорындардағы кадр және әлеуметтік саясат «Конденсат» компаниялар тобында кадр мә­се­лесін шешуіне толық мүмкіндік беріп отыр. Оған қоса қызмет­кер­лерді материалдық қолдау да оң әсерін тигізуде. Өз міндетін абы­рой­мен атқарып, жоспарлы көр­сет­кішін орындап жүрген компания қызметкерлері айлық, тоқ­сан­дық және жылдық сыйақыға ие болады. Ал компаниялар то­бын­да жеті және одан да көп жыл еңбек еткендер әлеуметтік се­бетпен қамтамасыз етіледі. Оған емделуі үшін еңбек дема­лысына қосымша демеуқаржы және еңбекақысы төленетін қо­сым­ша күн қосылады, заем және басқа да сый түрлері беріледі. Ақ­сай қаласында және Қара­шы­ғанақ кен орнында жұмыс істейтіндерге өндірістік аймақтағы жұ­мыстары үшін жалақысына қо­сым­ша төленеді. Жоғары көрсет­кішке қол жеткізген озаттар да сыйақыдан құр қалмайды. «Конденсат» компаниялар тобындағы қызметкерлерді марапаттау жыл­дар бойы жетілдірілген. Ол үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Әлеуметтік саясат біржақ­ты­лық­ты көтермейді. Бұған мейлінше көп қырлылық сипаттар тән деп ойлаймыз. Белгілі бір кадрды даярлау үшін бірнеше жыл өтіп, белгілі мөлшерде қаржы жұмса­ла­ды. Кәсіпорын осындай жолмен өзі даярлап шығарған маман­ның компанияда қалуына барлық жағдайды туғызуды тәжірибеге енгізген. Өйткені, еңбек рыногы тауар мен қызмет көрсету рыно­гы сияқты бәсекелестікке толы.

Ерекше атай кетейін дегенім, компания құрылған ең алғашқы күнінен бастап консорциум ұжы­м­дары арасында саламатты өмір салтын ұстану және қолдау, корпоративтік мәдениеттілік пен дәстүрді қалыптастыруды жолға қоя білді. Бұл жалпы алғанда, кадрлық-әлеуметтік саясатты дұ­рыс жүргізуге қажетті басты шарттардың бірі екені белгілі. Түйіп айтқанда, кадрлық саясат – компанияның қалыпты жұмыс іс­теуінің негізі. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болып келетін «Конденсат» АҚ кадрлардың біліктілігі арқасында атап айтуға тұрарлық көптеген жетістікке жетті. Отан­дық кәсіпорын болып табылатын «Конденсат» компаниясы тек өз өлкемізде ғана емес, республика бо­йынша да нағыз отаншылдық үл­гісін танытып келеді. Кәсіби біліктілік пен өз ісімізді сауатты жүр­гізе білудің нәтижесінде біз осын­дай жетістікке жеттік. Бұл біз­дің Қазақстанның өркендей түсуіне қосқан үлесіміз деп санаймыз.

Әңгімелескендер Марина ИВАНОВА, журналист,

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».