Бүгінгі күні өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға ешкім кетәрі емес. Тіпті әрбір адам. Бірақ, өкінішке орай, тек жақында ғана салынғандар болмаса, қазіргі үйлердің барлығы бірдей тазалық пен күтім жағынан алғанда талапқа сәйкес келе бермейді. Осы жағдайды түзету үшін мемлекет 2010-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын ұсынады.
Иә, азаматтар өмірінің сапасын айқындайтын басты талаптардың бірі тұрғын үйдің тұрмысқа сай сәнді болуы екендігі рас. Бұл жайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауларында айтып келеді. «Ұзақ жылдардан бері коммуналдық сектор қалдықтық қағидат бойынша қаржыландырылып келді. Осының салдарынан 2008 жылдың қарсаңында коммуникациялардың 72 пайызы жөндеу мен ауыстыруды қажет етті. Сондықтан су, жылу, электр, газбен жабдықтау жүйелерінде кең көлемді жаңғырту жұмыстарын жүргізуіміз, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының ықшам да тиімді моделін қалыптастыруымыз қажет», деген болатын Елбасы 2011 жылдың 28 қаңтары күні.
Сөйтіп, Үкіметке ескірген коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарламаны жасауды тапсырды. Көптеген мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен әзірленген бұл бағдарлама негізінен үш бағыттан тұрады. Оның біріншісі, үйлерді жөндеу. Бұған қажетті қаржы мынандай жолдармен қарастырған. Жұмыстардың 30 пайызына бюджеттен қаржы бөлінеді. Қалған 70 пайызы тариф есебінен өтеледі. Бұл тариф бірқатар жылдарға созылатындықтан оның ауыртпалығын азаматтар оншама сезіне қоймайды.
Екінші, үшінші бағыттар – бұл тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеу. Бұл істе үйлерді дұрыстап, бүтіндеу нәтижесінде энергиялық қуаттардың шығыны едәуір дәрежеде үнемделетін болады. Әсіресе, жылу мәселесінде. Мұнда ағымдағы жөндеуге қаржы коммуналдық кәсіпорындарға бюджеттен несие беру арқылы қарастырылады. Қаржының екінші бөлігін мемлекет пәтер иелеріне несие есебінде береді. Оны өтеу он жылға дейін мерзімді қамтиды.
Үстіміздегі жылы үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары қанатқақты негізде жүргізілуде. Оған әрбір қаладан 10 үй іріктеліп алынған. Егер 60 пәтерлі тұрғын үйді ағымдағы жөндеуге шамамен алғанда, 10 миллион теңге қажет болса, күрделі жөндеуге 25-30 миллион теңге кетеді.
Міне, осындай жолдармен биылғы жылдың өзінде 116 үй жөндеуден өткізілді.