Азаттық деген асыл сөз. Тәуелсіздік деген тәтті ұғым. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз.
Біз – ғасырлар бойы аңсап, еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде халқымызға тәңір сыйлаған құт-берекеге жұғысты болып отыр. Осы жалауы желбіреген жиырма жылда қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көрді.
Өткеннің өкінішін жуып, тарихтың қателігін жөнге келтірген телегей-теңіз тірліктер атқарылды. Тас бұғаудан босанған Тәуелсіздік ұлтының тынысын ашты. Бүгінде Асан қайғы баба іздеген жерұйықтың қайнар бұлағынан сусындаған ұлт болдық. Шаңырағымызға азаттықтың ақ құсы қонған байтақ ел болдық. Ұлт тарихының жылнамасы жаңа дәуірде жаңаша жазыла бастады. Даму мен жаңарудың қиындығы мен қуанышын, жетістіктері мен жеңісті сәттерін бірге көріп келе жатқанымызға, міне, 20 жыл толды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында биылғы жылды «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп жариялауы бірлігі жарасқан көп ұлтты Қазақстан халқына қуат, мерекеге ерекше сипат берді. Жұмыр жердегі қай халық үшін болса да азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Сондықтан, Тәуелсіздік – біз үшін қашан да киелі құндылық, асыл қазына.
Осыдан 20 жыл бұрын, 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Сөйтіп, Еуразияның Ұлы Даласын мекендеген кешегі көшпенділердің бүгінгі ұрпағы әлем картасында «Қазақстан» деген егемен мемлекет құрды. Бұл тамырын тереңнен тартқан қазақ елінің бай тарихындағы ең басты оқиға болды. Осы жылдары елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті, рухы биік руханият пен қажырлы еңбек үлгісін қалыптастырдық.
Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың «Мәңгілік ел» мұратын жаңғырттық. Жібек жіптей жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын қайта жалғадық. Азаттық шын мәнінде қазақтың ұлттық рухы мен ерік-жігерінде жатыр. Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында халқына арнап «Тірі болсақ алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ал бостандықтың босағасынан аттау жолындағы күрес тарихы сонау ХV ғасырда әз Жәнібек пен Керей хандардың бастауымен алғаш рет құрылған қазақ хандығынан жастардың Желтоқсан оқиғасына дейінгі шежіресінде жатыр.
Елбасы «Бүгінгі тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында» деп атап көрсетті. Бүгінгідей байтақ жері, терең қазыналы тарихы бар Қазақ елі шын мәнінде жұлдызы жанған бақытты елге айналды. Алайда, бұл бақыт бізге оңайлықпен келген жоқ. Әр ғасыр, әрбір дәуір қазаққа ауыр қиындықтар әкелді. «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» тұсында жат жұрттың қыспағына түсіп, халқымыз ошағы мен Отанынан айрылудың аз-ақ алдында қалды. Елдің тағдырына күн туған сол бір замандарда бүкіл қазақ халқы бірігіп, тізе қосты. Соның арқасында тарихи жеңістер Азаттықтың ақ туын көтерумен басталған.
Бұл жолдарда ұлтының өркениетін сақтап қалуға ұмтылған батыр бабаларымыздың қайсар мінезі мен асқақ рухы менмұндалайды. Бізге бабалар жүріп өткен жолдың берекесі – ел бірлігі мен ұлт тұтастығы екендігін айқын көрсетіп берді. Ерен ерліктер өнегесі тарихи мүмкіндікті жібермей, халқымызды тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құруға жұмылдырды.
Біз осылайша тарихта тұңғыш рет ұлт мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бүгінгі Тәуелсіздік – қазақ халқымен қатар, тағдыр жазуымен қазақ жерінде басы тоғысқан түрлі этностардың өзара сенімі мен достығының, татулығы мен бірлігінің арқасында болашаққа қарай сенімді қадам жасауға бастады. Міне, жиырма жыл ішінде Қазақ халқы – Күннің шуағымен нұрланып, тал бесіктей тербелген Тәуелсіздігінің бетінен қақпай белін буды, қабағын түсірмей маңдайын ашты, табанын ауыртпай қадамын нықтады.
Осылайша, еліміздің тарихи жетістіктері тәуелсіздік жылдары айқын көрініс тапты. Біздің халықта «Қол бастаған қиын ба, әлде сөз бастаған қиын ба?» деген дана сөз бар. Қазақ елі қашанда ел тағдырын қолына ұстаған біртуар тұлғалардан кенде болған емес. Болашағына алаңдаған Төле би бабамыздың заманында «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп артында қалдырған баталы өсиеті бар. Ал жаңа елге – ата жолын қуған, баба дәстүрін ұстанған жаңа басшыны тарих туғызды. Көп ұлтты жұрты бірауыздан сайлаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы 20 жыл ішінде елінің атағын зор биікке шығарып, өркениетке бастап келеді.
Отанына тілеулес дос іздеп, елін әлемге таныту үшін төрткүл дүниені төрт айналып шықты десе де болады. Халқының шынайы құрметіне бөленген Елбасы осы жылдары халқымен бірге Қазақстанның шаңырағын көтеріп, керегесін керіп, өз қолымен уығын қадады. Міне, сондықтан, біздің жас мемлекетіміз үшін осы жиырма жылдың салмағы кімге ауыр болды десек, біз ұлт қамын ойлаған, әлемдік ерекше тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін ауызға алар едік.
Туған халқының сенімі мен жауапкершілік жүгін арқалаған Елбасы мен Қазақстан егіз ұғым болып қалыптасты. Елбасының болашақты болжап, келешекті көре білген саясатының арқасында Тәуелсіздікпен қатар қоғамның құрылымдық сипаты ғана емес, тұтастай жаңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Осылайша, ғасырға пара-пар қысқа мерзімде жас Қазақ елінің гүлденіп, жасампаздық жолына түскені уақыт ақиқаты.
Тәуелсіздік жылдары еліміздің шекарасы бекемделді. Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілеті нығайды, еркіндік пен демократиялық жолмен ішкі және сыртқы саясатымыз дами түсті. Осы жылдары әлемнің 138 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық.
Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып, Бала биден Дана биге айналып, төрелік айтып, төріне шықтық. Мемлекетіміз Батысқа да, Шығысқа да бірдей танылып, бірдей құрметке ие болуда.
Өткен жиырма жылда Ұлы Даланың терең философиясынан бастау алар Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамыз биіктей түсті. Халқымен арасы ажырамаған «Менің Қазақстаным!» әні ел Гимніне айналды. Қос палаталы кәсіби Парламент елімізде заңдар қабылдау жүйесін қалыптастырды.
Ұлттық теңгеміз қолданысқа енді.Тәуелсіздік таңы ұлтымыздың аса бай рухани құндылықтарын ортамызға әкелді. «Алтын адам» бейнесінен бастап, тарих керуені жүріп өткен жол бойындағы ұлттық құндылықтарымыз қайта оралды. Өткенімізді тану мақсатында өмірге келген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы өз жемісін берді. Атақты спортшыларымыз жас Қазақ елінің абыройын олимпиадалар мен халықаралық жарыстарда биікке көтеріп, алтыннан шашу шашқызды.
Осы жылдары сонау қиын-қыстау кезеңде елі мен жерінен еріксіз бөлініп, сырт айналып кеткен ағайындар өмір бойы аңсаған Атажұртына қайта оралу бақытына ие болды. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдары елімізді әлемге ашық танытқан тұстардың бірі – көпұлтты және көпконфессиялы отандастарымыздың өзара достығы болды.
Бүгінде ұлттық идеяға айналған өзара келісім мен бірлік, татулық пен достық – елімізді мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің жүрегінің түбінен орын алды. Түрі бөлек болса да тілегі бір жұрттың бар ойы: достыққа – адал, қонағына – меймандос, жомарт пейіл қазақ халқына деген шынайы көңілімен өлшенді. Ал қазақ халқы осындай игі істердің ұйытқысы бола білді. Сонымен қатар, осы жылдары елімізде демократия негізінде көп партиялы жүйе орнығып, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артты.
Халықтың кешегі жұмыссыздық жаппай белең алып, жарық пен газсыз, зейнетақы мен жалақысыз қиналған ауыр күндері артта қалды. Сол уақыттың өзінде ел Тәуелсіздігі – тұралаған өндіріс пен ауылды, мәдениет пен білімді ұлттық сипатта қайта жаңғыртуға бағыттады. Жаңа реформаларға батыл қадам жасауға, ең бастысы, адам психологиясын жаңаша өмір сүруге жұмылдырды. Сондай сәттерде ұлтымыздың бойында біткен қанағатшыл қасиетінің өнегесі мен сабырлы қалпы жас Қазақстан мемлекетін үлкен жетістіктерге жеткізді.
Осылайша, аға ұрпақ өкілдері бас болып Тәуелсіздік туын алға апарса, кейінгі ұрпақ дана ұлттың көшін одан әрі көркейтуге күш салды. Өйткені, Тәуелсіздік – ел биіктігінің бейнесі, байлығымыздың белгісі, алыптығымыздың айнасы, татулығымыздың тірегі. Ал бүгінгі жас ұрпаққа Тәуелсіздік мерекесі аясында тарихымыз бен шежіремізді таратып айтар мезгіл келді.
Қандай заман болсын, белі майысса да беті ашық, қиындыққа жолықса да жігері жарқын қазақ халқы ертеңі мен кемел келешегіне деген сенімін жоғалтқан жоқ. Біз – ары мен намысы үшін жанын садаға еткен текті халықтың ұрпағымыз. Біз – ата дәстүр жол болған, үлкеннің сөзі жөн болған, алтынды ұнтақ, асылды жұрнақ етпеген халықтың ұрпағымыз. Біз осылайша, өркениет әлемінде егемендігін паш еткен еркін елге айналдық.
Тәуелсіз ғұмыр, еркіндікпен өткен 20 жыл – бұл бүгінгі Қазақстанның жаңа келбетін асқақтатып отыр. Осы жиырма жылда ел де, мемлекет те, ұлт та жаңғырып, қайта құлпырды. Мемлекет өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі – Ұлы Даланың тарихы қоршаған ғажайып Астана бой көтерді. Ай санап ажарланған, жыл өткен сайын құлпырған Астана Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі болды. Аңыздан ақиқатқа бет алған елорда білім мен ғылымның, өнер мен мәдениеттің, бизнес пен саясаттың қарқынды дамыған айшықты қаласына айналды.
Қазақстан халқы мақтан ететін жасампаздық істер барлық өңірде бар. Олар еліміздің қуатты ел екенін көрсетеді. Біздің облысымыз да басқа өңірлер сияқты ел экономикасының дамуына жылдан-жылға үлкен үлес қосып келеді.
Тәуелсіздіктің бірнеше рухани көпірі бар. Тіл – бір көпір болса, Сенім – сара көпір, Тарих – алтын көпір, ал Болашақ – барды көтерер нар көпір. Сондықтан да, осы 20 жылда терең тамырымызға оралып, тарихымызды бүтіндеуге ұмтылдық. Болашаққа деген сенімді жүрегімізге серік еттік.
Бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың аманаты – Тәуелсіздік киесін құрметтеп, мерейімізді арттырып, мәртебемізді өсірген еркіндіктің қадірін бағалай білуге, сол арқылы ұлт пен тарих алдындағы жауапкершілігін жете сезінуге тиіс.
Ұлы Мұхтар Әуезов кезінде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп терең ой тастаса, халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген ақылды сөз бар. Егер тәуелсіз мемлекеттің іргесін берік бекемдеуді әрбір отбасы, әр азамат өзінің Отан алдындағы борышы деп санап, Елбасының еліміз үшін атқарып отырған ұлан-ғайыр тірліктеріне тілектес бола білсе, егемен еліміздің ертеңі жарқын болары сөзсіз.
Жас мемлекеттің алдында Тәуелсіздік сыйлаған даңғыл да дара жол жатыр. Ол жолдан өту үшін көп асулардан асу міндеттері тұр. Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек екендігін ешқашан естен шығармайық. Тірлікті бірліктен іздеген ұлы бабаларымыздан қалған «Ынтымақ қайда барасың, береке-бірлікке барамын» деген аманат сөз қашанда алдағы өміріміздің басты қағидасы болсын.
Қанат БОЗЫМБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі.