Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Елбасы Н.Назарбаевтың салтанатты жиында сөйлеген сөзін ынта қоя тыңдадық. Иә, ауыз толтырып айтатындай нәтиеже де, басқа ел қызығатын табыстар да баршылық екен. Елбасы өз баяндамасына тәуелсіздік алған 20 жылда қол жеткен көрсеткіштерді саралап айтып берді. Жан басына шаққанда он мың доллардан астам табысқа қол жеткен екен. Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай нәтиже бар, бірақ қол жеткенді місе тұтпай, мал тұқымын асылдандыру, ет пен сүтті өндіруде әлі көп істер атқару қажеттігі назардан тыс қалған жоқ.
Елбасының мерейлі мерекеде сөйлеген сөзін тыңдап отырғанда көз алдыма осыдан жиырма жыл бұрынғы қиындықтар мен проблемалар келді. Кенді Алтайда ең бірінші болып мен кеңшарды сатып алып, өз бетімше тырбанып еңбек ете бастадым. Бұл 1988 жыл болатын. Нарық келгеннен кейін қыспаққа ала бастады. Тіпті, жабылудың аз-ақ алдында қалдық. Ауыл шаруашылығын таратып жіберу оңай болғанымен, барлығын қайтадан бастауға тура келді. Ақыры біртіндеп қиындықтарды түзей бастадық. Несие алдық, бірнеше жыл бұрын көкөністі голландық тәсілмен егіп, өсіруді жүзеге асырдық. Жаңа техника, қажетті гербицидті пайдаланып, көкөністен жоғары өнім ала бастадық.
Қазір мен басқаратын шаруа қожалығында елуден астам адам еңбек етеді. Жалақыларын уақтылы төлеп тұрамыз. Қазақстанның соңғы жылдарда қол жеткен табыстары шынында да мақтауға тұрарлық. Саммит өткізу, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, Азия ойындарында топ жару кез келген дамыған мемлекеттердің қолынан келе бермейді. Елбасының абыройы артып, қазір бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды тани бастады. Елдегі татулық пен ынтымақ, бейбітшілік басты құндылықтарымыз болса керек. Алайда, жат пиғылды адамдардың ел тыныштығын бұзғысы келетіні, әркімді ойландыруы керек деген ойдамын. Кешегі Жаңаөзендегі жағдай, террорлық әрекет жасағысы келгендердің болуы соның әрекеті емес пе. Ендеше, Қазақстанның гүлденуі үшін әрқайсымыз үлес қоса берейік.
Төлеген ЕКІМБАЕВ, шаруа қожалығының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері. Шығыс Қазақстан облысы.