Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгияға сапары аясында ел Королі Филиппен кездесті. Сондай-ақ Еуропаның іскер топтар өкілдерімен жиын өткізді.
Бельгия Королімен әңгіме барысында Мемлекет басшысы екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Н.Назарбаев Қазақстан мен Бельгияны әуелден өзара түсіністік пен құрметке негізделген достық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
Әріптестіктің аясы кең
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ елімізде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді.
Іс-шараға модераторлық еткен «Тоталь» қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстан – Франция іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррер Елбасы Н.Назарбаевқа Еуропадағы кәсіпкерлердің басын қосып, жиын өткізгені үшін алғысын жеткізді.
«Құрметті Президент мырза. Уақыт тауып бізбен кездесуге мүмкіндік тапқаныңыз үшін жиынға қатысып отырған кәсіпкерлердің бәрі Сізге алғысын айтады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық байланыстың орнауына 25 жыл толғанын атап өтіп отырмыз», деген И.Даррикаррер осы 25 санының символикалық мәнге ие екенін атап өтті.
Мәселен, іс-шараға 25 компанияның өкілдері келіпті. Олардың бәрі Қазақстанға 20 миллиард доллардан астам инвестиция құйған екен.
«Жиынға қатысып отырған компаниялардың басым бөлігі Қазақстанда белсенді жұмыс атқарды. Қалғандары үлкен жобаларын ұсынып отыр. Компаниялардың бәрі Қазақстандағы жұмысын жалғастыруға, белсенділігін арттыруға мүдделі», деді И.Даррикаррер.
Бұдан кейін сөз алған Елбасы Еуропа елдері Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция салаларындағы маңызды серіктестері саналатынын атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Еуропадан 180 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция тартылды. Біз Еуропа Қайта Құру және даму банкімен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Осы жылдар ішінде бұл банк жалпы құны 7 миллиард еуродан асатын жобаларды қаржыландырды», деді Президент.
Сондай-ақ соңғы жылдары Еуропа елдерімен тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтып, Қазақстанда Еуропа капиталының қатысуымен түрлі салаларда 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.
«Біздің серіктестеріміздің қатарында «Альстом», «Линде Груп», «Эр Ликид», «Данон», «Викат», «Хайдельбергцемент» сияқты ірі компаниялар бар. Бұлар жемісті жұмыс жүргізіп, заманауи өндірістер құруда, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс тауып отыр», деді Н.Назарбаев.
Инвесторларға жасалған қолайлы жағдай
Мемлекет басшысы Еуропа өнімдерінің тұтыну нарығын кеңейту аясында бизнесмендерге еліміздің географиялық жағдайының артықшылықтары туралы айтты.
«Қазақстан арқылы Қытай мен Азияның басқа елдерін Ресей, Каспий теңізі және Қара теңіз, сондай-ақ Иран мен Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 темір жол және 6 автомобиль жолы өтеді. Енді Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жөнелтілетін жүк тасымалы теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады», деді Президент.
Бұдан кейін еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызу мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі саналады және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Біздің елімізде Президент жанындағы Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Оған мүше болып отырған 33 шетелдік компанияның 13-і – Еуропа өкілдері. Бізде 66 елдің, соның ішінде Еуропаның 33 елінің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы экономика саласын цифрландыру мен инновациялық экожүйені дамытудың маңыздылығын атап өтіп, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды.
«Біздің елде Назарбаев Университет және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа «Астана Хаб» халықаралық технопаркі іске қосылады. Оны әлемнің ІТ-кәсіпкерлері мен инвесторларын тартатын тұтас инфрақұрылымға айналдыру көзделіп отыр. Технопарк жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза мен еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық жеңілдіктері де ұсынылады», деді Н.Назарбаев.
Ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды
Сонымен қатар Қазақстанның ірі компанияларының ІРО-ға шығуы және мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында ынтымақтасуы тұрғысынан еуропалық инвесторлар әлеуетінің маңызды екенін айтты.
Елбасы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру және ауылшаруашылық өнімдерін келешекте экспортқа шығару мақсатымен қайта өңдеу бұл саланың негізгі басымдығы болып саналатынын жеткізді.
«Біз туризмді өркендетуге зор мән береміз. Бізде Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылады. Қазақстанның алуан түрлі ландшафты, бай мәдениеті мен тарихы және осы саладағы еуропалық компаниялардың мол тәжірибесі өзара пайдалы болар еді деп ойлаймын», деді Президент.
Сондай-ақ Н.Назарбаев жиынға қатысушыларға ЭКСПО көрмесінің инфрақұрылымы базасында жұмыс істейтін және еліміздегі әрі өңірдегі «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетін «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты таныстырды.
«Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл – қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Сіздердің компанияларыңызды осы қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырамын», деді Елбасы.
Қазақстанға қызығушылық зор
Осыдан кейін сөз алған «Дойче Банктың» орталық және шығыс Еуропа елдері бойынша кеңесшісі Питер Тильс Қазақстанмен ынтымақтастықтың тамыры тереңге кеткеніне тоқталды.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуші мемлекет екені белгілі. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасады. Астанада ашылған Халықаралық қаржы орталығы инвестиция тартуға, әлем елдерімен ынтымақтастықты нығайта түсуге көмектеседі. Сондай-ақ орталықтың ашылуы Еуропа мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің болашағы кең екенін анық көрсетеді», деді П.Тильс.
Ал «Қашаған» кен орнының 16,81 пайызын иеленетін Royal Dutch Shell компаниясының барлау және өндіру бойынша жетекшісі Эндрю Браун Қашаған мұнай кенішінің жұмысы белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтіп, туындаған мәселелердің бәрі шешімін тапқанын жеткізді.
Сонымен қатар алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс жалғаса беретінін айтты. «Шелл компаниясы Қазақ еліне әлі де миллиардтаған доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр. Өйткені Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған», деді Э.Браун.
Бұдан кейін бірқатар еуропалық компаниялардың өкілдері сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстың жемісті екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанда кәсібін жалғастыруға ынта танытты.
Жиын барысында Елбасы туындаған сұрақтарға жауап беріп, Қазақстанда шетелдік инвесторларға тең құқық берілетінін атап көрсетті. Сондай-ақ кез келген мәселені талқылап, шешімін табуға Қазақстан тарапы әзір екенін мәлімдеді.
Соңында Мемлекет басшысы бұл кездесудің елдеріміз арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіріп, қатысушылардың бәріне табыс пен бақ-береке тіледі.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Халықаралық сауда орталығы ассоциациясы басқарма төрағасының орынбасары Рольф Драакпен және Nest Investments HOLDINGS компаниясының корпоративті қызметтер жөніндегі директоры Мехрат Эфтехармен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Ассоциация арасындағы әріптестіктің даму бағыттары талқыланды. Әсіресе, әлемдегі алпауыт корпорациялар мен қаржы институттарын Қазақстанға әкелу, халықаралық іскер тобы орталығы ретінде еліміздің рөлін арттыру және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің кешендерін пайдалану мәселелері сөз болды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» – Брюссель (Бельгия)