Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Франция Президенті Эммануэль Макронмен кездесті. Сондай-ақ «Азия – Еуропа» форумының (АСЕМ) XII саммитінің ашылу салтанатына қатысты.
Франция Президентімен келіссөздер барысында саяси қарым-қатынасты тереңдету мәселелері, сауда-экономикалық ықпалдастық пен білім және ғылым саласындағы әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы сөзінде Қазақстан мен Франция арасындағы байланысты жалғастырып, оны жаңа деңгейге көтерудің маңызына тоқталды.
«Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 26 жыл толды. Осы уақыт аралығында құқықтық-келісім базасын жасақтадық. Сондай-ақ стратегиялық серіктестік жөнінде келісіміміз де бар. Екі ел арасындағы тауар айналымы 5 миллиард долларға жетуі мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстанда көптеген француз компаниялары табысты қызмет етіп келеді», деді Елбасы.
Өз кезегінде Франция Президенті Э.Макрон Н.Назарбаевпен жолыққанына қуанышты екенін жеткізді.
«Мен президенттік қызметіме кіріскеннен бері алғаш рет кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Биыл стратегиялық серіктестігімізге 10 жыл толды. Сізбен кездесіп, пікіріңізді біліп, көкейкесті мәселелерді талқылаудың маңызы зор», деді Э.Макрон.
Әңгіме барысында екі елдің басшылары Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты байланысты нығайтуға ықылас танытты.
Франция Президентімен кездесуден кейін Елбасы «Азия – Еуропа» форумының (АСЕМ) XII саммитінің ашылу салтанатына қатысты. Саммит «Еуропа мен Азия: жаһандық сынақтар алдындағы жаһандық әріптестік» тақырыбы аясында, екі пленарлық сессия бойынша жүргізіледі. Жиын барысында қаржы-экономикалық мәселелер мен жаһандық сынақтар талқыланбақ. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық түйткілдерге қатысты бейресми пікір алмасулар өтеді.
Қол алысу рәсімінен кейін мемлекет басшылары дөңгелек үстел өткізді. Жиынды ашқан Еуропалық кеңестің Президенті Дональд Туск құрметті қонақтарға Еуропаның бейресми астанасы Брюссельге келгені үшін алғыс айтты.
«АСЕМ – Еуропа мен Азияны жақындастыратын, елдер мен аймақтар арасындағы қауіпсіздік пен дамуды нығайтатын форум. Тіпті, бүкіл әлемге оң ықпалы бар жиын деуге келеді. Форумға мүше мемлекеттер әлем халқының 60 пайызын құрайды, жаһандық экономиканың 65 пайызы, әлемдік туризмнің 75 пайызы бізге тиесілі. Осынау таңғаларлық алып күшті сауда шиеленісі, климат өзгеруі әсерінің артуы, қоғамымызды жікке бөлетін әрекеттер секілді жаһандық сынақтармен күресуге жұмсауымыз керек», деді Д.Туск.
Бұдан кейін Еуропалық кеңес Президенті бірлесе жұмыс істегенде ғана жаһандық сынақтарға қарсы тұру нәтижелі болатынын атап өтті. Сондықтан Еуропа мен Азия елдері бірлескен мақсатта күш жұмылдыруы қажет. Бұдан кейін Д.Туск саммит жұмысы барысында талқыланатын мәселелерге тоқталды.
«Әйтсе де, қандай мәселені талқыласақ та, біздің іс-қимылымыздың ережеге бағынуы маңызды екенін түсінуіміз қажет. Өйткені ережеге сүйенген шешім ғана халықтарымызды ұзақ мерзімде қорғап қалады. Кімде-кім ұшқары іс-шара қабылдауға талпынса, ағат басатыны анық. Егер ереже болмаса, әлемде берекетсіздік орнайтын еді. Сондықтан өз ерекшеліктерімізді ескере отырып, ортақ болашақ үшін оң шешім қабылдайтынымызға сенімдімін», деп сөзін түйіндеді Д.Туск.
1996 жылы құрылған бұл форумның басты мақсаты – Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Қазіргі таңда АСЕМ форумы саясат және қауіпсіздік, экономика және қаржы, білім және әлеуметтік-мәдени сала бағыты бойынша жүргізіледі.
Ұйымға әлемнің 51 елі мүше. Оның 30-ы еуропалық болса, қалған 21-і азиялық мемлекет. Қазақстан АСЕМ құрамына 2014 жылы енді. Содан бері еліміз форумның жиындарына әрдайым қатысып келеді.
Форум жұмысы барысында Азия мен Еуропа арасындағы сауда және инвестицияны арттыру, өзара байланысты кеңейту, тұрақты даму және климаттың өзгеруі мәселелері сөз болады.
Бұдан бөлек, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, қауіпсіздікті нығайту бойынша келіссөздер жүргізілмек. Саммит қорытындысы бойынша АСЕМ төрағасының мәлімдемесі қабылданады. Форумның келесі жұмысы 2020 жылы Камбоджада өтеді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» – Брюссель (Бельгия)