Атырауда жыл басынан бері бос жұмыс орындарының 7 жәрмеңкесі өтті. 70-тен астам мекеме мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде, 130 жас қана мамандықтары бойынша еңбекке араласты. Бұл жастар жұмысқа мұқтаж емес дегенді білдірмейді. Облыс бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,2 %. Алайда жәрмеңкеге барған жастардың дені жалақысы көп қызметке қызығушылық танытады. Тіпті оқу орнын енді бітірген, ешқандай тәжірибесі жоқ жас та айына 40-50 мың теңге төлейтін жұмысты місе тұтпайды.
Облыс әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев осы мәселеге назар аударды. «Алдына мақсат қойған әрбір жас ұсынылған қызметтен бас тартпай, еңбекке құлшына кірісуі керек. Қызмет ете жүріп, білімі мен біліктілігін арттыруы да маңызды», деді облыс әкімі. Жап-жақсы басталған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын да жетілдіру керек секілді. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Роллан Құспанның айтуынша, осы бағдарламамен ауылға барған жастардың 70%-ы қалаға қайтып келген. Себеп – әлеуметтік қолдау шаралары көңіл көншітпейді. Бір жолғы көтерме ақының мөлшері төмен. Тұрғын үй алуға берілетін бюджеттік несие де ауылдан жаңа үй алуға жетпейді. Өткен жылы тұрғын үй несиесін алуға өтініш білдірген 125 жас маманның 48-і ғана баспаналы болған.
Аймақта мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, іс бастауға ниетті жастар көп, алайда оған қол жеткізу де оңай емес. Бибігүл Шайхиева жетекшілік ететін «Алақай» балалар театры мен Әміржан Нұрланның «Жастар театры» жақсы жобаларды қолға алып жүр. Жастардың таланттарын шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне бағытталған бұл театрлардың нақты жұмыс істейтін ғимараттары жоқ. «Екі миллион теңге несие сұрап барғанымда, кепіл талап етті. Менің кепілге қоятын мүлкім болмай тұр. Жастар арасында бизнесті дамыту туралы мінберлерде әдемі сөздер айтылады, бірақ іс жүзінде қиындық бары рас», дейді Бибігүл Шайхиева.
Жастарды тұрғын үймен қамту мақсатында қолға алынған «Жас отау» бағдарламасы да тұралап қалды. «Құрылысы жергілікті бюджет есебінен салынатын «Жас отау» бағдарламасы бойынша тұрғындар пәтердің алғашқы жарнасын төлеуі тиіс. Ал бүгінде баспанаға қолы жетіп, қоныстанып алғандардың 40%-ы бұл төлемдерді өтемей отыр. Ұйымдастырылған конкурстан өтіп, тұрғын үй алған азамат шартта көрсетілген өтемдерді төлеп, бұл қаржыға бағдарлама арқылы келесі үй салынуы қажет болатын. Өкінішке қарай «жасотаулықтардың» осы әрекеті бағдарламаны жалғастыруға кедергі болуда», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Адамның қалыптасуына қоғамның, ортаның ықпалы болғанымен, басты тәрбие көзі – отбасы. Жыл басынан бері 14-16 жас аралығындағы 600 жасөспірім қыздың жүкті екендері анықталды. Бұл арнайы орындарда есепке тұрғандары ғана. Мұндай мысалдар отбасы институтын әлі де жетілдіріп, оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарын күшейту керек-тігін көрсетеді.
Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастар саясатын дамыту бойынша жаңа идеялар мен жоспарлар бар. Облыстың «Жол картасы» әзірленуде, онда жастармен жұмыс істеудің стратегиялық бағыттары айқындалған. Жиында өңір басшысы жастар ресурстық орталықтарын одан әрі қолдау жөніндегі ұсыныстарды мақұлдап, әкімдерге орталықтарды барлық деңгейдегі қажеттіліктермен қамтамасыз етуді тапсырды. Облыс орталығында, барлық ауданда ресурстық орталық бар. Жастарға нақты көмек көрсететін орынға айналып үлгерген орталықтарға жыл басынан бері түрлі мәселе бойынша 1,8 мыңнан астам адам өтініш білдірген.
Жақсылыққа талпынған жас үшін қазір мүмкіндік көп. Жергілікті атқарушы билік те жастардың бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Атырау қаласында Жастар сарайының, шығармашылық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Олар пайдалануға берілген кезде жобаларын жүзеге асыруға ғимарат іздеп, бас қосатын орын табу проблема болып жүрген жастарға көп жеңілдік болары анық.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау