Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақында жарияланған Жолдауы өзінің мазмұны жағынан ғылыми тұжырымдалуымен және өміршең талаптар қоюымен ерекшеленіп отыр. Жолдауда қысқа мерзімдік тактикалық міндеттер мен ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар арасалмағы әрбір кезеңде стратегиядан тактикаға көшуді барынша ыңғайлы етудің креативті жолдарын көрсетуімен ерекшеленеді.
Тұрақты дамуға бастайтын маңызды қадам
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев елдің тұрақты дамуына ерекше назар аударып отыр. Бұл Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында анық көрінеді. Онда Қазақстанның қазіргі жағдайдағы даму бағыттары айқындалған.
Президенттің тапсырмалары ең алдымен халықтың әл-ауқат деңгейін арттыруды мақсат етеді. Елбасы адами капиталды білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларын қолдай отырып қамтуға ден қойып отыр. ІЖӨ-нің 10%-ын әлеуметтік салаға бағыттау еліміз халқының әл-ауқатын жоғарылатуға септесетіні күмәнсіз.
Біздің қоғамдағы шешімін көптен күткен мәселелердің бірі – адами капиталды қалыптастыруға өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген жандардың беделін көтеру. Президенттің «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жайлы шешімі ұстаздарға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге, педагог мамандығына деген құрмет пен сыйластық дәстүрін қайтаруға жол ашады. Онымен қоса, жоғары оқу орындарындағы кәсіби кадрлардың сапасына деген талап күшейеді. Әсіресе бүгінде инновациялық кәсіпкерлік бойынша мамандар дайындау өзекті болып отыр.
Елбасының өте маңызды тағы бір тапсырмасын атағым келеді, ол – халық тұтынатын тауарлармен айналысу, қарапайым заттар экономикасын дамыту және ішкі нарықты отандық өнімдермен толтыру. Бұл халықты экономиканың тұрақтылығында әрі жалпы қоғамды ілгерілетуде маңызды фактор болатын шағын және орта бизнестің өрісін кеңейтуге атсалысуға ынталандыратыны анық. Осыған байланысты елімізде ғылымды қажет ететін өндіріс бойынша шағын инновациялық кәсіпорындарды құру міндеттері айрықша өзектілікке ие.
Президент Жолдауы – бұл әр адамды игілікке жетелейтін сындарлы, заманауи жоспар. Ондағы көрсетілген кешенді шараларды жүзеге асыру Қазақстанды әлемдегі өмір сапасының жоғары стандарттары бар жетекші мемлекеттер қатарына қосуға мүмкіндік береді.
Ғалым МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик
Табысты елдің алар асуы биік
Жолдауда Тәуелсіздіктің аз ғана мерзімінде біз заман сындарына жауап беретін экономикасы өркенді дамып келе жатқан прогрессивті мемлекет құра білдік, онда қоғамдық келісім мен бейбітшілік толық қамтамасыз етіліп, қазақстандықтардың күнделікті өміршең сұраныстарын қанағаттандыратын конституциялық және саяси реформалар жүзеге асып, сапалы және тарихи құрылымдық өзгерістер жасалды.
Осының арқасында Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықтың алдында және аймақ көлемінде күрделі халықаралық мәселелерді шешетін сенімді серіктес ретінде танылып, Астана өзін халықаралық үнқатысу алаңы ретінде көрсетіп келеді. Осы қысқа мерзімде Қазақстан халқының толайым еңбегінің арқасында үлкен сенімге ие болған еліміз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізді.
Жасампаз еңбектің арқасында өмір сүрудің сапалы жаңа әлеуметтік-экономикалық негізі қалануына сай осы қысқа мерзімде еліміздегі халық санының 18 миллионнан асуы, Еуразияның қақ жүрегінде ғажайып арман-қаланың қаржы-іскерлік, инновациялық және мәдени орталығына айналған Астананың салынуы таңдаған бағытымыздың дұрыстығын айшықтап тұр. Қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық даму моделінде ерекше ден қойылатын бағыт демократиялық даму жолына түскен елдердің арасында кіші және орта бизнестің даму деңгейі болып саналады. Мұны Елбасымыз «...Дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша 190 мемлекеттің арасында бизнес жүргізуден Қазақстан 36-орынға көтерілді», деп мақтанышпен айтып өтті.
Осындай жетістіктер рухани тұрғыдан жаңғырған, «Мәңгілік ел» идеясымен жігерленген елімізге 2050 жылға қарай стратегиялық мақсат – әлемнің отыз дамыған елінің қатарына кіруіміз керектігі туралы Елбасының нақты айтуына мүмкіндік беріп отыр.
Президент әлем жедел өзгеруде, өзгерместей көрінетін көптеген мәселелер – халықаралық сауда тәртібі ережесі, жаһандық қауіпсіздік жүйесі жылдам қарқынмен құбыла түсіп, түрлі жаңа қауіптер мен сынақтарға төтеп беретін мемлекет құруымызды талап етіп отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, өмір Қазақстанның алдына заман талабына сай жаңа технологияларға, роботтандыру мен автоматтандырылған еңбек қорларын жасау арқылы адами капиталды жаңғыртуға негізделген міндет қойды. Әлемдік қаржы-экономикалық қатынастар түбегейлі өзгерістерге ұшырап, экономиканың дамуында дағдарыстар циклының арасы қысқарып келе жатыр. Осындай жағдайда мемлекеттің табыстылығы мен қоғамның басты байлығын адами капиталдың сапасын, қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін, әл-ауқатын көтеру арқылы өлшеуге болады. Сондықтан Елбасы Жолдауында «Тұрғындар табысының өсімі» деп бекер айтылып отырған жоқ. Бұл міндеттің өзі бұрынғы бірқатар жарияланған құжаттардан туындайтыны айқын байқалады. Елбасының кезінде жариялаған «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Ұлт жоспары», «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «Мәңгілік ел» идеялары бүгінгі жобада айтылған. Жалпы, бұл еңбек қоғамын жасай аламыз деген ойға әкеліп тірейді.
Әлемдік қаржы-экономикалық түйткілдер әлі жалғасуда. Айналамыздағы кейбір елдерге экономикалық санкциялар салынып жатыр. Олардың біздің елімізге де салқыны тиері анық. Солай бола тұрса да, Жолдауда Қазақстан Үкіметіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейтіп, 28 мыңнан 42 мың теңгеге көтеру талабы қойылып отыр. Мұның 1,5 миллионға жуық адамды қамтитынын ескерсек, бұл – еңбекке жарамды адамдардың әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз.
Қазақ халқының «Ораза-намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта» деген мақалында айтылғандай, әлеуметтік жағдайы жоғары, тұрмыс деңгейі биік адам ғана толайымды, көтеріңкі көңіл күймен еңбек етіп, заман үдерістерінің сұранысына сай рухани жаңғырып отыра алады. Сондықтан бұл Жолдау Елбасымыздың халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді өз саясатының ең басты бағыты етіп алғанын көрсетеді.
Жолдаудың екінші бөлімі өмір сүру сапасын жоғарылату деп аталып, онда халықтың әл-ауқатын арттырудың екінші бағыты білім, денсаулық, тұрғын үй және жайлы да қауіпсіз жағдайда өмір сүру сапасының жақсаруы деп айтылды. Алдағы бес жылда білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 10 пайызын құрайды деп белгіленген. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, осы талап жүзеге асқан жағдайда Қазақстан бұл салаға көңіл бөлу және қаржыландыру тұрғысынан әлемдік жетекші елдердің тобына жетіп қалады. Елбасының Жолдауда берген тапсырмалары мектепке дейінгі, орта мектеп және жоғары мектеп мәселелерін толық қамтиды. Әсіресе ұстаздар қауымының көңілінен шығып отырған мәселе «Педагог мәртебесі туралы» заңды дайындап, қабылдау керек деген тапсырмасы болды. Бұл барлық деңгейдегі ұстаздар қауымының көптен күткен мәселесі еді.
Жолдауда көп назар аударылған жайт жоғары оқу орындарының мамандар дайындау мәселесінде сапаға баса көңіл бөлуі керектігі туралы болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында білім саласында жүргізілген реформаларға байланысты ЖОО саны көбейгені белгілі. Ендігі жерде мәселені олардың санын көбейту емес, сапасын арттыру арқылы шешу керектігіне назар аударылды. Заман талабына сай емес жоғары оқу орындары қысқартылып, білім нарығында жоғары сапаны қамтамасыз ете алатын жоғары оқу орындары ғана қалу керек.
Елбасы Жолдауының соңғы бөлігінде әрбір қазақстандық елімізде жүріп жатқан өзгерістерге түбегейлі түрде қатысып, бәрімізге ортақ идеялардың төңірегінде бірігіп, «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығару» қажет екендігін баса ескертті. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халық тарапынан кең қолдау тауып, қоғамымыздың жаңғыру үдерісіне күшті серпін беріп отырғандығын айта келе, оны заман талабына сай жаңа мазмұнмен байытудың қажет екендігін ескертті. Бұл мәселе алдымен жастарды қамтитынын, отбасы институты мемлекеттік саясаттың басты басымдығының бірі екенін көлденең тартып, алдағы жылды «Жастар жылы» болсын деді. Осы орайда ауылдық аймақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырта отырып, «Ауыл – ел бесігі» деген жаңа жобаны іске қосуымыз керек екенін атап көрсетті.
Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жоғарыда аталған міндеттерге сай жұмыстарды бастап кеттік және ұдайы жүргізіп жатырмыз деп айта аламыз.
Университеттің Қоғамдық сананы жаңғырту кеңсесінің ұжымы университет педагогтарымен бірге Елбасының Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған Жолдауын көтеріңкі көңіл күймен қабылдап, оны жүзеге асыруға белсенді үлес қосуға дайын.
Жобалық кеңсе құрылған қысқа мерзімде мәселелер көптеген бағдарламаға қатысты жоспарланып жүйелі түрде іске асырыла бастады. Нәтижесінде аймақтық жоғары оқу орындары арасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр. Кеңсе жоспарына сай жүзеге асырған жұмыстарымыз Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі тарапынан жақсы баға алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының қатарында тұрмыз. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қырықтан аса кіші жоба жасалып, ұсынылды. Жұмыспен университеттің барлық жоғары мектептері мен факультеттері, кафедралары толық қамтылып, бұл іске профессорлық-оқытушылар құрамы да белсенді үлес қосып отыр.
Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасының доценті
Әлеуметтік сала қашанда назардан тыс қалмайды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бұған дейінгі Жолдауларда айтылған Президент идеяларының векторларын нақтылайды.
Ғылым саласын өркендету, ел экономикасын технологияландыру, шағын бизнесті ынталандыру, адами капиталды дамыту, құқық қорғау жүйесін реформалау, мемлекеттік басқаруды жетілдіру қажеттілігі туралы мәселелер өте өзекті болып отыр. Дегенмен де биылғы Жолдау алдыңғы Жолдаулардан әлеуметтік салаға айқын басымдық беруімен ерекшеленеді.
Президент атап өткендей, барлық мемлекеттік органдар қызметінің негізгі мақсаты қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру болуы тиіс. Елбасы ұсынған бұл стратегиялық құжаттың негізгі идеясы осы тұжырымдаманың айналасында өрбіді.
Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу шеңберінде Президент адами капиталды дамытуға көңіл бөлуді ұсынады.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап білім беру саласын толықтай қайта жаңғырту міндеті қойылды. Қазіргі таңда адамның өз әлеуетін толық жүзеге асыруы үшін тек қана кәсіби шеберліктің жеткіліксіз болатынын бүкіл әлем мойындап отыр. Заманауи маманның бойында 4 түрлі қабілет болуы тиіс: сыни ойлау, креативтілік, коммуникация және кооперация дағдылары. Бұл қабілеттерді жастайынан бойға сіңіру маңызды.
Мектептегі білім беру әдістемесі төңірегіндегі мәселе түпкілікті шешімін табады деп ойлаймыз. Назарбаев зияткерлік мектептері орта білім беру жүйесінің алдыңғы шебінде келеді десек болады. Осы мектептерде жаңа әдістемелерді сынақтан өткізіп, оң нәтижелер алынғаннан кейін, бұл тәжірибе Қазақстанның барлық мектебіне таратылатын болады.
Президент әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелерді жиі қозғап келеді. Олардың арасында, мысалы, азық-түлік пен медициналық препараттардың сапасын бақылау, коммуналдық қызметтердің қымбат болуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымның дамымауы, мемлекеттік қызметшілерге арналған тұрғын үй сертификаттары жүйесі секілді мәселелер бар. Менің ойымша, бұл – Президент барлық жағдайды қадағалап отырғандығын білдіреді.
Өңірлік басшылар алдында да үлкен міндеттер тұр. Президенттің тапсырмасы шеңберінде барлық типтегі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар әзірленеді. Стандарттар әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктің, көліктік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің нақты көрсеткіштерін қамтитын болады.
Аумақтық дамудың осындай тактикасы Сингапурда белсенді қолданылып келеді. Айта кетерлігі, Сингапур таланттарды елге тарту рейтингі бойынша 2-орынды, ал өмір сүру жайлылығы бойынша 25-орынды иеленеді.
Инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құралдары да пайдаланылатын болады. Бұл өз кезегінде өңірлердегі инвестициялық іскерліктің дамуына және өмір сүру деңгейі бойынша өңірлік теңсіздіктің төмендеуіне түрткі болады.
Жалпы, Елбасының Жолдауы бір жағынан, қазақстандықтардың негізгі сұрауларына жауап береді, екінші жағынан, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру бағытында сенімді қозғалуына ықпал етеді.
Ержан САЛТЫБАЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының директоры