Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің қорытындысын баяндады. Сондай-ақ министр Президент Жолдауын іске асыру барысы туралы айтты.
Таяуда Дүниежүзілік экономикалық форум 2018-2019 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің жыл сайынғы рейтингін ресми түрде жариялаған болатын. Онда Қазақстан 140 елдің ішінде 59-орынға табан тірегені көрсетілген. Бұл көрсеткіш былтырғы деңгеймен сәйкес.
Айта кетерлігі, бәсекеге қабілеттілік факторының аясында Қазақстандағы «Тауарлар нарығы», «Инфрақұрылым», «Еңбек нарығы», «Қаржылық жүйе» сынды бағыттар оң бағаланды. Сонымен қатар еліміз 2017 жылмен салыстырғанда 0,7 балға жоғарылап, жалпы көрсеткіш 61,8 бал құрады. Бұл нәтиже арқылы Қазақстан тізімдегі Колумбия, Түркия, Перу сынды елдерден оқ бойы озық тұр.
Дүниежүзілік экономикалық форум Қазақстанды «Еңбек нарығы» бойынша 30-орынға, «Бизнестің қарқындылығы» бойынша 37-орынға, «Нарық көлемі» бойынша 45-орынға, «Білім және дағдылар» бойынша 57-орынға, «Тауарлар нарығы» бойынша 57-орынға, «Институттар» бойынша 61-орынға, «Макроэкономикалық тұрақтылық» бойынша 62-орынға, «Инфрақұрылым» бойынша 69-орынға лайықты деп тапты.
Жиында Т.Сүлейменов бәсекеге қабілеттіліктің жекелеген бағыттары бойынша одан әрі өсу үшін Үкімет бірқатар пәрменді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»